ДЕРЕКТЕРДІ НЕГІЗСІЗ ТҮЗЕТУ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА АПАРАДЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысы білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге байланысты жиын өтті. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Н.Арынбаев, облыс әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Б.Тәжібаев, облыстық білім басқармасының басшылығы, 17 қалалық/аудандық білім бөлімдері басшылары мен бас есепшілер қатысты.
Жедел кеңесте білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында Swift файлдарын негізсіз түзету фактілерін болдырмау жайы сөз болды. Ол үшін білім басқармасы басшысының бұйрығымен («өлі жандарға» төлемдер, бірнеше тұлғаға 1 шотты бекіту, бір алушының деректерін бірнеше рет қайталау) қазынашылық есептер мен бухгалтерлік есеп жүйелерін ай сайынғы салыстыру алгоритмі мен жауапты тұлғалар бектіліп отыр. Сондай-ақ департамент пен білім басқармасының, қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит және қазынашылық комитеттері тарапынан жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, білім беру саласында бюджет қаражатын жымқыру фактілерін болдырмау, бухгалтерлік ақпараттық жүйе бойынша білім беру мекемелерінде қолданылып жүрген нормаларды сақтау, қызметкерлердің дербес деректерін дұрыс енгізумен қатар, цифрлық бухгалтерияны қолдану арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жолдары мен бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесінің жұмыс принциптері түсіндірілді.
Өңірде бухгалтериялық есеп-қисаптағы сыбайластықты жою мақсатында есептеу жүйесін автоматтандыру үшін бірыңғай цифрлық есеп пилоттық жобасын іске асыруға «Фаворит» және «1С» бағдарламалары енгізілген . Пилоттық жоба Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының білім ұйымдарының бухгалтериясында іске асуда. Осы арқылы жалақының қолданыстағы заңға сәйкес есептелуі, белгісіз тұлғаларға қаржы аударылу тетіктерін жолын кесіп, ұлттық білім беру деректері базасымен (НОБД) және өзге де жүйелермен интеграцияланды.
Бүгінгі таңда, Түркістан облысының білім басқармасына қарасты 1365 білім беру ұйымында 1606 бухгалтер-экономист пен қаржы мамандары еңбек етеді.