ДРОППЕРЛІК ӘРЕКЕТ – ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ НЕГІЗГІ ӘДІСТЕРІНІҢ БІРІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Енді қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізіліп, «дропперлік» деген термин қолданылатын болады. 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа 232-1-бабы енгізілді. Бұл жөнінде Шымкент қаласының Полиция департаменті өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында түсініктеме беріп отыр.

Бұл дропперлік деген қандай әрекет? Бұл әрекет – негізінен қаржылық әрекеттермен байланысты қалыптасқан түсінік. Банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеттері дропперлік болып саналады.

Бұл дропперлік әрекет – интернет-алаяқтықтың негізгі әдістерінің бірі, және ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шығару үшін қолданылады.

Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай 232-1-бап айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Аталған норма кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күресті, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуды және цифрлық ортада әрекет ететін қылмыстық топтардың қызметін тоқтатуды көздейді.

Айта кетсек, қолданыстағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізіліп отырған жаңа 232-1-бабында «дропперлік» түсінігі, яғни банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру әрекеттері үшін құқықтық жауапкершілік қаралған. Бұл бапқа сәйкес, қылмыстық әрекетке қатысу дәрежесіне қарай жауапкершіліктерге бөлінеді:

1) Өз шоттарыңызға немесе карталарыңызға заңсыз қолжетімділік бергеніңіз үшін – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

2) Үшінші тұлғалардың мүддесіне аударымдар немесе төлемдер жасағаныңыз үшін – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

3) «Дроперлікті жүргізуші» деп аталатын – өзге адамдардың деректерін қасақана қылмыстық схемаларда пайдалану үшін сатып алғандар үшін – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жауапкершіліктері қаралған.