Әлем елдері бүгінде түрлі ағымдар, соның ішінде діни ағымдардың адамның санасын жаулау арқылы екі түрлі мақсатты көздейтінін мойындап отыр. Біріншісі мол қаражатқа қол жеткізу болса, екіншісі — мемлекет мүддесіне нұқсан келтіру арқылы билікті басып алу. Халықаралық сарапшылар арасында радикализмнің қоғамда белең алуына әлеуметтік-экономикалық проблемалардың әсері болды деген пікірді ұстанатындар баршылық. Қазақстандық сарапшылар бұл пікірді жоққа шығармағанымен әлеуметтік-экономикалық ахуал діни ағымдардың қоғамға астыртын енуінің басты себебі бола алмайтынын айтады. Мәселен, экономикасы өркендеп тұрған Норвегияда 77 адамның өліміне және 240 адамның жарақат алуына себепші болған өткен жылдың 22 шілдесіндегі террорлық әрекетті әлеуметтік ахуалдың әсері деп түсіндіруге мүлдем келмейтіні анық.
Медет Халықов-теолог:
Алдымен ақша беріп арбайды. Байлық, билік, көрген түстей жұмақ өмір пешенесіне жазылғаны туралы уәдені үйіп-төгіп, өздерінің бірі етеді. Ондай оқиғалар қазір қазақстандық отбасылардың көбісін шырмап жатыр. Ата-аналар бұғанасы қатпаған, оң мен солын ажыратып үлгермеген балаларын ертіп апарып, өздері сондай ұйымдардың құрбаны етеді. Жалпы, дәстүрлi емес дiни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға жүрiп, көнетiн ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмiр жүргiзу болып табылады. Өздерi жұмыс жүргiзетiн ел халқының дiнiн, тарихын, әдет-ғұрпын, дiлi мен психологиясын терең зерттеп алады. Кез келген бiр адамды рудың, халықтың, не болмаса қандай да бiр ұйымның құрамдас бөлiгi ретiнде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейiмделгiш келетiнi белгiлi. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгерiп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән iс-әрекеттердi жасайтын болады. Оның сыры неде? Бейiмделгiш ұйымның ең түсiнiксiз жерi мынада: жеке тұлға, бiр топқа айналғаннан кейiн ортақ жүйеге, бiр мақсатқа бойұсынады. Осылайша, әрқайсысы дербес ойлау, әрекет ету қабiлеттерiнен айырылады. Жаңа күйге енедi. Бұрын өзiндiк идеясы мен сезу қабiлетi бар тұлғалар топ санатына енгеннен кейiн бiртұтас ұйымның мүшесiне айналады. Зерттеушiлер осы ұйымның iс-әрекетi мен психологиялық жағдайына да сипаттама бередi. Мәселен, ерiк жiгерi төмен жандар сыртқы күштердiң әсерiмен болған өзгерiстерге бейiмделгiш келедi. Дәстүрлi емес дiни ұйымындағыларды салқын санамен ойлау, ой қорыту қабiлетi мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз. Осы орайда, бейiмделгiш жанды ерекше қаһармандықты, не болмаса қатыгездiктi талап ететiн әрекеттерге оңай айдап салуға болады. Мұндай жағдайда, жүрексiну, тiптi өзiн-өзi сақтау инстинктiне де бағынбауы ықтимал. Себебi, ол өзiн шексiз күштi сезiнедi. Тағы бiр айта кетерлiгi, бейiмделгiш жандар аңғал, сенгiш келедi. Оларды алдап-арбау, қандай да бiр терiс мақсаттарға қолдану дәстүрлi емес дiни ұйым көсемдерi үшiн аса қиын шаруа емес.Себебi, жүйкесi ойлау қабiлетi зақымданған адамдар шындық пен өтiрiктiң арасындағы алшақтықты айыра алмайтындықтан, көсемдерiнiң айтқанына тез бой алдырады. Әрине, белгiлi бiр тұлғалардың айдап салуымен ашу-ызаға бой алдырған мұндай топқа қарсы келу, оларды жолынан қайтарам деу өте қауiптi екендiгi түсiнiктi. Демек, өзiңдi-өзiң қорғау үшiн солардың дегенiне көнуге тура келмек. Ескiшiл көзқараспен өмiр сүретiн, аңыз-әңгiмелерде айтылған жайттарды шындыққа балайтын дәстүрлi емес дiни ағым мүшелерi кез келген жаңашылдықты жақтырмайды, тiптi оны жек көруi де мүмкiн. Себебi, осы топ ықпалына түскен жандар үшiн ұйымдардың рәсiмдерi мен салт-дәстүрлерi бiрiншi орында тұрады. Қазір мектеп оқушылары арасында да дін мәселесі ушығып тұр. Соның бірі мектепке орамал тағып келу, сабақ уақытында діни жоралғыларды орындау, мектеп формасын сақтамау т.б. Ата Заңымыздың 30-бабында азаматтардың орта білім алуы міндетті екендігі айтылған. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктері туралы» Заңының 3 бап, 7 тармағында ешкімнің де өз діни наным сенімдеріне байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерді атқаруы тиіс, одан бас тартуға болмайтыны көрсетілген. Мектеп – ол оқушылардың білім алатын бірден бір орны, оның заңға сай талабы мен өз тәртібі бар. Өкінішке қарай, осы оқушылар арасында орамал тағатын жайттар кездесіп қалуда. Соңғы кездері ата-аналар да мектеп тәртібін сақтағысы келмей, балаларын діни киімдермен жіберіп жатқан оқиғалар тіркелді. Өз кезегінде бұл өзге ата-аналар мен балалардың наразылығын туындатады. Жалпы, хиджаб киюге тыйым салынған. Себебі, кез келген нышан мен элементтер дінді насихаттап тұрады. Заң алдында барлық дін тең, сол себепті зайырлы мемлекетте қандай да бір діндерге артықшылық бермейді. Айтпақшы, мектеп формасының тәртібін сақтауға тек орамал ғана жатпайды, білім ордасына сәнді және спорттық киімдер, әшекейлері бар көзге түсетін киімдерді де киюге болмайды. Форма деген ұғым осы аталған жайттарды реттеумен айналысады.
Сонымен Қазақстан тыйым салған діни ағымдар қандай?
Қазақстан тыйым салған ұйымдар
2004 жылдың 15 қазанында Қазақстанның Жоғары соты «Аль-Кайеда», «Шығыс Түркістанның Ислам партиясы», «Күрд халықтық конгресі», «Өзбекстанның Ислам қозғалысы» ұйымдарының мақсат-мүддесін террорлық бағытта деп танып, ел аумағында ұстанған ілімдерін таратуға тыйым салды.
«Конгра-Гель» деген атпен танылған «Күрд халықтық конгресі» Түркияның оңтүстік-шығысында тәуелсіз күрд мемлекетін құру туралы желеумен қарулы қақтығыстар жасаған әйгілі ұйым болып табылады. 1978 жылы құрылған ұйымға басшылық еткен А.Оджаланның ұзын құрығы қазақ даласына да қитұрқы әрекетін көрсетуге тырысып бақты. Бұған дейін бейқам билік бірден ел аумағында тыйым салынған ұйымдардың тізбесін жариялады. Олардың қатарында елдің жүздеген азаматтарын ырқына бағындырып үлгерген «Асбат аль-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы, «Боз гүрд», «Орта Азия моджахеттерінің жамағаты», «Лашкар-и-Тайба», «Әлеуметтік реформалар қоғамы» сияқты ұйымдар бар еді.
Одан кейін де әр жылдарда Қазақстан жапондық діни секта «Аум Синрике», «Шығыс Түркістанның ұлттық партиясы» сияқты ұйымдардың миссионерлік әрекетіне тыйым салды. Осылардың қатарында өздерін «Түркияның Ислам партиясы» деп танытқан ұйым содырлары 1994 жылы Түркияның туристік инфрақұрылымына қарсы терактілер ұйымдастырып, ел арасына ылаң салады, Жерорта теңізінің жағалауындағы курортты аймақтарда, жолаушылар пойыздарында туристердің зәре-құтын алады. 1996 жылы ұйым содырлары өз-өздерін жарып жіберу арқылы тұрғындар көп жиналатын орындарда қантөгіс жасайды.
2005 жылы өздерін «Түркістан жамағаты» деп атаған ұйымның мүддесін іске асырмақ болған содырлар ұясы Қазақстан аумағынан ұсталып, оның 8 мүшесі сотталды. Шетелдің арнайы қызмет органдарымен бірігіп, Қазақстан азаматтарын ұйымға тарту мақсатын көздеген басты екі тұлғасының көзі жойылды.
Ал шетелде құрылмай, Алматының Шонжы ауылында тұрып-ақ «Алля-Аят» қозғалысын ұйымдастырған Фархат Абдуллаев үшін бақсы-балгерге сенетін қазақты уысына арбап түсіру қиын болмаған. Мистикалық діни ағым болып есептелетін бұл ұйым дәстүрлі дінді жоққа шығарып, адамдарға «денсаулық сыйлаумен» айналысқан. Елімізде жүздеген адам өздерін «фархаттықпыз» деп атап, Алматыға қарай ағылып жатты. Өркениет ілгерілеген ХХІ ғасырда өмір сүретінін сезіне бермейтін сенгіш қазақ ішіне қулық жасырған «Алля-Аяттың» адамдарды өзіне құл ету үшін нейро-лингвистикалық программалау әдісін қолданғанын білмейді.
1997 жылы «Ақ жол» деген атпен пиғылын іске асырмақ болған «Ата жол» ұйымының басшысы Қыдырәлі Тарыбаев та «малым — жанымның садағасы» деп білетін қазақтың ең осал тұсын «Алля-Аят» сияқты дөп басып, қарапайым адамды ақысын төлесе қасиетті орындарды аралату арқылы әулиеге айналдыру туралы уәдесін үйіп-төгеді. «Ата жолдың» мүшелігіне өткен әр адам ауылына оралғаннан кейін өзін әулие сезініп, жұртты «емдей» бастайды. Олар «Ата жолдан» қайта-қайта «қуат алып қайту» үшін малын сатып, қыруар ақша төлеп отырған.
1953 жылы Сирияда Такиитдин Набхоний шейхтың ұйымдастырумен құрылған экстремистік діни-саяси «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы әлемнің көп елдерінде ылаң салғанын жұрт жақсы біледі. Тұрғындарды жаппай «мұсылмандандырып» «Халифат» құруға ұмтылған ұйым Қазақстанның әр түпкірінде экстремистік мазмұндағы кітаптары мен парақтарын таратып үлгерген.
Қазақстанда тек Ислам атын жамылған теріс ағымдар ғана емес, христиан дінінің де ұйымдары ерекше дабыл қақтыруда. Өздерін Иса пайғамбардың ізбасарларымыз деп көрсететін, алайда сан ғасырдан бері келе жатқан дәстүрлі шіркеуге қарсы ұстанымдағы ағымдар көбейді. Тек ақша табуды көздейтін олардың діни ілімі нақты мемлекет немесе халық тарихымен терең байланыспайды. Саналы түрде мемлекет пен қоғамдағы негізгі діндерге қарсы.
Мұсабек Ақтанберді, дін өкілі:
Көшеде кітап таратып, «Ежелгі Киелі жазбалар» туралы әңгімеге шақыратын уағызшылар бүгінде жаңа тәсілге көшкен. Олар енді бұрынғыдай кітапша, буклет таратпайды. Үгіттеушілер бұрын көше-көшені кезіп, үй-үйді аралап, діни парақшалары мен кітапшаларын тегін таратып, қарқынды әрекет жасады. Енді олар құпия астыртын «іске» көшкен сыңайлы. Қасыңызға келіп, планшет немесе телефон арқылы сайтын жарнамалап, әңгіме соңында сайттың адресі көрсетілген қағазды қолыңызға ұстатады. Телефоныңызды сұрап, рұқсат етсеңіз діни әдебиеттерді жүктеп береді.
Соңғы кезде елiмiзде дәстүрлi емес дiндер атауына ие болған көптеген дәстүрлi емес дiни ұйымдарға жұмыссыздар, өмiрден өз орнын таппағандар, рухани iзденiсте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, дәстүрлi дiндi терең бiлмейтiндер, әсiресе жастар олардың үгiт-насихатына тез iлiгуде. Өзiне құлшылық етушiлердi қоршаған ортадан оқшаулауға ұмтылған қатаң фанатизмдiк сипатқа ие дәстүрлi емес дiни ұйымдар өз қатарларында адамдарды күштеп, ұстап зорлық-зомбылық, қаржылық айла-шарғымен айналысуда, сонымен қатар құрықтарына iлiккен жандарды отбасылық байланыстардан үзу үшiн белсендi түрде жұмыс жүргiзуде. Қазақстанда түрлi дәстүрлi емес дiни ұйымдар саны барған сайын өсiп, бас-аяғы жиырма жылға жетпейтiн уақыт iшiнде “Сайентология шiркеуi” (статистикалық есеп бойынша: 2003 ж. – 1; 2008 ж. – 5; 2009 ж. – 4), “Кришнаны тану қоғамы” (статистикалық есеп бойынша: 2008 ж. – 12; 2009 ж. – 10;), Фархад атаның жолын қуған “үмбеттер”, “Ата жолы” (басқаша атауы “Ақ жол”), “Иегова куәгерлерi” (статистикалық есеп бойынша: 1990 ж. – 27; 2003 ж. – 100; 2008 ж.– 76; 2009ж. – 78),тағы да басқа толып жатқан дәстүрлi емес дiни ұйымдар (cтатистикалық есеп бойынша: 2003 ж. – 51; 2009 ж. – 44;), “Елуiншiлер” (статистикалық есеп бойынша: 1990 ж. – 42; 2003 ж. – 32; 2008 ж. – 48; 2009 ж. – 51) елiмiздiң түкпiр-түкпiрiн жаулап үлгердi. Көптеген отбасының шырқы бұзылып, түтiнi түзу ұшқан талай шаңырақ ортасына түстi.
Қазақстан территориясында «Киелі кітап» ілімін таратушылардың құрылуы ХХ ғ. 40-50 жж. болды. Олар кез-келген мемлекетті шайтанның қаруы ретінде санайды, оларға әскерде болуға, мемлекеттік әнұранды айтуға, сайлауларға қатысуға, ресми құрылымдарда қызметте болуға қатаң тыйым салынған. Қауымның мүшелері арасында ақсақалдар, діндар басшылары және т.б. ерекшелінеді. Қауым мүшелері міндетті түрде ерікті садақа төлеулері керек. Адам рухы мен жан дүниесін сиқырлап, тіпті өлімге дейін апаратын діни ағымдардың бой көтеруі қоғам үшін аса қауіпті болып тұр. “Біз саясатқа араласпаймыз” дейтін ағымның басты мақсаты – ақша мен билік қана. Алдымен жұмақ өмір пешенесіне жазылғаны туралы уәдені үйіп-төгіп, өздерінің бірі етеді. Ондай оқиғалар қазір қазақстандық отбасылардың көбісін шырмап жатыр. Ата-аналар оң мен солын ажыратып үлгермеген балаларын ертіп апарып, өздері сондай ұйымдардың құрбаны етеді.
Қазақ жеріне орныға бастаған, түп тамыры мен басқарушы кеңестері шетелде орныққан мұндай ұйымдардың қазір ұлтқа қарсы қандай астыртын уағыз-насихаттарын күшейтіп жатқанын әшкерелеу — қиын. Әр бір адам осындай сананы тез жаулағыш секталардың жетегінде кетпеу үшін келесі қағидаларды назарға ұстаса:
ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!
1.Діни ағымға жасөспірім өзі бармайды, оны қасындағы достары тартады.
- Сіздің балаңызға уақытыңыз болмауы мүмкін, ал жаңа таныстары қиын кезде қасынан табылады.
- Негізгі мақсаты – сананы толық өздеріне бағындыру, адам арқылы пайда табу.
САҚТАНЫҢЫЗ!
- Сізге немесе жақындарыңызға «Киелі жазбаларды» зерттеуді ұсынса;
- Үйіңізге келіп, келесі жолы тағы келетінін айтса;
- Жиналыстарына, кештеріне шақырса.
Егер аталған жағдайларға тап болсаңыз – республика бойынша қызмет атқаратын «Қауырт желі – 114» желісі мен Түркістан облысы Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығына» хабарласыңыз.
Республикалық қауырт желі нөмірі – 114.
https://turkystan.kz/, https://aqtobegazeti.kz/ материалдары пайдаланылды.