Діннің адамзат баласының өмірінде алатын орны айрықша. Әлемде сан мыңдаған діни сенім-наным, конфессия, дәстүрлі және әлемдік дін бар. Олардың пайда болуы, қоғамға ықпалы, ішкі канондары, өзара қарым-қатынасы, әлемдік және жергілікті саясатқа ықпалы, өзгелер тарапынан мойындалуы немесе танылуы бір-бірінен әрқилы және өзіндік айтарлықтай ерекшеліктері бар. Діннің адамды жақсылыққа, ізгілікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтін тұстары өте көп. Алайда діннің канондарын өзінің теріс мақсатына пайдаланып, сананы теріс манипуляциялау арқылы елді, қоғамды адастыруға тырысатын және іс жүзінде үлкен зорлық-зомбылық жасауға дейін жеткізетін топтар немесе жекелеген адамдар бар.
Адамзат баласы сан ғасырлар бойы діни радикализмнен зиян шегіп келеді. Діннің радикалды сипатқа ие болуы ол діннің түріне, атына байланысты емес. Сол дінді өзінің саяси, экономикалық, ұлттық, әлеуметтік сипаттағы жымысқы мақсатына пайдалануды көздейтін жекелеген топтар мен адамдарға байланысты. Діни пайымдар мен шарттарды радикалды мақсатта пайдаланудың соңы экстремизм мен терроризмге ұласып жататынын әлемдік жағдай көрсетіп келеді. Жалпы, әлемдік өркениеттер ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өмірлік құндылықтар мен тарихи оқиғалар аясында түзіледі. Ғасырлар бойы бір жерде қалыптасқан рухани құндылықтар, салт-сана, көзқарастың оңайлықпен өзгеріске түспейтіні айқын, өзгеріс болған күннің өзінде белгілі бір деңгейде рухани және қарулы қақтығыстардың орын алуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Өйткені үйреніскен, қалыптасқан құндылықтардың адам санасынан, қоғамдық өмірден оңайлықпен ажырамайтыны жасырын емес.
Әлемдік тарихта діни радикализм көріністері тек белгілі бір дінге ғана қатысты орын алған жоқ. Діни ксенофобия факторынан туындаған алапат соғыстар да аз емес. Оған VI-VIII ғасырлардағы араб шапқыншылықтары, одан кейін қарымта қайтару мақсатында пайда болған Реконкиста, XI-XV ғасырлардағы әйгілі Крест жорықтары, Еуропада орта ғасырдың соңында католиктер мен простестанттар арасындағы, сондай-ақ протестанттық ұйымдар арасында орын алған сансыз қақтығыстар, Отыз жылдық соғыс, Үндістан мен Пәкістан арасындағы кекілжің, ХХ ғасырда ушыққан және бүгінге дейін жалғасып келе жатқан Таяу Шығыстағы Палестина мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс, Израиль мен Иран арасындағы келіспеушілік, ислам дінінің ішіндегі шиіт, суннит сынды бағыттар арасындағы пікірдегі әралуандық пен қарулы қақтығыстар бұл сөзімізге айқын дәлел.
Қазақстанда этникалық құрамы жағынан қазақтар басым тұрғанымен өзге де этникалық топтардың аз емес екені белгілі. Олардың да өзіне тән тарихи діни наным-сенімдері бар.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ресми дерегіне сүйенсек, елімізде 18 конфессия бар. Атап айтқанда олардың ішінде ислам, православие, католицизм, елуіншілер, баптистер, меннониттер, пресвитериандар, жетінші күн Адвентистері, лютерандар, методистер, жаңа апостолшылар, мормондар, Ехоба куәгерлері, кришна санасы қоғамы, бахаилар, иудаизм, буддизм, мунниттер бар. Ал ел көлемінде ресми тіркелген діни бірлестіктердің жалпы саны – 3834. Жоғарыда аталған конфессиялардың бір-бірінен ерекшеленетін өзіндік ұстанымдары, қағидалары бар.
Бұл ретте, тәуелсіздік жылдары діни радикализм көріністері, деструктивті діни ағымдардың теріс ықпалы Қазақстанды да айналып өтпегенін айта кеткен жөн. Қазақ халқы ежелден ислам дінін ұстанатындықтан елімізге негізінен тәуелсіздіктен кейін шетелден келген ислам дініне қатысты радикалды көзқарастар, ағымдардың қызметі тән саналады. Сан ғасыр халқымыздың дәстүрлі құндылықтары мен ислам дінінің канондары біте қайнасып, бүгінге дейін жеткенін тарихтан жақсы білеміз. Алайда Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін көбінесе Араб түбегінен, Таяу Шығыс елдері мен Кавказдан келген деструктивті діни ағымдардың ықпалы артты. Осылайша қысқа уақыттың ішінде қазақ халқының байырғы уақыттан бері ұстанып келген қағидаларына, дәстүріне қатысты түрлі келіспеушілік пен дүрдараздық пайда болды. Ол әсіресе ислам дінінің қағиларын, шарттарын аса радикалды мағынада қабылдап, қазіргі зайырлы мемлекеттің заңдарына шекеден қарайтын, оны қабылдауға, мойындауға қарсылық танытушы уаххабизм, Таблиғи жамағат, Хизб-ут-Тахрир, Джунд-аль-Халифат, тәкпіршілер, сәләфиттер, сопылықтың кейбір ағымдары діни бағыттар арасында жиі көрініс тапты.
Қазіргі күнде аймақтағы діни радикализмнің қанат жаюына осындай бағыттағы ағымдардың идеяларының таралуы себеп болғаны жасырын емес. Тәкфір және жиһад ұғымдарын ту еткен осындай деструктивті ағымдардың салдары әсіресе 2013-2015 жылдары өте анық көрінді. Осы кезеңде әлемде бейбітшілік пен сан түрлі ұлттар мен діндердің келісім тапқан ортасы ретінде танылған Қазақстанды «дінді өтеуге еш мүмкіндік бермейтін ел» ретінде тәрк етіп, соғыс өрті лаулаған Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріне «Ислам мемлекетінің» содырларының «халифатын» іздеп кеткен қаракөздеріміздің саны күрт өсті. Әсіресе соңғы он жылда алыстағы Сирияға «дінді қорғау» деген сылтаумен аттанып, тек өзі ғана емес отбасын, бала-шағасын ертіп, шетел асқан қандастарымыз көбейді. Бұл теріс саяси сипаттағы діни идеологиямен уланған сананың айқын көрінісі болса керек. Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ұйымдастырылған «Жусан» операциясы арқылы олардың көпшілігі елге қайтарылды.
Бұдан бөлек Қазақстанда протестанттық христиандықтың арасында да көп дау туғызған ұйымдар да жоқ емес. Ол әсіресе тәуелсіздіктен кейін елімізде пайда болып, өз қатарына түрлі тәсілмен көбінесе этникалық қазақтарды тартқан ұйымдар арасында байқалды. Мұндай дау әсіресе ресми тіркелсе де азаматтар арасында, БАҚ беттерінде жиі көтеріліп келген бірқатар протестанттық ұйымдарға тән. Осындай діни наным-сенімнің қазақ халқының тарихи қалыптасқан дүниетанымына қайшы келгендіктен отбасы шырқының бұзылуы, қоғамда теріс пікірлердің қаптап кетуі жиі байқалды. Оның ішінде, қан беруге тыйым салу, әскерде Отан алдындағы борышын өтеуді қажетсіз санау, сан ғасырлық дәстүрлі мансұқтау, адамды өз отбасынан алшақтату сынды себептер аталған діни ұйымдарға деген сын-пікірдің өршуіне әкелді.
Бұл Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық татулықты қамтамасыз етуге арналған негізгі ұстанымына қайшы келеді. Қазақстан тек өз ішінде ғана әлемде діндердің, түрлі конфессиялардың арасында бейбіт келісімнің, өзара тату қарым-қатынастың орнығуына мүдделі екендігін білдіріп, 2003 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының дәстүрлі съезін өткізіп келеді. Бұл басқосуларға әлемдегі ең ірі діндердің көшбасшылары мен беделді саясаткерлер және БАҚ өкілдері қатысып келеді. Әр съезде әлемнің әр қиырынан, түрлі дін мен конфессиядан тарайтын делегаттар әлемдегі сенімге, дінге, қатысты түйіткілдерді шешу бағытында өзара келіссөздер жүргізіп, дүйім жұртқа бейбітшіл мазмұнда үндеу жолдауда. Бірін бірі сан ғасырлар бойы жау көріп, араз болып келген көптеген дін лидерлері Қазақстан астанасында бір үстелдің басына жиналып, бір-бірімен диалог құруды дәстүрге айналдырды. Мұны еліміздің әлемде бейбітшілік қалыптастыру және діни радикализм үрдістерінің алдын алу бағытында қолға алған маңызды бастамаларының бірі деп санауға болады.
Қазақстанла діни радикализмнің етек жайып кетуіне байланысты 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Осы заң арқылы елдегі барлық діни бірлестіктер ресми қайта тіркеуден өтуге мәжбүр болды. Сондай-ақ, миссионерлерді тіркеу үрдісі реттеліп, олардың бұрынғыдай көшеде, қоғамдық орындарда емін-еркін дінді насихаттауына және көшелерде діни мазмұндағы кітаптарды таратуына сыйым салынды.
Қорыта келгенде, радикалды діни идеялар қоғамдағы тыныштықты бұзатыны әлдеқашан дәлелденген. Ғылым мен білім салтанат құрған ХХІ ғасырда дінді ақылмен, байыппен және қазіргі заманның қалыптасқан шарттарымен қатар ұстанбаса радикалды көңіл-күйге әкеліп соғатыны анық.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы М.Салиходжаев