ЕЛДІККЕ ҮНДЕЙТІН ЖӘДІГЕР МУЗЕЙ ҚОРЫН ТОЛЫҚТЫРА ТҮСТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Күні кеше, 2024 жылғы қарашаның 18 күні «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің жәдігерлерді қабылдау-өткізу ресми құжаттарына қол қою рәсімі өтті. Аталған рәсім кезінде 2024 жылы Астана қаласында өткен V Көшпенділер ойынының басты символы «Торсық», «Тұғыр» және ойындардың ресми Байрағын музей қорына тапсыру шарасы жасалды.

«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің, Қорларды ғылыми зерттеушілік қамтамасыз ету  бөлімінің  меңгерушісі  Айгүл Джусупова  және  ғылыми зерттеуді және экспозициялық, көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Райшан Тұранова болып, және екінші тараптан «5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» аясында Шымкент қаласында өткен «Бірлік керуені» шарасының көшбасшысы болған Салтанат Сапарбекова   іс-шараның басты элементі – «Торсықты», оның «Тұғырын», ойынның Байрақтарын Кешен қорына  өткізуге қол қоя отырып, осы заттарды тұрақты сақтауға қабылдау туралы актісін жасады. Бұл құжаттардың бір данасы қабылданғанын растау үшін, екінші данасы Кешенге тұрақты пайдалану үшін, үшінші данасы заттардың иесіне тапсыру үшін берілді.

«Шым қала»  тарихи-мәдени  кешенінің  сараптамалық  қор  іріктеу  комиссиясы 2024 жылы Астана қаласында өткен, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі элементі – «Торсық», «Тұғыр» және ойындардың Байрағын «Бірлік керуені» атты іс-шараның Керуен көшбасшысы болған Салтанат Сапарбекова кешен қорына сыйға тарту еткенін растап, аталған заттарды музейдің ғылыми негізгі қорына өткізуді шешкен. Осылайша, музей қоры жаңа жәдігермен толыға түсті.

Енді табыс етілген жәдігердің ерекшелігі мен сипаттасын толық таныстыруға кезек берсек:

Торсық – шыныдан жасалған, дәстүрлі көшпенді мәдениетінің символы ретінде қолданылды. Бұл оған заманауи көрініс беріп, эстетикалық тартымдылығын арттырады. Пішіні дәстүрлі торсыққа ұқсас. Бұл торсықтың дизайны мен безендірілуінде көшпенді халықтардың мәдениеті мен өнері көрініс тапқан. Торсық – сұйықтық немесе сусын сақтауға арналған ыдыс, ол әдетте теріден жасалады.

Су – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты нышаны. Тіршілік нәрін өңірлердегі киелі бұлақтардан жинайды. Қазақстанның 20 өңірінен 200-ден астам өкілдің қатысуымен «Бірлік керуені» атты ауқымды іс-шара өтті. Керуеннің басты міндеті – өңірлерден елордаға ойындар тарихының ажырамас бөлігі болып саналатын қасиетті суды ойындардың ашылу салтанатына жеткізу. Бұл шара байрақты бәсекелердегі алауды жағу дәстүріне ұқсас. Көш «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінен басталып, «Тоғызқұмалақ» ұлттық спортының шебері Салтанат Сапарбекова, қасиетті Қошқар ата бұлағының суымен толтырылған торсықпен Астана қаласына  аттанды. Барлық аймақтан келген бір торсық су бір арнаға тоғысып, Көшпенділер ойынының ашылу салтанатында тайқазанға құйылды. Бұл бірлік пен берекенің көрінісі. Ойын барысында торсықты беру рәсімі ерекше мәнге ие, өйткені ол көшпенділердің өміріндегі ынтымақтастық пен жауапкершіліктің көрсеткіші болып табылады. Шара соңында ерекше бейнедегі торсықты Салтанат Сапарбекова «Ұлы Дала Дүбірінде» тікелей «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің директоры Жандос Керімұлы Құрбанға өз қолымен табыстаған.

Торсықтың сырты, жартылай былғарымен қапталған. Ортадағы шеңберде, көшпенділер ойындарының логотипі бекітілген. Ресми логотипте айдентиканың маңызды элементі – күншуақты шабандоз кіреді. Ол, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барлық логотиптерінде болған. Логотиптің жалпы пішіні сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл түс ақық дейтін жартылай асыл тастың қарапайымдылығы мен әсемдігін бейнелейді. Ақық өзінің қызыл реңкімен қан мен отқа ұқсайды, және өмірлік энергиямен, жүрекпен, күнмен ассоциацияланады. Логотипті айнала ағылшын тілінде жазылған «5 th WORLD NOMAD GAMEZ»  ASTANA 2024 деген жазу жазылған. Шеңбердің жоғарғы жағында  көгілдір ақық  (бирюза) тас бекітілген. Торсықтың екі шетіндегі бұрыштарына, алтын  түстес (пластмасса) қаптама кигізілген.  Қақпағы ағаштан жасалып, қоңыр түспен боялған. Қақпақтың жоғары жағына екі былғарыдан жасалған шашақ бекітілген. Торсықтың жалпы өлшемі: 36,5х25 см, қақпағының өлшемі: 10 см, торсықтың қақпақсыз өлшемі: 28 см. Ернеуі: 25 мм.

Тұғыр.  5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында эстафета ретінде берілген шыны торсықтың тұғырының дизайны ұлттық мәдениет пен өнерді көрсететін элеметтермен безендірілген. Тұғырда  торсықты қою үшін арнайы ойық бар, бұл оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.  Тұғырдың конструкциясы киіз үйдің керегесіне ұқсас, яғни ұзына бойы созылған  жіңішке, тік элементтерден тұрады. Киіз үйдің керегесі көшпенді өмір салтының символы болып табылады, ұлттық бірлікті және үйлесілімдікті білдіреді. Тұғыр жалпы эстафетаның мәдени маңыздылығын арттырып, ұлттық болмысымызды бейнелейді.

Тұғырдың пішіні, төменгі жағы трапеция тәрізді, жоғарғы жағына қарай кішірейген. Жоғарғы жағында  көшпенділер ойындарының логотипі бар. Тұғырдың түсі қоңыр. Логотипті айнала ағылшын тілінде жазылған «5 th WORLD NOMAD GAMEZ» ASTANA 2024 деген жазу мен сандар бар. Тұғырдың жоғарғы ені: 33 см.

Осы тұста айта кетсек, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына санаулы ғана қалған тұста, жылдың ең маңызды оқиғасы саналатын шараны қолдауға және оны халық арасында насихаттау мақсатында «Бірлік уеруені» жобасы басталған болатын. Бұл жобаның мақсаты бүкіл өңірде мәдени бағдарламаны үздік өңірлік этникалық жобалармен толықтыруға, сондай ақ, ұлттық спортты барша қазақстандықтар арасында кеңінен насихаттауға арналған. Шырайлы Шымқаладан да дүбірлі доданы қолдау мақсатында керуен елордаға аттанған еді. Керуен сапары қасиетті Қошқар ата бұлағынан бастау алып, бұл жерден көшпенділер ойындарының басты нышаны және негізгі элементі – қасиетті су алынған. Әр өңірден жолға шыққан делегация торсыққа құйылған суды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында тайқазанға құйды. Бұл елдің бірлігін, тұтастығын және өзара ынтымақтастығын көрсетеді. Міне, осы су құйылған «Торсық» жәдігері қазіргі таңда «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің музей қорына тапсырылып отыр.