ЛУДОМАНИЯНЫ ШЕКТЕЙТІН ЖҮЙЕ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Республика көлемінде «Бірыңғай есепке алу жүйесі» атты цифрлық платформа іске қосылып жатыр. Бұл платформа онлайн бәс тігулер мен құмар ойындар нарығын қадағалап, бақылауды күшейтуге бағытталған. Оның басты міндеті – букмекерлер мен олардың клиенттері арасындағы барлық транзакцияны тіркеу, сондай-ақ әр ойыншының ставка тарихын мұқият қадағалап отыруды көздейді.
Жалпы, бұған дейін Шымкент қаласындағы лудоманияға шалдыққан мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан босатылатыны туралы ақпарат бөліскен едік. Ойынқұмарлықпен күресті тек Шымкент қаласының аумағымен ғана емес, жалпы республикалық деңгейде кешенді түрде қолға алынғаны дұрыс әрекет. Алдағы уақытта біз сөз етіп отырған жүйе іске қосылса, қазақ елі қоғамына пайда әкеледі деп сенгіміз келеді.
Кешенді жұмыстарды бастаған құзырлы органдардың жүйелі шаруалары Шымкент қаласына да әсері болары анық. Ал, ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде заңды құмар ойындар нарығының жылдық айналымы 1,3 триллион теңгеге жуықтайды. Бұл нарықта 2,5 миллиондай клиент тіркелген, оның ішінде 450 мың адам – тұрақты ойыншылар. Тағы 500 мың адам салық төлемейтін, көлеңкелі букмекерлік кеңселерде ойынға араласып отырады. Бұл дегеніміз – қыруар қаржы шетелдік оффшорларға кетіп жатыр деген сөз.
– Мұндай жүйенің өзегі – адамның іс-әрекеттерін бақылау арқылы заңды түрде тану. Яғни, азаматтың бәс тігу құқығы бар ма, жоқ па соны анықтап, тек заң шеңберінде әрекет етуіне мүмкіндік береді. Бұл – басты қағида. Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Қазіргі дамыған елдердің бәрі онлайн-бәс тігу мен ойындар саны артқан соң, осы саланы мемлекет бақылауына беруді дұрыс деп таныды. Енді мемлекет онлайн режимде барлық операцияны көріп отыратын жүйені енгізуде. Италия, Испания, Франция, Германия және АҚШ-тың кейбір штаттарында дәл осылай жасалған, – деді комитет төрағасы Әділет Тұрғанбаев.
Жаңа жүйенің басты міндеті – заңды нарықты реттеу ғана емес, сонымен қатар, жасанды интеллект көмегімен заңсыз сайттарды анықтап, бұғаттау, азаматтардың қаржысын және ел экономикасын сыртқа кетуден қорғауды көздейді. Ә.Тұрғанбаевтың айтуынша, платформа – бұл тек мемлекеттік бақылаудағы ақпараттық жүйе ғана емес, үш негізгі бағытты қамтитын кешен:
Бірінші модуль – ойынға бейім азаматтарды анықтап, оларға қолжетімділікті шектеу;
Екінші модуль – күн сайын 1 000-ға дейін заңсыз интернет-ресурстарды бұғаттау арқылы көлеңкелі нарықпен күресу;
Үшінші модуль – ставка операцияларын бақылау және ойыншылардың құқықтарын қорғау.
– Әрине, олар өз қателігін мойындай қоймайды. Ал әділетті шешім қабылдау үшін бізге – бәс тіккен адамдардың ойындарының тарихы керек. Егер адам шынымен ставка жасап, ұтып алса, ал оған қандай да бір негізсіз себеппен төлем жасалмаса, біз заң шеңберінде букмекерді шарттарын орындауға міндеттей аламыз. Бұл жерде азаматтың тұтынушылық құқығын қорғаймыз, – деді ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті басшысы Әділет Тұрғанбаев.