ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ – ДАМУДЫҢ ЖАҢА СЕРПІНІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасын талқылау үшін аймаққа  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абзал Құспан, Үнзила Шапак, Нұрсұлтан Байтілесов арнайы келіп, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындарымен кездесу өткізді. «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасында өткен басқосуды облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізді. Басқосуда сөйлеген сөзінде ол:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге жұмыс сапарында тұрғындармен кездесу өткізіп, Түркістан қаласына тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Бүгінде қаламызға ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілгені баршамызға белгілі. Заң жобасы қаламыздың одан әрі дамуына мүмкіндік беретін тиімді институционалдық орта құру үшін жергілікті атқарушы органдардың құзыреттерін кеңейтуге бағытталған. Осыған байланысты жұмыстар басталып кетті. Сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау үшін халық қалаулылары келіп отыр. Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасы – тарихи шаһар үшін пайдалы. Жалпы Түркістан жанашырларының, ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі өте маңызды. Осы жұмысқа бар ынталарыңызбен атсалысуға баршаңызды бірлесе жұмыстар атқаруға шақырамын, – деді.

«Ерекше мәртебе – дамудың жаңа серпіні» тақырыбында өткен жиын барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан бұл мәртебенің екі ерекшелегіне  тоқталды.

Өз сөзін «Бүгін өздеріңізбен ақылдасып, кеңесуге келдік,-деп бастаған Мәжіліс депутаты – Түркістан қаласы үшін бұл бастаманың берер пайдасы көп. Бұл бірінші ерекшелігі деуге болады. Ал екінші ерекшелік, бұл – ең алғашқы қазақ тілінде жасалып отырған  заң жобасы. Бұған дейін қазақ тіліндегі заң жобалары тек депуттаттар тарапынан әзірленген. Ал бұл жолы Үкімет тарапынан тұңғыш рет қазақ тілінде осы заң жобасы түзіліп отыр»- деді.