ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ ЖИЫН ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде 18-сәуір «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне» орай, «Шым қала» тарихи-мәдени кешенін дамыту мүмкіндіктері мен мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын жаңадан жарық көрген «Шымкент қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» кітабының тұсаукесерімен басталып, «Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай қаламызда өтіп жатқан «Мәртебелі кітап» апталығымен орайласа үйлесім тапты. Жинақ лентасын Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары М.У.Оңдасынова мен археолог А.Н.Грищенко қиды.

Жиынға археолог, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Б.Ә.Байтанаев, мәдениет саласының ардагері, археолог А.Н.Грищенко, реставратор-сәулетші Д.В.Сорокин, археология маманы, ғылыми қызметкер А.А.Ержігітов, т.ғ.к., археолог О.А.Байтанаевалар қатысып, кезектесіп сөз алды. Спикерлер Шымкент қалажұрты аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары, тарихи-мәдени кешен аумағында табылған ғибадатхананы қалпына келтіру, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау мәселелері мен маңызы, Кешеннің туристік әлеуеті туралы ұсыныстарын айтып, ойларын ортаға салды. Әсіресе, реставратор-сәулетші Д.В.Сорокиннің «Шым қала» тарихи-мәдени кешені аймағынан табылған б.з.д. ІV-І ғасырларға тән зороастр ғибадатханасы туралы онлайн жасаған презезентациясы жиынға қатысушылардың қызығушылығын арттырды.

Дөңгелек үстелді Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары М.У.Оңдасынова қатысып, құттықтау сөз айтты.

– Былтырғы жылы «Шымкент қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағын» шығару кезінде бұрын ғылыми айналымда болмаған көптеген археология ескерткіштері және оларға қатысты қызықты әрі тың деректер анықталды. Мұндай жан-жақты ақпараттарды қамтыған еңбек қала тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға – болды. Осының арқасында қаламыз бен еліміздің оңтүстігіне қатысты деректер базасы қалыптасты, қатталды, баспа бетін көрді. Бұл жинақ қазірдің өзінде зерттеушілердің назарын бұрып, ескерткіштердің зерттелуі туралы ғылыми деректеме ретінде сілтеме жасаушылардың қайнар көзіне айналып отыр, -деп Мөлдір Убайділләқызы сөзін сабақтады.

Жиын модераторы «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК директоры Ж.К.Құрбан болып, жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелде қала аумағындағы археология ескерткіштерін сақтау, оның ішінде ашық аспан астындағы музейге айналып отырған  «Шым қала» тарихи-мәдени кешенін дамыту төңірегінде өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары мен мүмкіндіктері талқыланды.