ЕСКІ НЫСАНДЫ АЛЫП ТАСТАУ КЕРЕК!
- Шымкент қаласы, Абай ауданы

Шымкент қаласы басшылығы назарына!
Шымкент қаласының Тұран ауданына қарайтын «Құлагер» шағынауданы қазіргі таңда жақсы дамып келе жатқан аймақтардың біріне айналып отыр. Тұрғындарға қажетті инфрақұрылымдар (жол, жарықтандыру, т.б.) дұрыс қалыптасып келеді. Десек те, құлагерлік тұрғындардың тағы бір өтініші бар болып шықты.
Қазіргі таңда «Құлагер» шағынауданы аумағындағы жол қозғалысына кедергі келтіріп тұрған ескі нысан бар (географиялық координаты 42°14’26.3″N 69°31’08.4″E). Бұл нысан өткен ғасырдың сонау Кеңес заманы кезінде Ақжар тұрғын алабын ауыз сумен қамтамасыз ететін жүйенің су жинайтын нысаны болған. Қазіргі таңда бұл нысанның жұмыс істемей қаңырап тұрғанына кемінде 30-40 жылдың жүзі болды. «Құлагер» шағынауданы алғаш ашылған кезде (2007-2010 жылдары) жаңадан көшіп келген тұрғындар бұл үлкен бункердің ішіне қоқыс тастап, өртейтін болды. Қазіргі таңда қоқыс тастау процесі тоқтаған, алайда жылдар бойы жиналған қоқыс күннің ыстығымен сасып жатады. Ол – бір. Екіншіден, 2024 жылы «Құлагер» шағынауданының қырдағы бөлігіне баратын жолға асфальт жабын төселіп, қазіргі таңда сондағы жол қозғалысына кедергі келтіріп тұрған жағдайы бар дейді құлагерлік тұрғындар.
Жол бойымен қозғалып қырға шығып, немесе төмен түсуге бағыт алып келе жатқан көлік жүргізушісінің көру шегі, мүмкіндігі шектеулі. Қарсы бағытта келе жатқан көлікті де, жаяу жүргіншіні де, немесе айдау малдың қозғалысын да байқамай қалады. Сондықтан, аталған ескі су жинайтын нысан қазіргі таңда жол қозғалысына да, адам өміріне де өте қауіпті жағдай туындатып тұр. Алда жаңа оқу жылы басталғалы отыр, мектепке баратын оқушылардың жолында тұрғандықтан, бұл маңды дереу қолға алып, мәселені шешуге кіріскен жөн.
Осы себепті, «Құлагер» шағынауданындағы географиялық координаты 42°14’26.3″N 69°31’08.4″E мекен-жайында орналасқан, ескіріп қараусыз тұрған бетонды құрылыс нысанын бұзып, ішіндегі қанша уақыттан бері жиналып тұрған қоқысымен қоса алып тастау арқылы мәселенің шешімін табу маңызды шаруа болып тұр дейді құлагерлік тұрғындар.
С.Дүйсебаев