«ЕСКІ ПЛАСТИНКА» АҒА БУЫННЫҢ ЖАНЫН ЖАДЫРАТТЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкенттің Орталық саябағында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық «Славян этномәдени бірлестігінің» ұйымдастыруымен «Ескі пластинка» концерті іс-шарасы өтті.
Көпшіліктің көңілінен шыққан музыкалық іс-шараның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының назарына өткен шақтың хит әуендерін ұсыну арқылы олардың жадында достық, сыйластық, махаббат сынды құндылықтарды жаңғыртып, аға буынға қуаныш сыйлау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.
Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов концертке арнайы қатысып, ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Достық пен өзара сенім қалыптасқан қоғамда түсіністік пен сыйластық өз тұғырынан түспейтінін айрықша атап өтті.
Жиналған жұртшылық алдында шымкенттіктердің сүйікті «Южный город» тобы, Людмила Наумова, Алексей Скибин, Нұрлан Жұбаниязов, Разия Гареева, Светлана Артёмова, София Карпец, Светлана Рашидова сынды бірқатар жергілікті өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетті.
Еліміздің үшінші мегаполисі тұрғындары арасындағы биік абыройға ие «Фонограф» ретро-тобы болса, әнсүйер қауымға танымал музыкалық әуендерді нақышына келтіре орындап, саябаққа жиналған көпшілікті керемет әсерге бөлеп, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Осы тұста айта кетсек, биылғы 2025 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отырғанын еске салайық. 1995 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылған Ассамблея елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында кеңесші орган ретінде жұмыс істей бастады. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі әртүрлі этностар мен мәдениеттердің басын қосып, татулық пен келісімнің орнауына, ұлттық бірліктің нығаюына айрықша үлес қосқан бірегей институт. Биылғы мерейтой – бұл ұйымның, яғни Қазақстанның ұлттық бірлігі мен этникалық әралуандығын дамытудағы ұзақ жолды еске алуға арналған маңызды шара екенін айта кетейік.