ЕСІРТКІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ КЕЗ КЕЛГЕН ӘРЕКЕТ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Қазақстан полициясының Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының жазуынша, соңғы жылдары Қазақстанда есірткі жасайтын зертханалар санының өсуі байқала бастаған. Ресми деректе тәртіп сақшылары осы жылдың жеті айының өзінде-ақ тек синтетикалық есірткі өндіруді жолға қойған 24 жасырын есірткі зертханасын жойған. Тек Алматы қаласының өзінде осындай 11 факт анықталған. Eкінші орынды Алматы облысы иеленсе, онда полицейлер жеті заңсыз синтетикалық есірткі өндірісін жойған. Есірткі өндірушілерден 200 келіден астам «синтетика» және екі тоннадан астам прекурсор тәркіленіпті. Соңғы екі аптада Алматыда екі есірткі зертханасы жойылып, шілде айының соңында үш астаналық тұрғын ұсталған. Олар 800 мың теңгеге үй жалдап, онда мефедрон өндірісін ұйымдастырған екен.
Ал Түркістан облысында ше? Ulysmedia.kz сайтының бөліскен мәліметіне сенсек, Шымкент қаласының прокуратурасы Түркістан облысында жасырын синтетикалық есірткі зертханасының қызметін әшкерелеген. Демек, қолдан есірткі материалдарын әзірлейтін зертханаларды әшкерелеу саласында да шымкенттік тәртіп сақшыларының қырағылығы көзге түсіп тұр. Бүгінде есірткі өндірісінде қолданылатын химиялық жабдықтардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде есірткі өндіргені үшін жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдататын заң жобасы қаралып жатыр. Әлбетте, бұл бастамаларды қоғам қолдайды. Сонымен қатар, есірткіні таратқаны үшін жаза мерзімдерін қысқартып, оларды өндіргені үшін жауапкершілікті күшейту бойынша азаматтар құрған екі петиция қарауға алынды дейді polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.
Құзырлы органның ресми хабарламасында бүгінгі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқаны көрсетілген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Осыған орай, полиция қызметкерлері есірткімен байланысты кез-келген әрекет заңмен қудаланатынын және қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескертеді.