«ЕШКІМ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ»

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қалалық Полиция департаментінде «Ұлы Жеңістің» 80 жылдығына орай Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің «Ерлік» музейі «Ешкім ешқашан ұмытылмайды» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Көрменің ашылу салтанатына Ішкі істер органдары ардагерлер ұйымы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімнің  жеке құрамы қатысты.

Іс-шараның модераторы музейдің аға ғылыми қызметкері Б.Нұрқұлова жиынды жүргізіп отырды. Ол Отан үшін от кешкен, қайсарлықпен шайқасқан азаматтардың ерлігін және «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деп майдан қажеттілігін өтеу үшін күн, түн демей аянбай еңбек еткен халықтың ерлігін жадымызда сақтап, өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат еткенін атап өтті.

Көрмені Шымкент қалалық музейлер бірлестігі директор орынбасары ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» ордені иегері Г.Серікбай ашып берді. Ішкі істер органдарының құрметті ардагері, ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары М.Көлбаев «Ұлы Жеңістің» тарихи маңыздылығын атап өтті. Аға ғылыми қызметкер Б.Нұркұлова Отан үшін от кешкен қазақстандық батырлар жайлы баяндама оқыды. №52 лицей оқушысы А.Әбдітәліп домбырамен күй тартты, №100 «Жұлдыз» мектебінің оқушысы Н.Халдарбек өлең оқыды. Көрмеде «Ерлік» музейінің қорынан алынған «Ұлы Отан» соғысы жауынгерлері мен тыл еңбеккерлерінің фотосуреттері, марапаттары, жеке заттары т.б. құнды жәдігерлер қойылды.

Қалалық Полиция департаменті музейінің меңгерушісі Г.Қожамжарова  жылжымалы көрменің ашылуына атсалысқаны үшін Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталды. Көрме көпшіліктің көңілінен шығып, тарихи тағылымы мол нәтижемен аяқталды.

Г.Джаксыбекова

Шымкент қалалық музейлер бірлестігіне қарасты «Ерлік» музейінің меңгерушісі

Б.Нұркұлова

«Ерлік» музейінің аға ғылыми қызметкері