Шымкент қаласының мәдениет саласындағы «Еңбек адамы» дейтін ерекше мәртебеге ие болуыға лайықты мамандарды таныстыруды жалғастырайық. Мәдениет дегенде де оның ішіндегі еңбегі елеусіздеу қалып қоя беретін музей саласына екпін беруге тырысып келеміз. Біздің бұл жолғы кейіпкеріміз – Шымкент қаласының музей ісі саласындағы мамандар арасында аты танымал болғанмен, былайғы көпшілік біле бермейтін қызметкер. Таныс болыңыз, ол – Нұржамал Медетбекова.
Медетбекова Нұржамал Орынбасарқызы бүгінде қаладағы жаңадан құрылған «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында, Қорларды ғылыми зерттеушілік және қамтамасыз ету бөлімінің ғылыми қызметкері болып еңбек етіп жүр. Ол бұған дейін «Шым-қала» тарихи-мәдени кешенінде, оның алдында Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінде қызмет етіп, кәсіби біліктілігін шыңдай түскен.
Бәрін басынан бастап таныстырар болсақ, Нұржамал апай 1976 жылы 1 сәуірде Ташкент облысы, Бостандық ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи атамекеніне оралған кейіпкеріміз 1993-1997 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Мұражайлық жұмыс, мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша білім алып, тәмамдап, дипломды маман болып шығады.
Нұржамал Орынбасарқызы музей саласындағы еңбек жолын сол кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық дейтін статусы болған Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінен бастайды. Ол алғаш 2002-2003 жылдар аралығында аталған музейде экскурсия жүргізушісі қызметін атқарады. 2003-2007 жылдар аралығында кіші ғылыми қызметкер, 2007-2021 жылдар аралығында ғылыми қызметкер лауазымын атқарған. Содан 2021 жылы «Шым қала» тарихи-мәдени кешені алғаш ашылған кезде осы музейге ғылыми қызметкер лауызымына қабылданады.
Нұржамал апай 2002-2021 жылдар аралығында Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінде жұмыс істеп жүрген жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің мерейтойларын атап өту барысында өз үлесін қосып, музейде ұйымдастырылып тұрған әр шаралардың өтуіне белсенділік таныта білді. Музей қорын толықтыру мақсатында Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы, Науаи атындағы кітапханадан «Ақ жол» газетінің толық сандарын, оған қоса «Шолпан» журналының 1-8 нөмірлерін алып келуге, қазіргі қолданыстағы қазақша кирилица әліпбиге аударылған нұсқасын дербес компютерге енгізуге, оны кітап етіп шығаруға өз үлесін қосқан. Сондай-ақ, Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан архивтер және музейлермен тығыз байланыс жасап, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың құжаттарын, тағы басқа да архивтік материалдарын жинақтап, музей қорына өткізіп отырды.
Шымкент қаласында орналасқан Қайтпас елді мекені маңындағы Албастысай үңгірінде зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеу барысында жер атауының не себепті олай аталғаны, онда кімдер ату жазасына ұшырағаны жайында тың мәліметтерді жинақтап, ғылыми айналымға ендірген. Куәгерлермен сұқбаттасып, олардың берген ауызша мәліметтерін бейне таспаға түсіріп, музей қорына тапсырған. Нұржамал Орынбасарқызының басты ғылыми еңбегі де осы Албастысай тақырыбына орай болды. Оның музей саласындағы өзіндік қолтаңбасы да сол қасиетті мекенге байланысты қалыптасты. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап «Шым қала» тарихи-мәдени кешеніне жұмыс барысымен ауысып, бұл музейдің де қалыптасуына, кешеннің өркендеуіне аянбай еңбек етіп келе жатыр.
Ол музей саласында еңбек ете жүріп, ғылыми еңбек жаза жүруді өз еңбек жолының ажырамас бөлігіне айналдырған. Оның жазған мақалалары мезгіл-мезгіл мерзімдік басылымдар бетінде жарияланып келеді. Соның бірқатарына тоқтала кетейік. «Мағжан – Шығыс жұлдыздарының бірі» (2008 жыл, қазан, «Евразия газеті» №41, 4-бет), «Облыс бойынша 2500 азамат атылған» (2009 жылы 29 мамыр, «Рейтинг» газеті, №19, 6-бет), «Албастысай – азапты күндер ақиқаты» (2009 жылы 29 мамыр, «Шымкент келбеті газеті», 4-бет), «Карлаг тұтқыны» (2016 жылы 26 мамыр, «Рейтинг» газеті №20, 9-бет), «Шымкент – Сайрам маңындағы ауыл» және «Бірегей жәдігерлер сыр шертеді» мақалалары (2022 жыл, «Қызмет» газеті), «Шымкент тарихы: қазба жұмыстарынан кейінгі құнды деректер» («Shymkent kelbeti» газеті №69, 7 қыркүйек) атты мақалалары жарық көрді. Ал, оның жазған «Шымкент қалашығы» мақаласы Отырар ауданында 2022 жылғы 9 желтоқсан күні өткен «Археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және қайта жаңғырту мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференцияның жинағында жарияланды.
Осындай ғылыми және көпшілікке арналған танымдық еңбектерді жаза жүріп, Нұржамал Орынбасарқызы өз біліктілігін арттыруды да өз міндетінің ажырамас бөлігі деп санайды. Ол 2016 жылы 24 мамырда өткен халықаралық ұйымдардың Тарихи ескерткіштердің консервациясы және реставрациясы тақырыбында өткізген «Наследие без границ» семинарына, 2022 жылы «Жаңа Қазақстан: Білім мен Ғылымның Жаңа Белестері» атты біліктілікті арттыру курсына және «Археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және қайта жаңғырту мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқаны үшін сертификаттар алған.
Десе де, Нұржамал Орынбасарқызының атқарған еңбектері мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар тарапынан бағаланып, түрлі марапаттарға ие болған кездері де болыпты. Соның бір мысалы, еліміздің әлеуметтік-мәдени саласында атқарған ұзақ жылғы абыройлы еңбегі үшін «Nur Otan» демократиялық партиясының атынан, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының атынан және музей мекемесінің атынан «Шебер маман», «Шым қала қазақ хандығы тұсында», «Археологиялық қазба деректеріне сәйкес Шымкент қаласының тарихы» іс-шараларына белсене ат салысқаны үшін Алғыс хаттар және кәсіподақ ұйымының атынан бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталған.
Нұржамал апайдың марапаттары арасында ерекше өзіндік орны бар бір сыйлық болса, ол – биылғы алған ерекше марапаты болды. Ол биыл 21-23 тамыз күндері Астана қаласына іс-сапармен барып мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында Тәуелсіздік жылдары өз мамандығының хас шебері атанып, еліміздің мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың арасында өткізілген «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының 100 ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕРІ» атты республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанып 1-ші дәрежелі диплом, «ҚР Мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері» атты төсбелгісімен марапатталды және куәлік берілді, «ҚР Мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері» статуэткасымен марапатталғаны бар.
Нұржамал апай осындай білімді де білікті маман ғана емес, өмірде өз орнын тапқан, кеудесіне «Күміс алқа» белгісін таққан көпбалалы бақытты ана. Отбасында 6 бала тәрбиелеп өсірген. Сол алтауынан екі баласын үйлендіріп, 2 келін түсірген, олардан 3 немере сүйіп отырған жайы бар.
Қоғамдағы мәдениет, оның музей ісі саласының дамуына өзіндік үлес қосқан бүгінгі «Еңбек адамы» кейіпкеріміз осындай жан болды.