ЖАЗУШЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КІТАП ОҚУ АКЦИЯСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қалалық Жасөспірімдер кітапханасында қазақтың танымал балалар жазушысына арналған тағылымды кеш өтті. Шара қазақ әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан қаламгер, «Бір ел – бір кітап» акциясының биылғы жыл кітабы болып таңдалған, талантты жазушы Б. Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған «Бірегей Бердібектің бер бағасын…» акцияны қорытындылауға арналды.
Жазушы өмірдерегіне құрылған бейнебаянмен ашылған кешке жазушы А.Асабаев, журналист А.Жайымбетов, «Адами капитал» журналының бас редакторы Ә.Ахметов, мектеп ұстаздары Ж.Абуова, Ә.Ахметова және Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ филология студенттері мен №76 Р.Мырзашев атындағы негізгі орта мектептің оқушылары қатысты.
Кеш барысында қаламгердің «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат»,, «Өлгендер қайтып келмейді» «Жекпе-жек» туындылары, «Аяжан» кітабына енген хикаяттары мен әңгімелері студенттер , оқушылар көзімен жан-жақты талқыланды.
Кеш қонақтары да Б.Соқпақбаев шығармаларының көркемдік астарына үңіліп, тағлымы туралы сыр шертсе, журналист Ә.Ахметов жазушы өмір сүрген кезеңде еркін ойға тұсау салынғанына қарамастан тек шындықты ту етіп көтергенін баса айтып, бүгінгі уақыттың безбенінен саралады. Жалпы Бердібек Соқпақбаев кешегі буынның ғана емес, бүгінгі буынның да сүйіп оқитын жазушысы екендігін кештің өту барысы тағы бір дәлелдегендей.
Кеште ақын Ө.Нұрғалиевтің «Өлгендер ояу. Тірілер неге ұйқыда» поэмасы оқылып, «Болашақ» мектебінің жас өнерпазы Б.Серікбай орындауында «Сәйгүлік», «Ант» әндерінен шашу шашылды. Директор орынбасары Ұ.Ынтымаққызы кешті қорытындылап, белсене қатысқандар марапатталды.