ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАН АЗАМАТ ЕКІ БІРДЕЙ КОДЕКСТІҢ БАБЫМЕН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Жалған ақпарат тарату әрекеті қазіргі таңда тым өршіп тұр. Мұндай жайттар Шымкент қаласы аумағында да кездесіп жатқаны рас. Өзін блогер санайтын азаматтар әлеуметтік желінің желігімен талай фейк ақпар бөлісіп, өзге жұрттың әбігерін алып жүр.
Есіңізде болса, бұл жайында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның Шымкент қаласына сапарында да тілге тиек еткені туралы ақпарат бөлісіп едік. Ал, осы қоғамның тыныштығын бұзатын өтірік сөздің қаншалықты қылмыстық жауапкершілікке тартуға жеткізетінін білесіз бе? Фейк мәлімет, яғни жалған ақпарат таратқан азаматтарға Қазақстан Республикасының екі бірдей кодексімен жауапкершілікке тарту қарастырылған екен.
Оның біріншісі, ҚР Қылмыстық кодексінің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деп аталатын 274-ші бап бойынша жалған ақапаратты таратқаны үшін бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айырудан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал, екінші кодекс – ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Жалған ақпарат орналастыру, тарату» деп аталатын 456-2 бабы бойынша жеке және заңды тұлғалардың тұлғалық категорияларына қарай, 30, 50, 100 еселенген айлық есептік көрсеткіштен бастап, 200, 250 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл төлету жазасы тағайындалады.
Осыған орай, 24.kz ақпарат порталының сауалына ҚР ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек жауап беріп, 2025 жылғы жыл басынан бергі мерзім ішінде аталған қылмыстық жауапкершілік бойынша тіркелген статистикалық деректерді ортаға салып, бөлісіп отыр.
– Қылмыстық кодекстің 274-ші бабы бойынша 2025 жылдың 8 айында 1 адам жауапкершілікке тартылған. Ал өткен жылы 4 адам жауапкершілікке тартылған. Әкімшілік кодекстегі 456-2 бап бойынша, биыл 51 адам жауапқа тартылған. Оның ішінде 48 адамға жалпы сомасы 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынған және 3 адам әкімшілік қамауға алынған, – дейді министрліктің ресми өкілі Ш.Тұрлыбек.