ЖАЛҒАН ЗЕЙНЕТАҚЫ АУДАРЫМДАРЫ МЕН НЕСИЕЛЕР: АЛАЯҚТАР БАНКТЕРДІ ҚАЛАЙ АЛДАҒАН?
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Қаржы мониторинг агенттігінің ресми сайты қаржылық алаяқтық туралы қызықты ақпарат таратқан. Ақпарат көзінің дерегінше, мұндай қылмыстық фактілер Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Жетісу, Абай, Маңғыстау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында да анықталған.
Енді мұндай қаржылық алаяқтық туралы белгілі болып отырған нақты мысал формасында кеңінен тоқтала баяндайық. Қаржы мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Comfort Time» ЖШС және басқа да бақылаудағы кәсіпорындардың басшылығына қатысты алдау арқылы мүліктік залал келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары бірқатар заңды тұлғаларды тіркеп, солар арқылы несие алуды көздеген, алайда іс жүзінде еңбек қатынастарында болмаған азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеген. Салдарынан қарыз алушылардың табыстары мен төлем қабілеттілігі туралы жалған деректер қалыптастырылып, банктер соның негізінде несие рәсімдеген.
Бұл аталған заңсыз қызмет үшін ұйымдастырушылар қарыз алушылардан берілген соманың 10%-ына дейін «сыйақы» алып отырған. Көп жағдайда несие алушылар басынан банктер алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтарған.
Дәл мұндай қылмыстық схема аясында 399 млн теңге сомасына қайтарылмай қалған 140 несие алынған. Көбіне қарыз алушылар қатарында жұмыссыз азаматтар немесе теріс несие тарихы бар тұлғалар болған.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Қаржы мониторинг агенттігі Баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш схемалар халықтың қарызға бату мәселесін одан сайын күрделендіре түседі. Олай болу себебі, қарыз алушылар бірден бірнеше банктен несие мақұлдауын алып, салдарынан олардың қарыз жүктемесі еселеп өсе түседі.
Ақпарат көзінің берген дерегінше, қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр. Алайда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық процесуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды делінген ресми хабарламада.
Көрнекі фотосурет ашық интернет көздерінен алынды