ЖАСТАРДЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚҚА ШАҚЫРҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласының құқық қорғау органдары өкілдері құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында жоғары оқу орындары студенттік ұйым жетекшілерінің басып қосып, кездесу өткізді. Аталған жиынға Шымкент қалалық Прокуратурасының аппарат басшысы Ш.Қаршығақызы, қалалық Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Б.Мырзабаев, Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Ә.Дінислам бастаған топ белсенді жастармен кездесті.
Құқық қорғау органдарының мамандары студенттік ұйым белсенділеріне азаматтық жауапкершілік, заңдық нормаларға бағыну мәдениеті және қоғамдағы тәртіпке қатысты өзекті мәселелер туралы сөз қозғады. Оған қоса, жастардың құқықтық сауатын көтеру, қылмыстың алдын алу және қоғамдағы тәртіпті күшейту арқылы қала тыныштығын сақтау мәселелерін де ортаға салды.
Сөз алған сала мамандарының сөзінше, қазіргі заманғы жастар құқықтық сауаттылыққа бет бұрып келе жатыр. Десе де, жастардың араласуымен тіркеліп жатқан қаладағы қылмыстық деңгей әлі де жоғары болып отырғаны алаңдатарлық қалыпта. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы кездері тергеу органдарының өндірісінде тіркеліп жатқан істердің ішінде ең көп кездесетін құқықбұзушылықтар – алаяқтық санаты болып отыр. Мысалы, өткен аптада тіркелген 184 қылмыстық істің ішінде алаяқтық бойынша 57 іс есепке алынған. Ал, алаяқтықтың басым бөлігі интернет арқылы жасалған. Тауар жарнамасы арқылы алдау, жалған инвестиция, банк қызметкерінің атын жамылған қоңыраулар әлі де тыйылмай отыр. Мәселен, Л. есімді қала тұрғынына өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адам қоңырау шалып, «тексеріске жазылу» деген желеумен 1414-тен келген құпия кодын сұрап алып, 1,2 млн теңгесін жымқырған. Қазіргі уақытта іс тергелу үстінде. Құқық қорғау органдарының мамандары қала тұрғындарын телефонға келетін құпия кодтарды бөгде ешкімге бермеуге шақырады.
Шымкент қаласы Прокуратура басқармасының прокуроры Ә.Дінислам:
– Құқық пен міндет қатар жүреді. Қазіргі жастар өз құқығын жақсы біледі. Бірақ, мемлекет алдындағы жауапкершілік пен тәртіпті сақтау да сондай маңызды, – деп, жастардың құқықтық білімін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Шараны қорытындылар соңында мамандар жастардың сауалдарына жауап беріп, осындай «ашық диалог» форматындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Қала прокуратурасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түрлі жобаларды жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Айта кетсек, бұл шара Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында атқарылып отыр. Мұндай шаралардың мақсаты – құқықтық мәдениетті арттыру, жастар арасында қылмыстың алдын алуға тарту және қауіпсіз қоғам қалыптастыру дейді сала мамандары.