ЖЕМҚОРДЫ ӘШКЕРЕЛЕП, СЫЙАҚЫ АЛ!

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Былтыр Атырау облысының тұрғыны жемқорлықты ашуға атсалысқаны үшін 12 миллионнан астам сыйақы алған

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеу тәжірибесі жемісін бере бастады. Мысал келтірер болсақ, өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің колл-орталығына  түскен 27 мың қоңыраудың 233-і сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қатысты екен.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азамат мемлекет қамқорлығына өтеді және ақшалай сыйлыққа ие болады. Тағы да мысал. 2022 жылы жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 134 азамат 40,6 миллион теңгеге ие болған. Ақшалай сыйақы жемқорлық әрекеті расталып, қылмыскер сотталғаннан кейін ғана төленеді. Енді сыйақы төлеу қалай жүзеге асады деген заңды сауал туады.

Қазақстанда төлем жүйесі 2020 жылдан бастап жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтар сараланған сыйақының мөлшерін ала алады. Мұндай жүйе Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг сияқты елдерде де бар.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттеріне өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу мынадай мөлшерде белгіленеді: сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК; онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК; ауырлығы орташа жағдайларда – 50 АЕК; ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарламалар үшін – 70 АЕК; аса ауыр хабарлар бойынша – 100 АЕК.

Пара немесе залалдың мөлшері 1000 АЕК-тен асса, біржолғы сыйақы көрсетілген соманың 10 пайызын құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды. 2023 жылғы айлық есептік көрсеткіш 3450 теңгені құрайды.

Мысалы облыс әкімінің экс-орынбасарын әшкерелеуге көмектескен Атырау облысының тұрғыны 12,2 миллион теңге сыйақы алды. Бұл жалпы параның 10 пайызы.

Халық арасында жемқорлыққа жаны шыдамай ақпарат жеткізген адамдарға «құлақ» деп қарайтын қасаң бір пікір бар. Шын мәнінде солай ма?

Ойланып көріңізші, егер мұндай амалдар болмаса, жемқорлықты қалай азайтып, Әділетті Қазақстанды қалай құрамыз?

«Опен-Ақпарат»