ЖЕР МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДЕ ДЕЛДАЛДАР МЕН АЛАЯҚТАРҒА СЕНБЕУГЕ ШАҚЫРАДЫ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Бүгінгі Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары С.Құранбектің баспасөз құралдары алдында жасаған брифингінде тұрғындардың сеніміне селкеу салатын алаяқтар туралы тағы бір сөз қозғалды. Қаржылық алаяқтық тақырыбында жалғасқан ресми өкілдің бұл сөзінде қаладағы жер учаскелері мен ондағы жайғасқан жылжымайтын мүліктерді заңдастыру мәселесі тілге тиек болды.
Сәрсен Абайұлы осы мәселе төңерегінде кеңінен көсіле сөйлеп, тұрғындар назарына жер учаскелерін заңдастыру жолын нұсқай көрсетіп, кеңес бере кетті. Бұл тұрғыда мәселені шешудің тәсілдері, делдалдар мен алаяқтардан сақтанудың жолын нұсқаған ресми тұлғаның аузынан шыққан сөздерді сол қалпында назарыңызға ұсынсақ дейміз.
– Қаламызда 2314 құжаттары заңдастырылмаған нысандар бар. Оның ең көбі Абай ауданында 1493, Тұран ауданында 283, Еңбекші ауданында 251, Қаратау ауданында 234, Әл-фараби ауданында 53 нысан бар. Бұлардың ішінде тұруға жарамдысы 1831, жарамсызы 483. Қала бойынша қазіргі таңға дейін 187 құрылыс нысаны, сондай-ақ 63 іргетас аудан әкімдіктері және құзырлы органдар бірлесіп бұзылды, сүрілді. Ал енді, адам тұруға жарамды 1831 нысанының құжаттарын заңдастыру ісінде ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес, өз еркімен орналасқан жер учаскелеріндегі құрылыстарға меншік құқығы тек сот тәртібімен ғана шешілуі мүмкін. Бізде басқалай мүмкіндік жоқ.
Мен тағы да қайталай айта кетейін, мұның ішінде өткен ғасырдағы Кеңес Одағы кезінде берілген, тұрғын үй салынған нысандар болуы мүмкін. Бірақ, өз бетінше тұрғындар иеленіп алған жер учаскелері бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Жаңағы айтқан құрылыстардың сүрілуі, іргетастардың алынуы секілді жұмыстардың барлығы соған байланысты дүние.
Бұл бойынша қалалық Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан нысаналы мақсатын өзгерту бойынша, немесе заңсыз иеленіп алғаны бойынша үнемі тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Біз жаңағы 1831 нысанды заңдастырып алу бойынша нысанның иелеріне сотқа жүгінуге кеңес береміз. Басқалай біздің қолымыздан мүмкіндік жоқ.
Осы жерде ескеретін нәрсе бар, үнемі қайталап айтып келеміз ғой, 2008 жылдан бері Шымкент қаласында бірде-бір учаске жеке адамдарға берілген емес. Берілген болса да, аукцион және конкурс өткізу тәртібімен ғана беріліп келе жатыр. Осыны ескерсеңіздер екен. Әйтпесе, өткенде жер беріліп жатқаны, оның берілу тәртібі туралы сұраған сауал әлеуметтік желіде де айтылды, осы алаңқайда да қайталанды. Ондай әңгіме жоқ.
Және, бұл мәселеде де ешкімге сенбеулеріңізді, ешкімге жүгінбеулеріңізді, тек ресми органдарға ресми мәлімет алуға жүгінулеріңізді сұраймыз. Әйтпесе, бұл жер саласында да «жер алып беремін», «рәсімдеп беремін» деп жүрген делдалдар мен алаяқтардың өріп жүргенін өздеріңіздер де білесіздер. Тіпті, көзі ашық азаматтарды да сан соқтырып жүргені рас. Тіпті, делдалдар мен алаяқтар арасында сол құзырлы органдарда жұмыс істеген азаматтардың жүргенін естіп қаламыз. Тек олар ғана емес, дін қызметкерлері де бар екені туралы естіп жатқан шығарсыздар. Бұл бойынша бір жағдай тіркелгенін, шара қолданылғанын, жұмыстан шығарылғанын айта кетейік. Сондықтан, бұл жерде ешкімге сенуге болмайды. Тек ресми органдар, ресми мәліметтерге сүйену керек, – деп С.Құранбек мырза өз білгені мен түйгенін ортаға салып, сөзін түйіндеді.