ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНҒАНДАР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысында табиғат қойнауына бей-берекет қол салып, оны аяусыз тонау тиылмай отыр. Табысқа құныққандар өзен арналарынан қиыршық тас пен құмды артығымен алғаны былай тұрсын, тіпті рұқсат етілмеген жерлердің өзінен керегін емін-еркін қазып әкетіп жатыр.
Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткізілген кезекті тексеріс кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатысты 164 жүк көлігі айыптұрағына қойылды. Осы ретте Сауран ауданында рейд өтіп, 1 тәулікте заңсыз жер қойнауын тасымалдаудың 5 жайты анықталды. Жүк көліктері айыптұраққа қойылды. Ал құжаттар әкімшілік жауапкершілігін қарау үшін Экология департаментіне жолданды.
Мәселен бір ғана Келес өзенінің бойы Қазығұрт, Сарыағаш. Келес аудандарының су арнасын жағалай қоныстанған елді мекендері үшін қауіпті аймаққа айналып барады. Кейбір жерлерде табаны қазыла-қазыла өзен арнасы өзгеріп, жағалауы ауыл шетіндегі үйлерге жеткен. Ауылдың жайылымдық жері былай тұрсын, жан бағып отырған егістік алқабы да де тарылып барады. Арнаның жағалауы шетінен опырылып құлап, құнарлы топырақты су ағызып әкетуде.
Өңірде жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерінің алдын алып, тосқауыл қою мақсатында, облыс полицейлері тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруда. Облыс әкімі Д. Сатыбалды мен полиция генерал-майоры М. Қабденов бұл шараны қатаң бақылауға алған.
Жалпы Түркістан облысында жыл басынан бері «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» дерегімен 4 қылмыстық іс тіркелген. Одан бөлек заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 150 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар «Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу» бабымен Экология департаментіне жолданған. Айыптұраққа 164 жүккөлігі (92-«Хова», 72-«Камаз») 17 арнайы техника (8 – экскаватор, 9 – погрузчик ) қойылған.