ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША САБАҚ ӨТКІЗІЛДІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысында 500 мыңға тарта оқушыға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізілді. Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов «Білім күнін» мектеп оқушыларымен өткізіп, оларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі,-деп хабарлайды Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Департамент басшысы Мұрат Қабденов №28 мектепте болып, ғимарат кіреберісіндегі оқушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған жұмыстарын көрді. Оқу ордасына балалардың алақанын сканерлеу арқылы кіріп-шығуға рұқсат беретін арнайы жасалған құрылғы мен «SOS» батырмасының қызметін тексерді. Сондай-ақ мектеп мұражайын аралады. Сыныптарды аралап, оқушылардың салған суретін, дайындаған өнерлерін тамашалады. Балалар ҚР ІІМ-нен арнайы жіберген «Полиция және балалар» тақырыбындағы дайын эскиздерді бояды. Бұл суреттерде қоғамдық орындағы қауіпсіздік қимылдары бейнеленген. Полицейлер бірінші сынып оқушыларымен осы суреттерді түрлі-түске бояп, түсіндірме сабақтарын өткізді.
Одан әрі «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына қатысып, оқушылардың білім жолындағы ізденісіне сәттілік тіледі.
- Сіздермен кездескен сәтімді пайдалана отырып, жол жүрісі
қағидаларын сақтауды, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасамауды, түнгі уақытта жүрмеуді назарларыңызға салғым келеді. Бүгінгі күннің мәселесі болып отырған құмар ойындарға мүлдем жоламауға шақырамын. Полиция аға-әпкелеріңіз Сіздердің әрқайсыларыңыздың достарыңыз, қорғаушыларыңыз, сондықтан бізге сеніңіздер! Тәртіпті болыңыздар! Білім күні құтты болсын!»-деді полиция департаментінің басшысы Мұрат Талапұлы Қабденов.
Облыс бойынша алғашқы қоңырау мерекесіне орай рейдтік-профилактикалық шарасына 1 мың 200-ге тарта полиция қызметкері және 127 қызметтік автокөлік жұмылдырылды.
Жалпы бүгінгі таңда Түркістан облысында 1060 мектеп бар. Бұл білім ұяларында 479 мың 899 оқушы білім алады. Оның ішінде мектеп табалдырығын енді аттаған бірінші сынып оқушысы 52 мыңға жуық.