ЖОСПАРМЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ЖОБА КӨП

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

– Бірлікті бекемдеу жолында ауқымды қандай жобалар мен жетістіктерді атап өтер едіңіз?

– Ең алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасына тоқталғым келіп отыр. Қазақтану – ең алдымен қазақ халқының бірлігі мен елдігін, мәдениеті мен әдебиетін, тарихы мен дәстүрін терең тану деген сөз. Бұл жоба еліміздегі этнос өкілдерінің қазақ халқының салт-дәстүрін бойына сіңіруіне, мемлекеттік тілді кеңінен қолдануына ықпал етуге, этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, өзіндік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба. Жоба аясында көптеген бастамалар іске асырылып келеді. Нәтижесі де жаман емес. Бүгінгі таңда Түркістан өңірінің 95 пайызы қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді. Жиындардың 70-80 пайызы мемлекеттік тілде өтеді. Бізде тіл мәселесі жоқ. Әрі мұны біздегі этностардың өздерін Қазақстан қоғамының бір бөлшегі ретінде сезіне бастағанының айғағы деуге де болады. Бұл да қуантарлық жағдай.

Сонымен қатар, Түркістан өңірінде толыққанды өзбек немесе тәжік тіліндегі мектептер жоқ, олар әлдеқашан аралас мектептерге айналып, бүгінде қазақ сыныптары көбейіп келеді. Неге десеңіз, өзбек немесе тәжік мектебін тәмамдаған түлектер ҰБТ-ны өз ана тілінде тапсыра алмайды. Сондықтан аралас мектептерде қазақ сыныптарының көптеп ашылуы  оқушыларға қазақ тілінде білім алып, мемлекеттік деңгейдегі емтихандарды тапсыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жүзеге асып жатқан кезекті жобалардың бірі – «Шаңырақ» жобасы. Бұл журналистика саласында жыл сайын өткізіледі. Оған тек БАҚ өкілдері ғана емес, блогерлер де қатыса алады. Жобаның негізгі мақсаты – журналистер мен блогерлердің қатысуымен этностардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру, олардың атқарып жатқан жұмыстарын кеңінен насихаттау. Жоба аясында этномәдени бірлестіктердің іс-шаралары, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы бастамалары, басқа этнос өкілдерінен шыққан білікті мамандар, нағыз еңбек адамдары туралы материалдар БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тамырлас» жобасы облыс тұрғындарының бірлігін нығайту, этносаралық келісімді арттыру және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу аясында іске асқан. Жоба Түркістан облысының әртүрлі этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тарихын насихаттауға бағытталған. Жоба аясында «Мың бала», «Үкілі домбыра», «Кітап – алтын қазына» байқаулары мен экологиялық акциялар ұйымдастырылып отырады.

Сондай-ақ, балалар мен жастарға арналған түрлі мәдени-білім беру шаралары да тұрақты түрде қолға алынып келеді. Спорттық жарыстар өткізіледі. Сонымен бірге, мектеп жасындағы балалардың арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Мысалы, белгілі ақын-жазушыларымыздың мерейтойларына байланысты әлеуметтік желілерде челлендждер өткізіледі. Шығарма, диктант жазу сияқты байқаулар да ұмыт қалған емес. Бұл шаралардың бәріне оқушылар белсенді түрде қатысады.

Одан бөлек «Бірлік», «Қайырымдылық керуені», «Адал азамат», «Салауатты сана», «Ассамблея айнасы», «Жаңа толқын», «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар», «Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Бірлігіміз – әралуандықта», «Елдесу және татуласу», «Қазақстан халқы Ассамблеясының академиясы» жобалары бар. Этносаралық шиеленістің алдын алуға бағытталған «Ырыс алды – ынтымақ», «Достық дастарханы», «Бауырлас ауылдар», «Көрші ақысы», «Жілік ұстау дәстүрі» сынды жобаларымызды да айтпай кетуге болмайды. Барлығы да бекітілген жоспармен жүзеге асып келе жатыр.  Мұндағы мақсат біреу ғана – этносаралық татулықты насихаттау, бейбітшілік пен келісімді сақтау. Бұл бастамалар қоғамдағы түрлі этностар арасында өзара құрмет пен түсіністікті нығайтып, олардың ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуіне сеп болуда.

– Қайырымдылық шараларын ұйымдастырасыздар ма?

– Иә, біздегі этномәдени бірлестіктер қайырымдылық шараларын жиі қолға алып отырады. Бірақ олар бұл істерін жария ете бермейді, өйткені мұны  шынайы ниетпен, ерікті түрде жүзеге асырады. Дегенмен, біз олардың елімізге қосып жатқан үлесін көрсету, қоғамға оң үлгі болу мақсатында игі істерін айтып отырамыз. Мысалы, Арыс пен Мақтааралдағы төтенше жағдайлар кезінде тек Түркістан облысындағы ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша этномәдени бірлестіктер бірігіп, гуманитарлық көмектер ұйымдастырды. Бұл – этнос өкілдерінің елдің тыныштығы мен бірлігін өздерінің ортақ міндеті деп санайтынын, кез келген қиын сәтте елмен бірге екендігін көрсететін шара.

Одан бөлек бізде кәсіпкерлерден құралған «Жомарт жан» орталығы бар. 24 адамнан тұратын бұл орталық 2024 жылы құрылып, содан бері 244 480 000 теңге көлемінде 1546 отбасы мен 3695 адамға көмек көрсетті. Орталықтың бастамасымен шын мәнінде қоғамға жанашырлықпен үлес қосқан азаматтарға арналған «Жомарт жан» төсбелгісі тағайындалған. Бұл төсбелгі тек материалдық көмекпен емес, адамгершілік пен мейірімділік арқылы қоғамға шынайы үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін бағалау мақсатында шынайы жомарт жандарға беріледі.

Сонымен қатар, Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Райымжан Қошқаров басқаратын «Үлес» қайырымдылық қоры да 2010 жылдан бері тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға жалпы сомасы 100 миллион теңгені құрайтын 46 үй салып берді. Биылдың өзінде этномәдедени бірлестіктердің мүшелері 58 қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, 1199 отбасы мен 1312 адамға 23 236 500 теңге көлемінде көмек көрсетті. Бұл да көңіл толарлық нәтиже деп білемін.

 

Сұхбаттың жалғасы бар