«ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ БЕРІЛЕТІН ҚҰРМЕТТІ АТАҚТАРҒА ДА ӘСЕРІ БАР»

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасын талқылау үшін Түркістанға арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ шаһар тұрғындары мен зиялы қауым өкілдерімен болған кездесуде заң жобасының берілетін құрметті атақтарға да әсері барын айтты. Сондай-ақ «Парламентке енгізіліп отырған Заң жобасы қабылданған жағдайда өзімен бірге жер кодексі, туризм, тарихи-сәулет ескерткіштері сынды бірнеше салаға ықпал етеді. Жергілікті атқарушы орган құзыретіне де өзгеріс енгізілуі мүмкін. Заң жобасының алғашқы нұсқасын қайтадан пысықтадық. Ескерткіштерді санатқа бөлдік»-деді ол.

«Ерекше мәртебе – дамудың жаңа серпіні» тақырыбында өткен жиында сонымен қатар  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов порталға заң жобасының алғашқы нұсқасы салынғанда оны небәрі 19-ақ адам талқылағанын айта келіп, оның әзірлеуде әсіресе жергілікті тұрғындардың да пікірі маңызды екеніне тоқталды.

Басқосуда облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Мақсұт Атанбаев, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және ғалым Досай Кенжетай, Дана Орманова, Айғаным Серім сынды зиялы қауым өкілдері пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты. Және қойған сауалдарына халық қалаулылары тарапынан жауап алды. Енді осы айтылған ұсыныстардың негізінде хаттама толтырылатын болды.

Айта кетейік, аталған Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіл әлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді.

Маңызды жиынға еліміздің Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Бекжан Қисанов пен Әділет министрлігінің департамент басшысы Назкен Жамаладин де қатысып, көптің пікірін тыңдады.