ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛІ
- Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Түркістан қалаcында «Заң мен тәртіп – мемлекет кепілі» атты форум өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық прокуратура, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, полиция департаменті мен ҚР-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшылары, сондай-ақ жастар мен жергілікті тұрғындары қатысты.
Облыс орталығындағы «Достық үйінде» өткен басқсоуда өңір басшысы Нұралхан Көшеров қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлес қосу баршаның ортақ міндеті екенін атап өтіп, қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды бірлесе жүргізуге шақырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру маңызды міндет екенін атап өтті. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі – бұл заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуы. Заң – бұл тек қана жазалау құралы емес. Ол қоғам өмірін реттейтін, әрбір азаматтың құқықтарын қорғауға бағытталған жүйе. Осыған орай, облысымызда «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында ауқымды іс-шаралар бастау алды. Бұл іс-шара бір күндік емес, тұрақты түрде іске асырылады. Қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатында биыл құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 24,2 миллиард теңге қаралды,-деді облыс әкімі өз сөзінде.
Өңір басшысы сондай-ақ жергілікті полиция жұмысын ширату туралы айта келіп, заң мен тәртіпті сақтау бағытында кешенді жоспар түзу де аса маңызды екеніне тоқталды.
– Аудан, қала әкімдері жергілікті полиция департаментімен бірлесіп, заң мен тәртіптің сақталуы бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет. Біз үшін адам өмірі – ең басты құндылық. Сондықтан, жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жұмыстарды күшейту керек. Есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде атқару қажет,-деп құзырлы органдарға нақты міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру ісі. Статистикаға жүгінсек, Қазақстан халқының басым бөлігінде айтарлықтай ақша жинағы жоқ және отбасылық бюджетін жоспарламайды. Көпшілік мұның себебін тұрақты жұмыстың болмауы немесе аз жалақы емес, халықтың қаржылық сауаттылығының төмен деңгейімен түсіндіреді.
Адамға жинақталған капиталын сақтауға және оны дұрыс пайдалануға көмектесетін білім жиынтығын қаржылық сауаттылық деп атайды. Яғни, қарапайым сөзбен, түсінікті етіп айтсақ, қаржылық сауаттылық адамға қолайлы өмір сүруге және жалақысы аз болса да, қажетті нәрсенің бәрін сатып ала алатындай ақшасын дұрыс басқаруға мүмкіндік береді.
Қаржылық сауаты бар деп мынадай азаматтарды атауға болады:
- бюджетін жоспарлайтын, өз кірісі мен шығысы туралы нақты білетін;
- ақшасын ақылға салынған шешімдер негізінде саналы түрде жұмсайтын, аяқастынан зат сатып алудан бас тартатын.;
- Қауіпсіздік көпшілігі бар, яғни қолында форс-мажор (мысалы, жұмысынан айырылу немесе жақын туысының ауыр дерті) жағдайында үйреншікті жайлылық деңгейі сақталатын соммасы бар;
- қаржылық мақсаттары бар және осыны «демалыс, жаңа тұрғын үй сатып алу, ипотека рәсімдеу және т.б.) ескере отырып, ақша жинайтын;
- Тұтынушы және салық төлеуші ретінде өз құқықтарын білетін;
- алаяқтық схемалары туралы білетін, дербес деректер мен жинаған ақшасын қорғау әдістерін білетіндер;
Форумға қатысушы мамандар осы тақырыпқа байланысты осындай
негізгі дүниелерді айта келіп, қаржылық сауаттылық күнделікті өмірде жайлылықты қамтамасыз ететінін, дағдарысты жағдайларды оңай жеуге көмектесетінін, басым бағыттарды дұрыс айқындауды үйрететінін айтты. Сондай-ақ саналы өмір сүру салтын қалыптастыруға себепші болады.
Форумда облысы әкімі Нұралхан Көшеров:
– Азаматтардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру мақсатында жаңа бағытта оқыту жұмыстарын жүргізу керек. Облыста ішімдік сатудан бас тартқан 75 елді мекенде қылмыстар саны күрт төмендеген. Осы форумды пайдалана отырып, барлық елді мекендерді аталған акцияға қосылуға шақырамын! Заң мен тәртіп идиологиясын орнықтыру – ортақ жауапкершілік, – деп өз сөзін түйіндеді.
Жалпы, тұрғындардың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан осы жылдың 5 айында Түркістан облысында алаяқтық қылмыстар 33 пайызға, интернет алаяқтық қылмыстар 102 пайызға өскен. Бұл әрине алаңдатарлық жағдай. Осындай жағдайлардың алдын алу және болдырмау үшін, азаматтардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру мақсатында оқыту және түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады.