ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМДАР САТАТЫН КОМПАНИЯ РЕТІНДЕ ТІРКЕЛГЕН «MOONI GOLD» ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫН ҚҰРҒАНДАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы прокуратурасы мен ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бірлесе үшінші мегаполистегі «Mooni Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан. Соның өзінде қаржы пирамидасына 1 мыңнан аса адам тіркеліп үлгерген екен. Бұл туралы openkazakhstan.kz порталы ашық көздердегі kursiv ақпарат порталына сілтеме жасай отырып хабарлаған.

Құрыққа түскен күдіктілер түскен ақшаның 280 миллион теңгесіне тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алып отырыпты.

Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, «Mooni Gold» қаржы пирамидасына мыңнан аса адам тіркелген. Күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания ретінде көрсеткен. Ал, инвесторларға 5 ай ішінде салынған соманың 20-30%-ын құрайтын ай сайынғы табыспен қайтаратынына уәде берген. Оған қоса, негізгі капиталдың бастапқы сомасы сақталатынына кепілдік бергені анықталған.

Ал, прокуратура берген хабарлама мәліметінде «Шын мәнінде, төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың жарналарынан жасалып отырған»  делінген.

Қазіргі таңда күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің «Қаржылық пирамиданы құру және басқару» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Олардың үйлеріне тінту жүргізілген.

Ресми хабарламада: «Күдіктілер қылмысынан түскен ақшаларды жалпы құны 280 миллион теңгеге бағаланатын элиталық тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алуға жұмсаған. Тінту кезінде 15 миллион теңге қолма-қол ақша мен құны 28 миллион теңгені құрайтын 67 атаудан тұратын түрлі алтын бұйымдар тәркіленді», – деп жазды Шымкент қаласының прокуратурасы.

Қазіргі таңда аталған қаржы пирамидасына қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ал, күдіктілер ұсталып, қамауға алынған.

Осы ресми хабарламадан тыс, жақында Абай облысының тұрғындарының «Rakhat0425» қаржы пирамидасына 790 миллион теңгені салып жібергені белгілі болып отыр. Пирамида ұйымдастырушылар салымшыларға 30 пайыздық дивиденд береміз деп уәде еткен.