ЗЕРГЕРЛІК ДҮКЕН АТЫН ЖАМЫЛҒАН АЛАЯҚТАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Шымкент қалалық Прокуратураның үйлестіруімен «Аяла Голд» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты деп хабарлайды агенттіктің @afm_rk телеграм арнасы.

Агенттіктің ақпарат көзі таратқан деректерге көз жүгіртсек, алаяқтар зергерлік бұйымдарды сататын компания ретінде жасырынып, күдіктілер азаматтарға ай сайын 50-60% көлемінде кепілдендірілген табыс уәде етіп, инвестиция салуды ұсынып отырған. Сонымен қатар, алаяқтар өз құрбандарын салынған қаражаттың сақталатынына сендірген. Алайда, төлемдер нақты пайда есебінен емес, жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүзеге асырылып отырыпты. Нәтижесінде, қаржылық пирамидаға 400-ден астам салымшы тартылып, олар 1 миллиард теңгеден астам қаражат салған болып шықты.

Күдікті деп танылған алаяқтар қылмыстық жолмен алынған табысқа жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешенінен екі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен бұл пәтерлерге тыйым салынып отыр.

Бұдан бөлек, күдіктілер өз туыстарын қаржылық схемаға тарта отырып, оларды «дроппер» ретінде пайдаланған. Яғни, басқа салымшылардан түскен қаражаттарды олардың банк реквизиттері арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, жеткізіп беріп отырған. Әрине, сол қызметі үшін де алаяқтардан тиісінше сыйақылар алып отыратыны сөзсіз.

Осы тұста айта кетсек, қазіргі қолданыстағы заңнамада «дропперлік әрекет» дейтін түсінік қолданылады. Бұл әрекет бойынша алаяқтарға банк шоттары арқылы қызмет көрсетіп, сол арқылы білгілі мөлшерде табыс тапқан азаматтар да алаяқтардың сыбайласы, әрі қолдау көрсетуші деп танылып, құқықтық жауапкершіліктерге тартылатын болады.

Ақпарат көзінің дерегінше, қазіргі таңда қаржылық пирамиданың ұйымдастырушысы екі ай мерзімге қамауға алынған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Қылмыстық процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілуге жатпайды делінген телеграм ақпарат арнасында.