ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ТАП КЕЛГЕНДЕР АҚЫСЫЗ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒА АЛАДЫ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Енді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары ақысыз демалысқа шыға алады. Демалыс мерзімі 30 күннен аспайды. Бұған Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер мүмкіндік беріп отыр. Осы кодекстің 97-бабының жаңа тармағында “Жұмыс беруші жұмыскерге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдарда болған кезеңде жалақы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік 30 күннен аспайтын демалыс беруге міндетті. Жалақы сақталмайтын демалыс оның ұзақтығы көрсетіліп және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы шарттың көшірмесі ұсыныла отырып, жұмыскердің жазбаша хабарламасы негізінде беріледі”, – делінген. Түзетулер 16 маусымнан бастап күшіне енді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы заң әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізіп, отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған. Заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылып, неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған.
Сондай-ақ жаңа заңның қабылдануына байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (ӘҚБтК) қабылданған заңға қатысты әкімшілік жазалардың жаңа түрлері пайда болды. Бұл ретте жауапкершілік ата-анаға ғана емес, басқа жауапты тұлғаларға да қатысты болмақ.