ИБРАҺИМ АТА ТҰЛҒАСЫ, КЕСЕНЕСІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Қазіргі таңда Шымкент қаласы туризм саласының нағыз ордасына айналып келеді. Туризмнің адамның көңіл-хошын көтеретін ойын-сауық туризмі саласынан бастап, табиғат аясындағы туризм, гастрономиялық туризм, іскерлік туризм, спорт туризмі секілді түрлерінен бөлек, тарихи-танымдық туризм және зиярат ету туризмі де кең құлаш жайып келеді. Бұл соңғы аталған туризмнің екі саласы туралы сөз қозғала қалса, қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында орналасқан Сайрам тұрғын алабындағы кесенелер ойға бірден оралатыны сөзсіз. Оған қоса, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етер алдын оның ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелеріне зияраттау керек дейтін тәмсіл тағы бар. Осының бәрі Шымкенттің туризмі саласына оң ықпал етері сөзсіз.

Сайрамда орналасқан көне сәулет ескерткіштері қатарына жататын, бүгінгі таңға аман сақталып жеткен нысандар біршама. Оның қатарында өзіндік сәулеттік ерекшеліктері көз тартатын, ғылыми айналымда «Сайрамның қоспорталды кесенелері» деп енген тарихи-мәдени мұра объектілері бірінші қатарда тұрады. Сол қоспорталды сәулет ескерткіштерінің басында – Ибраһим ата кесенесі де бар. Осы ерекше нысан туралы арнайы маман пікірін оқырман назарына ұсынуды жөн санап едік. «Шымкент музейлері бірлестігі» МКҚК-на қарайтын «Сайрам музейі» мекемесінің ғылыми қызметкері Фируза Эрметова ханым Ибраһим ата кесенесін жан-жақты таныстырады.

«САЙРАМДА БАР САНСЫЗ БАБ…»

Сайрамның ескі тарихи аты – Исфиджаб. Қазақстанның орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі. Сайрам жөнінде ең алғаш рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген. Сайрам жайлы мәлімет Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. Исфиджаб қалашығы туралы зерттеу жұмыстарын 1923 жылдары П.П. Иванов, 1925 жылдары М.Е. Массон, 1947 жылдары Н. Бернштам басқарған.

Халық ауыз әдебиетінде «Сайрамда бар сансыз баб…» деп келетін бір ауыз сөз жиі айтылады. Бұл сөздің жаны бар екенін жазбаша дереккөздерден жиі байқаймыз. Ескі Сайрамда 50-ден аса мешіт, 40-там астам имам болғандығын 1893-1894 жылдарда Сайрамға сапарлаған әйгілі ғалым В.В.Бартольд өз жолжазбасында еске сала кетеді. Сыртқы көрінісі сұрықсызданып тұрғанымен, ішкі сыры мен құпиясы әлі күнге дейін бізге беймәлім Мәртөбе, Ұлықтөбе, Төрткүлтөбе, Қаратөбе, Қарауылтөбелер, Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш анаға арналып салынған қасиетті кесенелер, басқа да әулиелі орындардың бәрі осында. Өкінішке қарай, кейбіреулері тозып, кейбіреулері қайта қалпына келтіріліп дегендей, уақыттың қатал сынына шыдап келе жатыр.

Жергілікті халық  арасында тараған аңыз-әпсаналардың баян етіп айтуларына қарағанда, түпкі тегі бір мұқым түркі халықтарының ата жұртындағы әзіз әулиелер көп қасиетті де киелі орынның бірі – кәрі Сайрам топырағы болып саналады. Көнеден келе жатқан әпсананың айтуынша. Ыдырыс пайғамбар осы жерде мешіт мінажатханасын салған екен.

Сайрам бұрыннан киелі орын деп есептелген. Сайрамда культтік сәулет ескерткіштері едәуір  мөлшері шоғырланған.

-ислам дінін таратушылардың есімімен байланысты ескерткіштер (Әбдел Әзіз баб, Мірәлі баб, Падишаһ Мәлік).

-Ахмет Ясауи атымен байланысты  ескерткіштер (Ибраһим  ата, Қарашаш  ана, Махмұтхан ата, Сүзік ата)

-Інжіл мен Құранда кездесетін пайғамбарлардың есімімен кездесетін ескерткіштер бар.

            ИБРАҺИМ АТАНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТІ

Ибраһим ата – атақты сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі, діни көсем, әрі танымал уағызшы болған. Ибраһим ата – Испиджаб жерінде сопылық ілімді таратқан, әулиелік, бақсылық қасиеттері, табиғаттан берілген тылсым күштері үшін халық табынған тұлға. Орта ғасырларда ислам дінін насихаттау орталықтарының біріне айналған көне Сайрамда көптеген діни ғұламалар, ұстаздар өмір сүрген. Солардың бірі – атақты Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим ата мыңдаған мүриттерге ұстаздық қылған. Діни көсем, әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған  Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, әрі табысты жер өңдеуші еді. Халық арасында оның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы түрлі аңыздар тараған.

Ибраһим ата мұқтаж адамдарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарларға ислам дінін уағыздады. Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим өз кезеңінің сауатты, көзі ашық білімді, діндар адамы болса, анасы Қарашаш (енді бірде Айша деп те айтылады) елге қадірлі, ақылды әрі аяулы ана  болған екен. Ясауи Сайрам елді мекенінде туып, сондағы ауылдық молдадан дәріс алған. Жастық шағы да сонда өткен. Ибраһим атаның арғы бабалары Мұхаммед пайғамбардың інісі әрі күйеу баласы Әзіреті Әлидің Мұхаммед Ханафия атты ұлынан тарайтыны айтылады. Бұл аталған шежіре 90-жылдардың бас кезінде Сайрам қаласындағы ескі, бұзылған үйдің қабырға жапсарынан табылған. Оны сайрамдық Саидикрам Саидакбаров деген кісі тапқан. Кейін бұл алты метрлік Қытай қағазына жазылған қолжазба Шымкент қаласында жеке кітапша болып басылды. Мұнда Қожа Ахмет Ясауидің жастық шағы мен алғашқы оқыған ұстазы жөнінде бұрын ешбір деректе кездеспейтін  тың мәліметтер келтірілген.

«Насаб-нама» яғни, Ясауи әулетінің шежіресі көне шағатай тілінде жазылған. «Насаб-нама» – қожалар әулетінің шежіресі. Ол өз ішінде әр әулеттің жеке шежіресі болып жіктеледі. Жалпы, Исфиджабқа қожалардың келуі, Қожа Ахмет Ясауидың ата тегі мен ұрпақтары туралы мәліметтер берілген. Сайрам тұрғын алабының азаматы Б.Мехманханов 2006 жылы осы шежірені музейге тапсырған. Ескі үйді бұзып жатқанда, қабырға арасынан табылған шежірені сайрамдық имам Сыдықхан ата оқып берген. Өлшемі: ұзындығы 2 метр, ені 12 сантиметр болатын орама кітап, қытай қағазына жазылған. Авторы белгісіз қолжазба тарихшы М.Мирхалдаровтың  («Шажараи сағадат» кітабында) айтуынша 1291 жылы  қайта көшірілген. Әмір Темір кезінде бірнеше нұсқалары жазылған (Шарафиддин Әлі Яздидың «Зафернаме» (Жеңіс кітабы).

ИБРАҺИМ АТА КЕСЕНЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІНЕ ТОҚТАЛАЙЫҚ

Ибраһим ата кесенесі деп аталатын сәулет ескерткіші мерзімделуі жағынан ХІІ ғасырдан басталып, ХІХ ғасырдың екінші жартысы аралығына жатқызылады. «Мадинат-әл Байда мен Исфиджаб әулиелері  хақындағы трактат» («Рисала и Сайрам») деп аталып жүрген еңбекте Ибраһим ата кесенесінің «…ежелгі  бекіністің етегінен болмашы қашықтықтағы жерде» орналасқаны жөнінде айтылады. Сайрам тұрғын алабының солтүстік-батыс шетінде, Ақсуға баратын жолдың оң жағасында биіктікте орналасқан (М.Е.Массон), үлкен төбенің үстіне салынған ескерткіштің нақты орналасқан жерімен қаншалықты салыстыруға келетінін айту қиын. Сайрамның көрікті жерлерінің бірінде тұрған кесененің оңтүстік-батыс бұрышы көз тартарлықтай көрінеді.

Кесененің киелі дәстүрі хазіреті Ибраһим ата есімімен байланысты. Ол осы есіммен аталатын төрт әулиенің бірі болғандығы туралы «Мадинат-әл Байда мен Исфиджаб әулиелері  хақындағы трактат» («Рисала и Сайрам») еңбегінде «оның қабірі сақталған» деп айтылып қалады. Оған арналған ХVII ғасырдың аяғы ХVIIІ ғасырдың басындағы жазба деректер мен ХІХ-ХХ ғасырлардың басындағы фольклорда Қожа Ахмет Ясауидің әкесі екендігі бірауаздылықпен айтылады.

Басқа бір топ аңыздарға қарағанда, Ифтихардың ұлы Махмұт ұлы Ираһим ХІ ғасырдың екінші жартысында Сайрамда өмір сүрген түргеш тайпасының ұрпағы, жергілікті түріктерден шыққан сопы шейхы. Оның Сәдір шейх және Ахмет  Қожа  атты екі ұлы болады. Екінші ұлы Ахметке түріктің ұлы ақыны және сопылық ілімінің негізін салушы дана ғұлама болу тағдыры жазылған.  Ибраһим ата Ысқақ баб әулетінің төртінші ұрпағына жатса, Мұхаммед пайғамбардың немере бауыры мен куйеу баласы тақуа Әли халиф әулетінің он бесінші ұрпағы болып келеді екен. Ибраһим ата Ахмет Қожа жеті жаста болған кезде қайтыс болады. Аңыздар бойынша, ол мыңдаған муридтерге ұстаз болған. Сонымен қатар, көрегендік қабілеті бар ғұлама еді. Халық ауызекі әдебиетіндегі аңыздарда ол қарапайым диқан, бау-бақша мен айналысатын еңбекқор адам деп сипатталады.

Кесенені алғаш суреттеген П.П. Иванов (1925 жылы), содан кейін М.Е.Массон (1928 жылы) өздерінің тарихи-археологиялық очеркінде  Ибраһим ата туралы агиографиялық мәліметтерді қозғайды. 1963 жылы Шымкент облыстық құрылыс және сәулет істері бөлімі архитектуралық өлшеу жұмыстарын жүргізеді (Т. Поднебесная). 1983 жылы ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарына байланысты бұл өлшемдер қайта нақтыланады. Сол кезде  кесене  Қазақстаннның  тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне еңгізіледі (Н.Н.Мұхаммедиева). 1980 жылдардың екінші жартысы – 2000 жылдардың басында Ибраһим ата кесенесі бірқатар жариялымдарда екі порталды кесене генезисі мен композициялық  ерекшеліктерімен байланысты аталып өтеді (Б.Ә.Байтанаев, Ю.А.Ёлгин). 2000 жылдардың басында Сайрам тарихы бойынша  жазба  деректерді зерттеуге байланысты Ибраһим атаның агиографиялық мәселелері қозғалады (Ж.М.Тулибаева, Девин Ди Уис).

Кесененің бірінші ғимараты туралы анық, нақты мәліметтер жоқ. ХІІ ғасырдың бірінші жартысында  Ибраһим ата қайтыс болған соң, оның қабірінің үстіне  мемориалды құрылыс – кесене  тұрғызылған (кесене Қарахандар дәуірінің мәдени қабатында тұр) деп есептеледі. Одан әрі ХІV ғасырдың басында қайта тұрғызылғаны айтылады. Сондықтан да, кесененің мерзімделуі сөз бола қалса, ХІІ-ХІV ғасырлар деген дата көрсетіліп отырады.

Күмбез Ибраһим атаның қабірі үстіне салынған. Күмбез мазарлардың көнеден сақталып қалған ескерткіштерінің бірі болып табылады. П.П.Ивановтың  кесене 1880 жылдары салынған деп дәлел келтіруі  шындыққа  жанасып қалуы мүмкін. 1950 жылы жер сілкінісі  нәтижесінде күмбезі қираған соң, кесене металл жабындымен жабылған. 1990 жылы  Манкентке  баратын жол ескерткіштен батысқа қарай 20 метр жылжытылып, ал төбенің іргесі топырақ үйіндісімен нығайтылады. 2012-2013 жылдары кесенені түбегейлі қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ескерткіштің сәулеттік кескіні қайта жаңартылады. Цилиндрлі  барабаны үстіндегі сфероконустық күмбезі толығымен қалпына келтіріліп, порталдарындағы пилондары мен аркалары қайта ауыстырылып, көптеген ойықтары мен сызаттары жойылып,кейінгі уақыттарда пайда болған қабаттары тазартылады.

Кесене бір камералы, шаршы түріндегі құрылыс. Порталды-күмбезді  кесене көлемдік-кеңістік композициясы қатаң түрде төртбұрышты  жоспардағы қабірханасы негізгі кубтық көлеммен, цилиндрлік барабандағы сфероконус күмбезбен және екі порталмен бөлінеді. Ганчхак кирпиші мен қаланған. Ибраһим ата кесенесінің көлемі 7,2 х 7,2 метр, ал ұзындығы – 8,25 метр. Ғимарат бір орын-жайы бар екі деңгейлі болып келеді. Бастапқы күмбезі екі қатпарлы болған. Ескерткіш 2010 жылдың басына дейін осындай күйде болған. Кесенедегі архитектуралық ерекшелік әулие қабіріне  табынудың  сопылық салтынан шыққан  қасиетті мазмұнмен байланысты.

Интерьеріндегі қабырғалар сыланған. 1960 жылдардың басына дейін араб әріпіндегі жазулар сақталған еді. Еденіне төртбұрышты  жұқа кірпіштер төселген. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Мінәжәт ету және діни туризм нысаны болып саналады.

САЙРАМНЫҢ КӨНЕ СӘУЛЕТ ЕСКЕРТКІШТЕРІ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

Орта ғасырларда ислам дінін  насихаттау орталықтарының біріне айналған көне Сайрамда көптеген діни ғуламалар, ұстаздар пайда болған еді. Солардың бірі – атақты Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим Ата мыңдаған мыриттерге ұстаздық қылған. Ол жасаған XI ғасыр ислам дінінің құлашын кең жайып, халықтың жүрегіне жол тауып тұрған бір дәуір еді. Ибраһим атаның диқаншылық кәсібі де болды. Сонымен қатар, ел арасында ол кісінің әулиелік, көріпкелдік кереметтері туралы аңыздар таралған. Қасиетті бабамыздың шығу, таралу тегі туралы шежіре жазбалары «Мадинат-әл Байда мен Исфиджаб әулиелері  хақындағы трактат» («Рисала и Сайрам») кітабында сақталған.

Ибраһим шайқы (шейх) – тектік қасиеттің күштілігін қоғам үшін саналы ғұмырын арнаған әкелі-балалы қос әулие тұлғалары арқылы тануға болады. Ибраһим атаның бойында әулиелік, көріпкелдік, емшілік қасиеттері болған. Кесене киелі жер ретінде халықтың түпкі мәдениетінің ерекшелігін, уақыт пен кеңістіктегі дәстүрлі қазақ мәдениетінің көрінісін баяндайды.

Қазақстанда ұлттық құндылық саналатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.  Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі. Ғылыми мақаламыз арқылы халықтың рухани таным-түсінігін кемелдендіру, аса бай тарихымызды игеріп, танымай тұрып ілгері аттау мүмкін емес.

Әлемдік өркениет тарихынан ойып орын алатын, адамзат мәдениетінің аса құнды мұралары – көне архитектуралық ескерткіштер біздің мақтанышымыз. Бүгінде әрқайсысы өз алдына іргелі ел болып, дүниежүзіндегі өркен жайып отырған түркі тектес халықтардың ортақ мұрасы болып табылатын бұл ескерткіштер біздің тарихымыздың терең тамыры болып қала бермек. Сондықтан да, ескерткіштерді, мәдени мұра ретінде сақтау біздің борышымыз болып табылады.

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Байтанаев Б.А., Ёлгин Ю.А. «О некоторых особенностях мемориального зодчества Сайрама» 2007 ж.
  2. Мирхалдаров М.М. Беркинбаев Е. « Святых В Сайраме не честь» Алматы. «Өнер» 2000 ж.
  3. Мирхалдаров М.М. «Зиярат орындары» Шымкент 2004ж .
  4. Тәжиев Қ.Т. «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы»  «Қазығұрт» баспасы Алматы 2018 ж.
  5. Зиев А.А. «Хожа Ахмад Яссавий «Насабномаси». Ташкент  2024 ж.
  6. Массон М.Е. « Старый Сайрам» Известия Средназкомстариса Ташкент 1928 г.
  7. Иванов П.П. «Историко-краеведческий очерк. Ташкент. 1923 г
  8. Мирхалдаров М.М. « Шажараи –сағадат» 2005 ж. Ташкент.
  9. К.Шодиметов «Сузук ота изидан» 2023 ж. Ташкент.
  10. З.Момынжанов «Сайрам» (Ғылыми-әмбебап энциклопедия) 2021 ж. Шымкент.

 

Фируза ЭРМЕТОВА

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі»  МКҚК «Сайрам музейі» бөлімінің ғылыми қызметкері

Көрнекі фотосуретте 2010 жылғы кесененің реставрацияланып жатқан  кезі көрсетілген