ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚҚА БӨЛІНГЕН УЧАСКЕДЕГІ ЕСКЕРТКІШТЕР ЗЕРТТЕЛІП ЖАТЫР

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Күні кеше ғана еліміздің президенті Қ.Тоқаев Шымкент қаласына келген жұмыс сапарында қаланың тарихи тамыры тым тереңнен басталатыны және шаруашылығы да ежелгі сауда жолымен бірге ежелгі дәуірлермен астасып жатқаны туралы тілге тиек еткен болатын. Сондай-ақ, әр жылдары Түркістандағы, Атыраудағы өткен Ұлттық құрылтайларда да тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қажеттігі, кешенді зерттеудің маңыздылығы жайында да айтудай-ақ айтып келеді. Ал, өз алдына мегаполис болғалы Шымкенттің аумағындағы самсап тұрған ерте заманның ескерткіштерін жан-жақты зерттеу түгілі, есепке алу жұмыстары жүргізіле қоймағаны белгілі.

Шымкент – өнеркәсіпті қалаға айналып келеді. Шаһардың шеткі аудандарынан арнайы индустриялық аймақтар ашылып, қаланың шаруашылықтары ірге басып, қала тұрғындары жұмыспен қамтылып жатыр. Өкініштісі, бұған дейін ашылған индустриялық аймақтарға жер учаскесін белгілеген кезде тарих және мәдениет ескерткіштерін зерттеп, жәдігерлерді алып қалу жұмыстары жүргізілмеді. Мысалы, «Ордабасы», «Оңтүстік», «Жұлдыз» индустриялық аймақтарында болған Қаратөбе мекенжұрты (І-ІV ғ.ғ.), Қаратөбе обалар қорымы (б.з.д. I ғ. – б.з. X ғ.) деген секілді қаншама тарихи мұралар көз алдымызда жойылып кетті. Бүгінде оларды қайта қалпына келтіруді былай қойғанда, мәдени қабаттарына шамалап болса да сараптама жүргізу мүмкін емес.

Қазіргі таңда мегаполистің солтүстік-батыс тұсынан жаңа, Шымкент қаласындағы жетінші индустриялық аймақ – азық-түлік бағытына басымдық берілетін «Бозарық» индустриялық аймағы ашылғалы жатқанынан хабарыңыз бар шығар. Бүгінде осы өндірістік аймаққа бөлінген учаскедегі тарихи-мәдени мұра объектілеріне кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Осы аумақтың ішінде үш ескерткіштер шоғыры: Қайнарбұлақ-1 обалар тобы (4), Қайнарбұлақ-2 обалар тобы (4), Қайнарбұлақ обалар қорымы ( 8 ) орналасқан. Қазба жұмыстары жақын уақытта аяқталып қалуы мүмкін. Алдын-ала қорытындыға қарасақ, ескерткіштердің дені б.з. I мыңжылдығының басы деп топшыланып отыр. Әлбетте, алдағы уақытта ескерткіштен табылған жәдігерлерге сараптама жүргізіліп, датировкасы нақтылана түседі. Табылған жәдігерлердің барлығы Шымкент қаласының музейлерінің экспозиция залдарына қойылып, келушілердің назарына ұсынылмақ.

– Бұл ескерткіштердің кезеңі біздің жыл санаудың І-IV ғасырларына жатады деп отырмыз. Бұл үлкен кезең, ұзақ уақыт аралығы екенін білесіздер. Қазір осы жерден табылған адам сүйектерінің қалдықтарына радиокөміртекті анықтау әдісімен нақтылайтын боламыз. Осылайша оның өмір сүрген кезеңінің дәлме-дәл датасын білеміз, – дейді археолог А.Грищенко.

Археологиялық қазба жұмыстарына елімізге танымал археолог, академик Б.Байтанаев басшылық жасап жүр. Археологтар тобының ішінде Оңтүстік археология мектебінің өкілі, жас ғалым А.Ергешбай және Ресейдің Қазан өңіріндегі археология мектебінің өкілі О.Байтанаева да бар.

– Бұл ескерткіштерді алдын-ала біздің заманымыздың І-IV ғасырларына жатқызып отырмыз дедік қой. Зерттеушілер ол кезеңге жататын Оңтүстік өңіріндегі ескерткіштердің денін Қаңлы (Кангюй) кезеңіне жатқызып жүр. Десе де, аталған кезең біз үшін әлі де нақтылай түсуді қажет етеді. Өйткені, Қазақстан тарихында сақтар мен Түрік қағанатының арасындағы кезеңдерде ақтаңдақтар көп, деректер аз. Біресе ғұндар, біресе қаңлылар, тіпті бірде Кушан патшалығының әсер ету ықпалында болды. Сондықтан, нақты мына елдің өкілі деп айту қиындау. Алайда, бүгінгі таңдағы қазақтардың жерлеу ғұрпындағы ерекшеліктерді сол дәуірлерден көреміз. Қараңызшы, дромосы, камерасы, камераның алдындағы кірпішпен қалануы тұр, ұқсай ма? Бұны мәдениеттердің мыңжылдықтардан өтіп жалғасуы деуге болады.

Мына обада үш адам жерленіпті. Шамалауымызша, туыс адамдар секілді. Алдымен ері, одан кейін әйелі жерленген, содан соң араға 20-30 жыл салып қызы жерленген сияқты. Өйткені, қабірдің аузы солтүстік жағынан кейінірек ашылып, бергі жағына, әкесінің жанына жерленген. Әлбетте, оба ерте заманда тоналған. Бірақ, қабір тонаушылар тек оңтүстік бөлігінен қазып кіргендіктен, жоғарғы жағына тиісе қоймапты, сүйектері орнында жатыр. Ал, оңтүстік жағындағы дромоста адам сүйектері шашылып қалған. Дромос деген термин қабірдің камерасына апаратын дәлізге қатысты қолданылады. Бүтін дерліктей керамикалық құмыралар, табақтар, тостағандар шығып жатыр. Табылған жәдігерлерді алдағы уақытта толық зерттеп, арнайы көрме ұйымдастырып, таныстыратын боламыз,-дейді Бауыржан Әбішұлы.

«Бозарық» индустриялық аймағындағы археологиялық қазба жұмыстары жалпы барлығы 16 обаны қамтып отыр. Бұл тарихи-мәдени мұра объектілері былтыр 2024 жылы Шымкент қаласы аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағын шығару кезінде анықталып, жедел қазба жұмыстарын жүргізу туралы шешім шығарылған болатын.

 

С. Дүйсебайұлы