ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІ МЕН КИБЕРҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ МІНДЕТ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталған Жолдауында атап өткендей, киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи, интеллектуалды жүйе құру қажет. Бұл ретте қажеттілігіне қарай тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу және құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру міндеті тұр.

Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру маңызды. Аталған құрылым жаңа цифрлық қаржы жүйесінде болашағы зор активтерден тұратын стратегиялық крипторезервті жинақтайтын болады.

Мемлекет басшысы жоғары технологиялық салаларға бір миллиард долларға дейін инвестиция тартуға бағытталған арнайы бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмысты Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе атқаруы тиіс.

Сонымен қатар, Екінші деңгейлі банктердің нақты секторға қаржы салуда белсенділік таныту қажеттігі де айтылды. Бұл мәселе қоғамда бұрыннан қызу талқыланып келеді. Сондықтан, аталған жұмысты созбай қолға алу маңызды.

Президенттің Жолдауында атап өтілгендей, Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған мемлекеттермен салыстырғанда орта есеппен бірнеше есе жоғары пайда әкеліп жатыр. Бұл жөнінде Қ.Тоқаев «…Себебі, біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, сарапшылар үнемі көтеріп жүр. Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет. Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет» деп атап өткен болатын.

 

#Жолдау2025 #ҚаржыЖүйесі #ЦифрлықЭкономика #Киберқауіпсіздік #Инвестиция #ҰлттықБанк #Қазақстан