ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАР АЛТЫН БҰЙЫМДАРЫН АЛАМЫН ДЕГЕН ШЫМКЕНТТІК АЗАМАТШАНЫҢ 950 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚАРЖЫСЫН ЖЫМҚЫРҒАН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін, 1 қазан күні Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мырза бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, әдеттегідей өткен апта ішінде атқарылған шаруалар мен қаладағы қоғамдық-саяси ахуал жайында баяндама жасады, баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Жиын барысында айтылған қаладағы қылмыстық істердің тіркелуі бойынша ақпаратты дәстүріміз бойынша бере кетейік.

Әдеттегідей, ақпаратты дереккөздің өзінен сөзбе-сөз беруді жөн санадық. Сонымен, Сәрсен Абайұлы былай дейді:

– Өткен аптада тергеу органдарының өндірісіне жалпы 183 іс тіркелген. Оның бесеуі сот органдарына жолданған. Жалпы қылмыстық істердің ішінде 57 іс алаяқтық бойынша, 43 іс ұрлық бойынша, 10 іс есірткінің заңсыз айналымына қатысты және 9 іс жол-көлік оқиғаларына қатысты болып табылады.

Аталған қылмыстық істердің ішіндегі алаяқтық қылмыстарының басым көпшілігі, бұның 34 ісі – интернет алаяқтық фактісі. Оның негізгі тәсілдерін мен өткен брифингтерде бірнеше қайталап сіздерге айтып өткен болатынмын. Тағы да қайталаудан шаршамаймын. Өткен аптада К. есімді азаматша инстаграм әлеуметтік желісінің қосымшасы арқылы алтын бұйымдарына тапсырыс берген. Банк қосымшасы арқылы белгісіз тұлғаға 950 мың теңге көлемінде ақша қаражатын аударған. Әрине, қылмыстық іс тіркелді. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Бірақ, тұрғындарымызды тағы да мұқият болуға, өз қаржы-қаражаттарына сақ болуға шақырамыз. Осыған мағыналас фактілер күн сайын жүйелі түрде тіркеліп жатады. Сақ болу керек! Өте сақ болу керек!

Күні кеше ғана менің өзімнің әлеуметтік парақшамда осыған ұқсас интернет алаяқтық туралы арнайы пост жариялаған едім. Менің де атымнан өзге бір бөтен нөмірден, тіпті біздің әкімдіктің қызметкерлеріне хабарласып, не істеу керектігін айтып, нұсқама беріп жатқан алаяқтарды бір көзбен көріп отырмыз. Бұл алаяқтық фактісі екенін мен тағы да қайталап айтамын. Біздің азаматтарымыз кез-келген хабарламаға күмәнмен қарап, мұндай алаяқтық әрекеттерге өте мұқият болуы керек деймін. Егер, мұндай жағдайлар орын алып, уацап нөмір болсын, басқа нөмірлер болсын, хабарласып жатқан болса, онда міндетті түрде 102-ге шағымдану керек. Міндетті түрде 102 нөміріне жариялау керек. Ол сіздердің аттарыңыздан ба, сіздерге бола ма, осы жерде жұрт болып, ел болып жұмылып бірігіп атқарған кезде ғана біз осы келеңсіз оқиғаларды барынша жоятын боламыз.

Жол-көлік оқиғалары да күн сайын орын алып жататын көрініске айналғанын, жәбірленушілердің саны артып келе жатқанын өздеріңіз де күнделікті көріп отырсыздар. Оның басты себептерінің бірі – әрине, жылдамдықты арттыру, жол ережесін сақтамау және ұялы телефондарға алаңдау. Тіпті, жаяу жүргіншілер өтетін жолда мектеп оқушыларын қағып, ауыр жағдайға түсіріп дейтіндей жағдаяттар азаймай тұр. Күні кеше ғана сондай оқыс оқиға Қазығұрт ауданының бір қыз баласына қатысты болып, Асардағы балалар емханасына жеткізген, қазір өте қиын жағдайда жатыр. Мұндайға абай болу керек. Жол ережесін барынша сақтау керек. Мұның барлығы екі жақтың да тағдырына әсері бар: жүргізушінің де, жүргіншінің де. Сақ болайықшы! – деп, қала әкімінің орынбасары сөзін қорыта түйіндеді.