ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАР ШЫМКЕНТТІК ТҰРҒЫННАН 25 МИЛЛИОН ТЕҢГЕСІН АЛЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, БЕЙНЕҚОҢЫРАУМЕН ТАҒЫ ДА ҚАРЖЫСЫН АЛМАҚ БОЛҒАН
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласының бір тұрғыны интернет алаяқтардың құрбаны болып, 25 миллион теңгесінен айырылған. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаментінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында ақпарат бөлісіп отыр.
Осы тұста бір айта кетерлігі, алаяқтардың бір басқан ізіне қайта айналып келіп, құрығына іліккен құрбандығын тағы бір тамырын басып көргісі келген әрекеті болып тұр. Құныққан қылмыскерлер зардап шегушіден 25 миллион теңге жымқырумен ғана тоқтап қалмай, олардың бірі бейнеқоңырау арқылы азаматшамен байланысқа шығып, жалған ақпаратпен сеніміне кіре отырып, тағы да ақша алмақ болып әрекеттенген. Бейнеқоңыраудағы күдікті тұлға өзін құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырған. Сірә, бұл алаяқтар «алтын шыққан жерді қаза түс» дейтін тәмсілді ұран етіп алса керек.
Жәбірленуші әйел дер кезінде күмәндана алаяқтардың арбауынан есін жиып, киберполицияға жүгінген. Соның нәтижесінде, киберқылмыс мамандары оған алаяқтардың әрекет ету тәсілін түсіндіріп, мұндай жағдайдың алдын алу жолдарын түсіндіріп, тағы бір қылмыстық әрекеттің жолын кескен.
Осылайша, Шымкент қаласында тағы бір ірі интернет алаяқтық дерегі тіркеліп отыр. Қала тұрғыны белгісіз тұлғалардың алаяқтық арбау әрекетіне алданып, жиған-тергенінен айрылып қалды. Тергеу мәліметінше, жәбірленуші алаяқтардың жалған уәделеріне сеніп, жалпы сомасы 25 миллион теңге көлеміндегі қаражатын олардың көрсеткен шоттарына аударған. Бұл оқиға киберқылмыстың әлі де кең таралғанын және азаматтардың сақтық шараларын қатаң ұстануы қажеттігін көрсетіп отыр.
Киберқылмыскерлер, әдетте, адамдарды психологиялық тұрғыда қысымға алып, шұғыл шешім қабылдауға мәжбүрлейді, өзін банк қызметкері не құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырады немесе инвестициялық жобаларға қатысуға үгіттейді. Бұл әрекеттердің барлығы сенімге кіріп, азаматтарды шатастырып, заңсыз жолмен ақша иемденуді көздейді.
Полиция осындай жағдайға тап болған әрбір тұрғынға негізгі қауіпсіздік ережелерін ұстануды қатаң ескертеді. Ең алдымен, интернеттегі бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сенбеу керек. Әсіресе, күмәнді шоттарға ақша аудару үлкен қатерге әкелуі мүмкін. Егер сізге белгісіз нөмірден қоңырау шалынса, бейнеқоңырау арқылы өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса немесе қаржы аударуды талап етсе, дереу тоқтап, ресми дереккөздер арқылы ақпаратты тексерген жөн.
Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстардың алдын алуға азаматтардың сақтығы мен сергектігі тікелей әсер ететінін айтады. Егер, алаяқтық белгілері байқалса, уақтылы полицияға хабарлау өте маңызды. Өйткені, жедел әрекет ету арқылы қылмыскерлердің ізін суытпай анықтау мүмкіндігі артады.
Қазіргі таңда Шымкент қалалық Полиция департаменті бұл фактіге қатысты тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Мамандардың мәлімдеуінше, интернет алаяқтарының әрекеттері жыл сайын түрленіп, жаңа әдістермен толықтырылып келеді. Сондықтан, әрбір тұрғын өз қаржысын қорғаудың қарапайым жолдарын есте сақтап, күмәнді ұсыныстарға жоламауы тиіс.
Полиция ескертеді: Интернеттегі бейтаныс тұлғаларға сенбеңіздер, күмәнді шоттарға ақша аудармаңыздар, күдікті әрекет байқалған жағдайда дереу полицияға жүгініңіздер. Бұл ереже қаражатты қорғап қана қоймай, қылмыскерлердің еркін әрекет етуіне тосқауыл бола алады.
Көрнекі фотосурет ашық көздерден