ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТАР WHATSAPP МЕСЕНДЖЕРІ АРҚЫЛЫ ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЖАСАЙДЫ?

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Біздің редакцияға Шымкент қаласының тұрғыны Н. деген азаматша хабарласты. Өзі қаладағы мәдениет саласы мекемелерінің бірінде қызмет етеді екен. Кейіпкеріміз биылғы қараша айының ішінде интернет-алаяқтардың шабуылына тап болып, құрбанына айнала жаздағанын айтып беріп, сақтық шаралары туралы ойларын ортаға салды.

Шымкент қаласының тұрғыны Н. деген азаматшаның өз аузынан естіген оқиғасын сол қүйінде оқырман назарына ұсынсақ дейміз. Мүмкін, қала тұрғындарының интернет-алаяқтардың әрекеттерінен сақ болуына септігі тиер деп үміттенеміз. Кейіпкеріміз былай дейді:

– Қараша айының ішінде бір күні 4141 деген нөмірден телефон қоңырау шалды. Қайта-қайта соға берді. Мен көтермедім. Спам деп шығып тұр. Интернет-алаяқтар ғой деп ойлап, көтермей жүрдім. Бір уақытта қайта телефон соққанда жұмыстағы қасымдағы қыздар айтты, «Электронды үкіметтің 1414 деген нөміріне ұқсайды екен, бір алып көрсеңші. Мүмкін, маңызды хабарлама айтар» деп кеңес айтты. Сосын мен қоңырауды алып едім, арғы жақтағы кісі «Сіздің Activ нөміріңізді жаңарту керек» деген мағынада көптеген сөздерді айтты. Мен болсам, «Ешқандай жаңартудың қажеті жоқ, маған осы нөмір болады» деп қоям. Сөйтсем, ол интернет-алаяқтар әдейілеп ұзақ сөзге айналдырып тұруға тырысады екен. Өздеріне қажетті сөздерді айтқызып, адамның дауысын басып алуға ықпал жасайды екен. Сосын, «Сізге қазір бір код жібереміз, сол қодты бізге қайта жолдаңыз» деп код сұрағаннан кейін интернет-алаяқтар екеніне көзім анық жетіп, мен қорқа бастадым да, телефонды қоя салдым.

Бәрі ертесіне басталды. Менің WhatsApp нөмірім сол Activ байналыс жүйесіндегі нөмірімде еді, сол нөмірімнен менің барлық контактілерімдегі кісілердің бәріне SMS-хабарлама жазып, менің атымнан 160 мың теңге қаржы сұрап жазып тастаған. Ол кезде жұмыста едім. Түскі астың кезі еді, қасымдағы қыздар айтты, «Сіздің нөміріңізді біреулер бұзыпты, қазір бізден 160 мың теңге ақша сұрап жазып жатырсыз ғой» деді. Артынша басқа кісілер де хабарласып, «Ақша не үшін қажет болды?» деп шыға бастады. Қасымдағы әріптес келіншек әлгі ақша сұралған нөмірге «Қай нөмірге жіберейін?» деп сұрап жазып еді, RBK-банктың 16 цифрдан тұратын карта нөмірін жазды. Ол жерде картаның сыртында менің аты-жөнім ағылшынша әріптермен жазылып тұр. Содан кейін тіпті қорқып кеттім. Менің атымнан кредит алып, ақшасын басқа жаққа аударып ала ма деген қорқыныш басып барады.

Содан соң 102 нөмірімен полицияға хабарластым. Олар RBK-банктың жедел желісіне қоңырау шалыңыз деп кеңес берді. Сосын бірден RBK-банктың 8 (800) 080-18-88  деген жедел желісіне шықтым. Мән-жайды түсіндірдім. Желідегі банк қызметкері бәрін тексеріп, ол банкте менің ешқандай банк шотым және кредитім жоқ екенін, ал әлгі 16 цифрлы банк картасы тіркелген кісінің аты-жөні басқа екенін, алайда ол шот та блокталып тұрғанын айтты. Сондан кейін барып мен қорқынышымды бастым, жеңілдеп алдым. Сосын «Енді мен не істеймін?» деп сұрап едім, олар «Полицияға қайта хабарласып, интернет-алаяқтық фактісі бойынша арыз беріңіз» деп кеңес берді. Одан соң полицияға қайта қоңырау шалып едім, тәртіп сақшылары «Әлгі интернет-алаяқтар жіберген банк картасына сіздің таныстарыңыздан біреу-міреу ақша аударыпты ма? Егер, ешкім ақша аудармаса, ешқандай арыз жаза алмайсыз. Өйткені, зардап шегуші болып саналмайынша арыз түсіре алмайсыз» деп түсіндірді. «Араға уақыт салып, менің таныстарымның арасынан біреу-міреу сол кезде пәлен мың теңге қаржы аударып едім ғой деп шықса не болады?» деп сұрап едім, «Онда сол кезде ғана арыз жазсаңыз болады» деп түсіндірме берді полиция қызметкерлері.

Қазірше, маған сол кезде 160 мың теңге қаржы аудардым деп ешкім әлі хабарласа қоймады. Соған қарағанда, менің контактілерімнің ішінен интернет-алаяқтардың сөзіне еріп, ешкім қаржы аудара қоймады-ау деп үміттеніп жүрмін.

Сол интернет-алаяқтардың араласқан Activ байланыс жүйесіндегі WhatsApp нөмірімді сол күйі аша алмадым. Сосын өшіріп тастауға мәжбүр болдым. Қазір басқа нөміріммен қайта ашып, таныстарыммен байланысты қайта орнатып алдым, – дейді шымкенттік Н. деген азаматша.

Іс жүзінде жолығып отырған осындай интернет-алаяқтық әрекеттерінің мысалын келтіре отырып, қала тұрғындарын сақтыққа шақырамыз. Кез-келген белгісіз нөмірден соғылатын қоңырауларды ала бермеген жөн. Бұл сақтық шарасы – өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды ғана емес, абырой-беделіңізді де қорғайды.