ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ЖАҢА СХЕМАСЫ: КӨШЕДЕ ФОТОСУРЕТКЕ ТЕГІН ТҮСІРЕМ ДЕГЕН «ФОТОГРАФТАН» САҚ БОЛЫҢЫЗ!
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Интернет-алаяқтық әрекеттің жаңа түрі шықты, сақ болыңыз! Мұндай алаяқтықтың жаңа түрі жайында фейсбук әлеуметтік желісінде Рүстам Асадов деп тіркелген желі қолданушы бөлісіп отыр. Желі қолданушының айтуынша, Шымкент қаласының бір тұрғыны сапармен Қарағанды қаласына барған кезінде төтеннен кезіге кеткен интернет-алаяқтардың тұзағына түскен.
Шымкенттік нәзік жанды тұрғынның интернет-алаяқтар қақпанына қалай түскені және ондай әрекеттерден қалай сақтану қажеттігі жайында желі қолданушы былай дейді:
– Азаматша өзінің интернет-алаяқтықтың құрбаны болғанын өзі де байқамай қалған. Оған көшеде белгісіз кісілер жақындап келеді де, тегін фотосуретке түсіріп беретіні туралы ұсыныс айтқан. «Тегін» деген сөзге елітсе керек, әйел адам «фотографтың» өтінген жағдайына қарай объектив алдында тұрып әр-түрлі позада тұрып фотосуретке түскен. Не керек, әйел адам фотоаппарат алдында күлімдеп тіке тұрған, жанымен тұрған, майысып сызылған, түрін өзгертіп құбылған, көзін ашып та, жұмып та түскен. Фотосуреттерді жіберемін деп әлгі алаяқ әйелдің телефон нөмірін алған.
Осылайша сеніміне кіріп, картасының да деректеріне қол жеткізген. Ақырында алдап құрығына түсірген. Банктен несие рәсімдеп, қаржысын жымқырып үлгерген. Зардап шегуші азаматша Қазақстанның оңтүстік жағынан екені белгілі. Интернет-алаяқтар оның банктегі картасынан 14 миллион теңге қаржысын шешіп алған екен. Қазіргі таңда аталған алаяқтық әрекет бойынша полиция қызметкерлері айналысып жатыр.
Бірақ, осы жерде Сіз үшін қандай сабақ болу керек? Егер, көшеде сізге қандай да бір бейтаныс кісілер келіп, «Сізді фотосуретке тегін түсіріп, көркемдеп береміз» десе, бірден бас тартыңыз. Сол жерден мейлінше тезірек кетіп қалуға тырысыңыз. Интернет-алаяқтардың жүрген аймағынан жылдамдатып зымырай қашып кеткеніңіз жөн! – дейді желі қолданушы.
Желі қолданушының еліміздің азаматтарына сақтандыру үшін айтып отырған сөздерінің жаны бар. Өзіңіздің жеке деректеріңізден бөлек, биометриялық ерекшеліктеріңізді де алаяқтардан мейлінше сақтанғаныңыз жөн.
Көрнекі фотосурет ашық көздерден алынды