ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ: СЕЗІМ ЕМЕС, АРАМ ЕСЕП. ІІМ ЖЕЛІДЕГІ АЛАЯҚТАР ТУРАЛЫ ЕСКЕРТЕДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қалалық полиция басқармасының фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы интернет-алаяқтықтың көп таралған түрі – махаббатты бетперде еткен қылмыстың түрі туралы ақпарат бөлісіп отыр. құзырлы органның ресми хабарламасында мұндай алдамшы онлайн махаббаттың соңы тек жаралы жүрек пен бос әмиянға ғана әкеп соғатыны айтылған.

Шымкенттің полиция басқармасы бұл әлеуметтік желідегі «махаббатшыл» интернет-алаяқтар туралы ресми хабарламасында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz сайтына сілтеме жасаған. Желі қолданушыларының кейбірі өздерін махаббат іздеп жүрген шетелдіктер ретінде көрсететін алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатыр дейді полицейлер.

Ресми парақшадағы мәліметтерге қарағанда, әдемі таныстық, романтикаға толы сөздер, лирикалық толғаныстар, кездесу туралы уәде, тіпті үйлену жайлы арман-мақсаттар… мұның бәрі алаяқтық жасырынған бетперде болуы мүмкін. Бірақ, кейін әңгіме барысында қиындықтардың туындағаны туралы айтылады. Түрлі сылтаумен ақшалай көмек алуға ұмтылады.

Осындай схемаға алданған азаматтар туралы сөз еткенде мысал келтірер болсақ, Астана қаласының тұрғыны өзімен интернет арқылы сөйлескен адамға сеніп, тоғыз миллион теңгесінен айырылған.

Интернеттегі алаяқтықтың негізгі белгілері:

– ғашықтық сезімін тез білдіру;

– бейнеқоңыраудан немесе жеке кездесуден бас тарту;

– аяныш сезімін тудырып, қиын өмірлік жағдайлар туралы баяндау;

– ақша, құжаттар немесе бағалы заттарды жіберуді сұрау.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі азаматтарға бейтаныс адамдарға сене бермеуге, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, әрдайым ақпаратты мұқият тексеруге кеңес береді.

– Күдік туындаған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласыңыз, – дейді құзырлы орган қызметкерлері. Интернет бетіндегі алаяқтықтың бұл түрінен де сақ болыңыз.

Шымкент қалалық полиция департаменті