«ИНТЕРНЕТ ГИГИЕНАСЫ» – ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛАТЫН ӘРЕКЕТ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Интернет әлемі күнделікті тұрмысымыздың бір бөлшегіне айналды. Сонымен қатар, интернет-алаяқтық әрекеттер де адамдардың өміріне араласып кетті. Интернет-алаяқтықтан сақтанудың ең төте жолы – «интернет гигиенасы» дейтін нәрсені күнделікті әдетке айналдыру, дұрыс ұстану. Өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналған ғаламдық тордан Шымкент қаласының тұрғындары да шет қалып жатпағаны түсінікті. С.Құранбек мырзаның апта сайын қала тұрғындарын интернет-алаяқтықтан сақ болу туралы шақырып тұратын сөзі біздің бүгінгі тақырыбымызбен үндесіп жатыр.

Қазіргі уақытта интернеттегі алаяқтық деген құбылыс өршіп тұр. Сіздің жеке байланыс нөмірлеріңіз бен электронды мекен-жайларыңыздан бастап, деректеріңізге дейін үшінші тұлғаларға берілуі мүмкін. Әлеуметтік желілерге тіркелген сәтте байланысуға болатын құралдарыңызды жалпыға қолжетімді етпеуге тырысқан жөн. Басқа біреулердің алаяқтықпен мазаңызды алмау үшін бұл әрекет, өз деректеріңіздің ашық болмуы – маңызды тірлік. Онсыз да, сіз туралы деректер тіркелген сәттен бастап басқалардың қолына түсіп қоятынын ескеріп қойыңыз.

Мәселенің мәнісін түсінікті ету үшін Аршат Ораз деген әлеуметтік желі белсендісінің @ArshatGo телеграм арнасында бөліскен ақпаратын назарыңызға ұсынайық.

«Менің 2 нөмірім бар. Біреуі негізгі нөмір. Мессенджерлер сонда, сайттарға немесе тағы басқаларға сомен тіркелу дегендей. Көпшілік сол нөмірді біледі. Екінші нөмірім – тек жақын адамдарым үшін. Бірақ, бір күні бір банкке сол нөмірмен тіркелдім. Жақында ғой, несие алып көрейін дедім. Бермеді. Содан кейін, сол нөміріме микрокредиттерден телефон қоңырау келе бастады.

Сайт жасаймын. Кейде сайтпен бірге пошта да ашып беремін, өз домендерімен. Аз уақыттан кейін сол адреске спамдар келе бастайды. Әлі ешкім білмейтін адреске.

Не дегім келіп тұр? Иә, мәліметтер сатылады үшінші жақтарға» -депті.

Көрдіңіз бе? Мүмкін, мұндай жайттарды Сіз де бастан кешірдіңіз. Бірақ, соншалық мән бермедіңіз. Рас қой?

Шымкент қаласының тұрғындарын да осы тұсқа мән бере қарауға шақырған болар едік.

Интернет әлемі күнделікті өмірімізге кіріп, айрылмас тұрмыстық әдетімізге айналған тұста мұндай жеке өміріңізге қатысты деректеріңізге өзге үшінші тұлғалар да араласа бастайды. Оған ұдайы дайын болуыңыз шарт. Бұл – күнделікті ертелі-кеш тісіңізді жуу секілді «интернет гигиенасы» дейтін түсінікті қалыптастырады. Смартфоныңыз бен электронды поштаңызды да кездейсоқ келіп тұратын спамдардан тазартып отырған жөн. Интернет алаяқтықтың алдын алу әрекеттері осындай қарапайым нәрседен басталады.