ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҚСАРТУ – БАСТЫ НАЗАРДА
- Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Түркістан облысында биыл 63 ауыз су нысанының құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жүруде. Соның ішінде, бірінші кезекте 30 елді мекендегі құрылыс жұмыстарын осы жылы аяқтау көзделген. Атап айтқанда, Келес ауданында 13 елді мекен, Сарыағашта 9, Ордабасыда 3, Отырар мен Бәйдібек аудандарында 2 елді мекен және Қазығұртта 1 ауылда ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ өңірде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен ж ауыз су құбыры тартылып жатыр. Өңірде 40-қа жуық елді мекен ауыз суға зәру. Биыл 30 ауылды тіршілік нәрімен қамту үшін 20 ммиллиард теңге бөлінді. Қомақты қаражаттың 11 миллиард теңгесі бюджеттен бөлінсе, қалған 9 миллиарды қайтарылған активтер есебінен жүзеге аспақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендерді 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Жергілікті атқарушы билік бүгінгі таңда осы мақсатта кешенді жұмыстар жүргізуде. Ол үшін жерасты су көздерін геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу басты назарда. Екіншіден, нысанды салу тапсырысын жеңіп алған мердігерлер мен кәсіпкерлердің жұмысын ұдайы қадағалау мен бақылауға алынған. Жауапты мекемелерге ауыз сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, ізденістер, зерттеулер жүргізу міндеті жүктелген. Сондай-ақ бұл іске басқарма мен аудан, қала әкімдері де жауапты саналады. Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары бекітілген.
Биыл облыстағы елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша 64 жоба қолға алынған. Жыл соңына дейін 34 елді мекенді қамтитын 38 жобаның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Қалған 16 елді мекенді қамтитын 26 жоба келесі жылға өтпелі. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жыл соңына дейін 45 елді мекендегі 84 мың халық көгілдір отынның игелігін көрмек. Нәтижесінде, облыстағы 608 елді мекен табиғи газбен қамтылып, жалпы көрсеткіш 75,3 пайызға жететін болады. Ал абонеттер санымен саралайтын болсақ, өңір тұрғындарының 89,4 пайызы отын жарып, күл шығарудың азабынан құтылатын болады. Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспарына сәйкес, газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде. Тиісті қаржы қаралған жағдайда, жоспар толық орындалмақ.
Өңір тұрғындарын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету ісі де қарқынды жүргізіліп келеді. Облыс бойынша биыл 45 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 23 нысанды пайдалануға тапсырып, 19 елді мекендегі 28,2 мың халықты сапалы электр энергиямен қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда 18 нысанның құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Сонымен қатар Төлеби ауданында 110 кВ-тық «Алатау» және Жетісай ауданындағы 110 кВ-тық «Жетісай» қосалқы станцияларының құрылыс жұмыстарын аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланған. Инфрақұрылым нысандарына облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарының барысын зерделу мақсатында бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістандағы сарқынды су имаратының жай-күйімен танысты. Шаһардың кәріз суы жиналатын нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, №2 кәріз тазалау блогын ретке келтіру жұмысы атқарылып жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде механикалық, биологиялық, химиялық, технологиялық тазалау тетіктері қалпына келеді. Аталған жобаға 400,7 миллион теңге қаралған. Құрылыс жұмыстары биыл қараша айында аяқталады деп жоспарланған.
Өңір басшысы қала әкімі мен жауапты тұлғаларға жұмысты сапалы атқарып, қаланың инфрақұрылымына қатысты жобаларды назарда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 2018 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 15 пайыз ғана болған. 2020-2025 жылдар аралығында Түркістан қаласында кәріз жүйелерін дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асыру көзделген. Бүгінгі таңда қолданыстағы сарқынды су құбырларының ұзындығы 401,6 шақырымды құрайды. Бұл желілерге 17 мың 581 абонент қосылған. Жалпы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,5 пайыз деңгейіне көтеріліп отыр.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын сарқынды су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалар аясында қала аумағында инженерлік инфрақұрылымды толық қамту мақсатында бірқатар құрылыс нысандарының салынуы жоспарланған. Атап айтқанда, 5 сарқынды суларды тазарту имараты, 21 канализациялық сорғы станциясы және 4 шығын реттегіш құдықтың құрылысы қарастырылған. Бұл нысандардың іске қосылуы кәріз жүйесінің қуаттылығын арттырып, халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.
Қала тұрғындарын толық кәріз жүйесіне қосу мақсатында қазіргі уақытта 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 нысанды 2025 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.