«ИСЛАМ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ҮНДЕСТІГІ»

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Қауіпсіз ел

АЙША АМАНҚЫЗЫ КЕҢЕСБАЕВА

Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, исламтанушы журналист, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Нұр-Мүбарак университеті

«ИСЛАМ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ҮНДЕСТІГІ»

Бүгінгі  жаһандану кезеңінде өркениеттер арасында көзге көрінбейтін ақпараттық  майдан жүруде.  Әрбір адам ғаламтор арқылы әлемдегі жаңалықтармен қатар, олардың мәдениеті мен әдет, дағдыларын санасына қалай сіңіріп жатқанынан бейхабар. Бұл тәуелсіз елдерге, тұтастай ұлттарға қауіп төндіруші тенденция. Сондықтан әр халық ұлттық құндылықтарын сақтап қалуы үшін салт-дәстүріне берік болуы аса маңызды.  Қазақ халқы «Жақсы заңын болғанша, мықты дәстүрің болсын» деп бекер айтпаған.

Алайда кеңестік атеистік санадан әбден зардап шеккен қазақ қоғамы үшін бүгінде өз тарихымыз бен ұлттық болмысымызға қатысты қағидалар әлі күнге «бөтен» болып келуді. Мәселен, дін мен дәстүрді бір-бірінен бөліп қарайтын жағдайлар жиі кездеседі. Ал дін мен дәстүр қазақ халқы үшін құстың қос қанатындай егіз ұғым. Яғни біз ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың ислам дінімен байланысын бағамдау үшін осы сөздердің шығу төркініне үңілейік. Себебі сөздің терминдік нұсқасы көп сауалға нақты жауап берері анық.

Ислам шариғатында «әдет-ғұрып» фиқһ әдіснамасында үкім шығаруда сүйенетін дәлелдер қатарында болғандықтан, оған жан-жақты анықтама берген. соның бірінде «Ғұрып пен әдет дегеніміз адамдардың көңілдерінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер»,-деген. Ал ханафи мазхабының ғұламасы Ибн Абидин «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді»,-деген.

Әдет-ғұрып сипаты жағынан «іс-әрекет» һәм «сөз» түріндегі болып екіге бөлінеді. Яғни қоғамдағы өзара қарым-қатынас пен іс-әрекеттерінде дағдыға айналған танымал істер, ал сөз түріндегі ғұрып не үрдіс дегеніміз белгілі бір адамдар тобының бір сөзді белгілі бір мағынада айтуға дағдылануы.

Ғұрып. Қазақша «ғұрып» сөзі  العرف«әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.

الْعُرْفُ اصْطِلاَحًا: مَا اسْتَقَرَّتِ النُّفُوسُ عَلَيْهِ بِشَهَادَةِ الْعُقُولِ، وَتَلَقَّتْهُ الطَّبَائِعُ بِالْقُبُولِ

«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер»[1].

 «Әдет» сөзі арабша  «әл-ъаада»  العادةсөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген.

«Дәстүр» сөзі де арабша دستور «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады[2].

Бұлардан осынау терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп, мынадай ой түюге болады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді. Бұл жерде айқындап алуға тиісті бір мәселе бар. Әдетте, қазақ тілінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген сөз тіркестерінің мағынасы бір, негізінен, халық арасында қалыптасқан, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданатын мәдени ерекшеліктер ретінде қарастырылады. Ал шариғаттағы әдет, ғұрып сөздері салт-дәстүрмен бірге адамдар арасында сіңісті болып қалыптасқан әдеттерді, үйреншікті дағдыларды, ұғымдар мен сөздерді де қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман заңнамасындағы әдет, ғұрып терминдерінің мағыналық аясы кең, жалпылық мәнге ие.

Адамдар арасында дағдыға айналған шариғат шартына қайшы келмейтін істер шарғи үкімдерді белгілеуде мұсылмандық заңнаманың екінші дәрежедегі қайнар көзі ретінде қарастырылады. Шариғат үкімдері алынатын басты қайнарлар Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.а.с.) сүннеті екендігі белгілі.

Аталмыш мәндегі ғұрыптар фиқһ ілімінде тармақты үкімдерді белгілеуде заңды дәлел ретінде алынады. Пайғамбар (с.а.с.) мен сахабалары белгілі бір мәселеге үкім шығарғанда кейде халық арасында қалыптасқан ғұрыптарға да сүйенген. Демек, шариғат қабыл алатын ғұрып, әдет дегеніміз адамның табиғатына танымал, ақыл да, заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер. Әдет-ғұрып  العرفжалпы және жалқы болып екіге бөлінеді.

Жалпы әдет-ғұрыптарға әртүрлі аймақтарда өмір сүретін мұсылман халықтары арасында белгілі бір уақытта қалыптасқан ортақ танымал әдет-ғұрыптар жатады. Мысалы, үйлену, талақ, сауда, қолөнерге қатысты әдет-ғұрыптар. Ал жалқы әдет-ғұрыптар дегеніміз белгілі бір қаланың не аймақтың адамдарына ғана таныс әдет-ғұрыптар. Мысалы, қалыңдық мәһрін белгілеудегі аймақтық ерекшеліктер, ақша бірлігі, салмақ, ұзындық өлшеміндердегі айырмашылықтар. Әдет-ғұрып сипаты жағынан іс-әрекет һәм сөз түріндегі болып екіге бөлінеді. Әрқайсысының анықтамасы төмендегідей.

الْعُرْفُ الْعَمَلِيُّ: هُوَ مَا جَرَى عَلَيْهِ النَّاسُ وَتَعَارَفُوهُ فِي مُعَامَلَتِهِمْ وَتصَرُّفَاتِهِمْ، كَتَعَارُفِ النَّاسِ الْبَيْعَ بِالتَّعَاطِي. «Іс-әрекет түріндегі ғұрып, дағды дегеніміз адамдардың өзара қарым-қатынастары мен іс-әрекеттерінде дағдыға айналған танымал істер. Мысалы, адамдардың «сатып алдым», «саттым» деген сөздерді айтпай-ақ, сауданы қолма-қол жасауды әдет етуі»[4].

«Сөз түріндегі ғұрып немесе үрдіс дегеніміз белгілі бір адамдар тобының бір сөзді белгілі бір мағынада айтуға дағдылануы. Сол сөзді естіген кезде ойға аталмыш мағына ғана түсуі керек. Мысалы, дирхемді ақша мағынасында қолдану»[5]. Сол сияқты қазақ тілінде намаз дегенде құлшылықтың еске түсуі, Алла, Құдай, Тәңірі дегенде жалғыз Жаратушы Хақтың еске түсуі, теңге дегенде ақшаның еске түсуі, палау дегенде күріштен жасалған тағамның еске түсуі сияқты. Ал оларды осы қалпынан өзгертудің еш қисыны жоқ. Адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاخْتِلافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَاتٍ لِلْعَالِمِينَ﴾ Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар». (Рум сүресі, 22-аят.)

Ал осы сөздерді нақтылай түсу үшін «экстремизм», «радикализм», «терроризм» терминдеріне шолу жасайық.

Экстремизм (фр. extremisme, лат. extremus):

1.«Шеттеу» яғни орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағына береді) — жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді білдіреді. Экстремизмнің пайда болу себебі, адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген көзқарасынан пайда болады. Яғни, тек менің ғана пікірім болуы керек деген сияқты. Бұл ең алғашқы этаптары болып саналады. Экстремизмнің тағы бір көрінісі басқа біреуді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмейтін адамдардан шығады. Лаңкесшілер дұрыс бағытқа жол көрсететін адамдардың кеңесіне мүлдем құлақ аспайды. Олар өздерін ең таза кіршіксіз деп санап, басқаның барлығын адасушыларға жатқызып, жөн білетін адамдарды мойындамайды. Міне, осының салдарынан әлемде түрлі төңкерістер мен қантөгістер орын алуда

2.грек жұрнағымен аяқталатын «экстремизм» деген латын сөзі «шеттеу», яғни орталықтан ауытқу, кандай да бір белгіленген шектен тыс кету деген мағына береді. «Экстремизм» сөзінің ең жақын синонимі «радикализм». Бұл сөз де жанама түрде мейлі дінде, мінез-құлықта, пікірде болсын, қалыпты, дұрыс деп қабылданған деңгейден ауытқу. Экстремизм жалпы түрде ешбір мөлшерді, тәртіпті мойындамайтын, өзінің шектен шыққан пікірі мен іс-әрекеттері арқылы ерекшеленген адамдарды білдіреді. Саяси ортада пайда болган Экстремизм – саяси Экстремизм, ал діни ортада пайда болган Экстремизм –  діни Экстремизм деп аталады

Радикализм – 1) жақтастары өмір сүріп отырған әлеуметтік-саяси жүйені сынға алатын және түбегейлі өзгерістер мен реформалардың жүргізілуін талап ететін саяси агым; 2) қандай да бір істердегі жағдайды түбірімен түбегейлі өзгертудегі талпыныстардың, тәуекелді ымырасыз талаптардың жүзеге асырылуы.

Терроризм –( латынша terror – қорқыныш, үрей) – саяси мақсатты сылтауратып күш қолдану; ұғым XVIII соңында ұлы француз төңкерісі кезінде якобиндықтарға қатысты қолданылған. «Террор» ұғымы қазіргі әдебиеттерде диктаторлық немесе тоталитарлық жүйелердің өз азаматтарына қатысты күш қолдану және үрей туғызу саясатын сипаттауда қолданылады. Терроризм ретінде «әлсіздің» тарапынан болатын (радикалды саяси оппозиция, экстремистік пиғылдағы ұлттық немесе діни азшылық, діни фанатиктер және т.б.) әрекет саналады.

Байқағанымыздай, алдыңғы дәстүр, әдет, ғұрып сөздері біздің сөздік қорымыз бен өмір салтымызға ислам дінімен байланысты енгені еш шүбәсіз. Ал әлемдік исламофобияны тудырып, адамдарға теріс діни түсінік қалыптастыру үшін «ислам» сөзіне тіркестіріп қолданылып жүрген  «экстремизм», «радикализм», «терроризм» сөздері батыс әлемінен енген. Сондықтан осы жағдайлардың барлығына саналы түрді ой жүгіртіп, жалаң сөз бен даңғаза эмоциялардың жетегінде кетпес үшін білімімізді арттыру аса маңызды.

 

[1] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет; Әл-Журжанидің әт-Тағрифат кітабы.

[2] Әл-Муғжамул-уасит

[3] Ар-Расаил, 2-том.

[4] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 55-бет.

[5] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 54-бет; Әт-Та