КАРЬЕРЛЕРДІ ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНАТЫНДАРҒА ҚАРСЫ ТЕГЕУРІНДІ КҮРЕС ЖҮРГІЗІЛУДЕ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

 

Түркістан облысында табиғаттың байлығын табыс көзіне айналдырып, оны аяусыз тонайтындарға қарсы бірнеше жылдан бері тегеурінді күрес жүргізіліп келеді.  Бірақ соған қарамастан жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар қатары азаймай отыр. Өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып, сатып жүргендер қоршаған ортаға залал келтіруде.

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте өңір басшысына жер қойнауын заңсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқа мақсатта пайдалану және өзге де маңызды мәселелер баяндалды. Мәжілісте кәсіпкерлерге ауыр көліктің салмағын өлшейтін таразы болуға міндеттейтін талап қою мәселесі көтерілді.

қою мәселесі көтерілді. Облыс әкімі баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша облыс әкімі жиында:

–  Заңды жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге қарсылық жоқ. Алайда заңды белшеден басып жатқандарға қарсы күресті күшейту керек. Өзіміз өзімізге кедергі жасамайық. Барлық жауапты басшылар отырсыздар. Бірақ нәтиже шамалы. Осының өзі жұмыстағы шалалықты көрсетеді. Бірлесе жұмыс істейік, – деп бұл мәселенің өте өзекті екенін айғақтап берді.

Түркістан облысында  бүгінгі таңда халық арасында үлкен сұранысқа ие пайдалы қазбаларды өндіретін 191 жер қойнауын пайдаланушы  тіркелген. Олардың ішінде  84-і келісімшарт және 107-сі  лицензия негізінде жұмыс істейді. Жер қойнауын пайдаланушылардың басым  бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Өткен жылы арнайы тексерістер нәтижесінде келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 16 жер қойнауын пайдаланушымен арадағы келісімшарт тоқтатылды.

Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, облыс аумағында бір жылда 400-ден астам рейд жұмыстары жүргізілген. Оның  нәтижесінде  өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып сатып жүрген 276 техника айыптұрағына қойылып, 31,8 миллион  теңге айыппұл өндіріліп отыр.