Кеңес Одағының батыры – ЗИЯМАТ ХҰСАНОВ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Зиямат Усманұлы Хұсанов 1921 жылы 9 мамыр күні Сайрам ауданы, Сайрам ауылында дүниеге келді. 1940 жылы Ташкент педагогикалық техникумын бітірген кезде, қазан айында Қызыл Армия қатарына шақырылды. Соғыс басталған жылы Ташкент авиация училещесіне жіберілді.

Авиация училищесінде білім алған соң Зиямат Усманұлы соғысқа атанды, Смоленск түбінде болған кескілескен шайқаста жарақат алды. Емделіп, айыққаннан кейін Курск доғасындағы ұрысқа қатысты. Осы шайқаста Зиямат Усманұлы өшпес ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. 78-ші дивизияның гвардиялық 228-ші атқыштар полкы Белгородтың Солтүстік Шығыс жағынан, Дальные пески деревниясы маңынан шепке орнықты. Нақ осы жерде немістің таңдаулы әскери бөлімдері қарсы шабуылға көтеріліп, гвардияшыларды тықсырып тастауға тырысты. Шағын биіктікте пулеметімен берік орныққан Зиямат Хұсанов жау жағының шабуылын бірнеше дүркін тойтарды. Немістер оны үш жағынан қоршауға ұмтылды. Зиямат жаулардың бұл шабуылына да тойтарыс берді. Патрондары таусылған кезде 2 гранатаны лақтырды. Осыған қарамастан немістер оның позициясына минометтен оқ жаудырып, өңмендей ұмтылды. Жарықшақтардан жарақаттанған Зиямат қолындағы гранаталарымен жауға қарсы адымдады. Граната жарылғаннан кейін Зиямат Хұсанов жау солдаттарымен бірге өзі де құлап түсті.

Біздің жерлесіміздің бұл ерлігі туралы хабар күллі дивизияға тез тарады, майдандық газеттер оның қайтпас қайраты мен ерлігі жайында жарыса жазды. Біздің жауынгердің ерлігінен тосқауыл тапқан фашистер едәуір кідірді. Мұнан соң ауыр жарақаттанған Зиямат Хұсанов орап-таңу пунктіне жеткізіліп, кейін Харьковтың түбіндегі госпитальге жіберілді. 1944 жылғы қантарда Зиямат Хұсанов Югославиядағы «Түркістан легионы» бөлімшелерінің біріне тап болады. 1944 жылғы мамырдың 15-інде Зиямат Хұсанов жолдастары мен мәмілеге келе отырып, Интернационалдық солдат батальонына, партизандар жағына өтеді. Ол партизандармен бірге фашистерге қарсы шайқасты. Югославия,Болгария жерінде фашистер үшін күтпеген рейдтер мен бүліктер ұйымдастырды. Оған Болгария жерінде жасаған ерлігі үшін «Болгарияның құрметті азаматы» атағы берілген. Ол сондай-ақ, Болгарияның ұлттық батыры. «1923-1944 жылдардағы Халықтық бостандық үшін» төс белгісімен, Грамотамен марапатталған.

Зиямат Хұсанов әскерден оралғаннан кейін Сайрам ауылында, Калинин атындағы орта мектепте мұғалім болды. Оған Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы ақпанның 22- сіндегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Зиямат Хұсанов 1986 жылғы қантардың 18-інде дүниеден өтті.

Қордайдың қызыл гранитінен мүсінделген батырдың бюсті Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабындағы өзінің атына берілген мектептің ауласында орнатылған.

 

Б.Фазилов

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК «Сайрам музейі» бөлімі кіші ғылыми қызметкері