КИБЕРАЛАЯҚТАРДАН САҚТАНЫҢЫЗ!

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Күнделікті өмірімізде, қоғамдағы ортамызда, тіпті қала көшелерінде интернет-алаяқтықтық көріністерін көретін болдық. Әсіресе, еліміздің Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларында мұндай мысалдарды бастан кешіріп жүрген азаматтар көптеп кездеседі. Осы тұрғыда, осындай бір көріністі көзімен көрген азаматтың жазбасын бөлісе отырып, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласы тұрғындарына сақтық үшін ұсынсақ дейміз.

Әлқисса, әңгіме былай:

Қазір ғана бір жағдай болды. Ертемен жұмысқа келе жатсам, «Mega Planet» сауда орталығының қасында жасы алпыстардан асқан бір кісі телефонмен сөйлесіп, алдымда кетіп барады. Телефонның дыбысын қатты шығатын функциясына қойған екен. Диалогтарынан аңдасам, орыс жігіт бастырмалатып, кредит туралы айтып тұр.

Орысша сөйлеген арғы беттегі кісінің сөзіне мына кісі болса, «Да! Да, слушаюдан» басқа орысшасы шамалы сияқты. Дереу күмәнданып, жақындап барып, тағы тыңдадым. Үзіліп кетсе, арғы жағы дереу жалғап, бұрынғысын жалғастырады. Мына кісі болса қазір банкке келдім дегенде барып, алаяқтардың құрығына түскенін дереу білдім.

Жанына барып: «Сізге кредит ал деп жатыр ма, кіммен сөйлесіп тұрсыз?» десем, «Органдағылармен» деп қашқақтайды. Сосын: «Сізге органдағылар кредит алдырмайды. Бұлар мощенниктер, алаяқтар ғой» дедім. Ағам маған сенер емес. Таныстық, қарияның есімі  Рысбек екен. Амалсыз полиция шақырдым. Аналар қайта-қайта звондап әлек. Полиция келгенше ұққаным, ағамызды бір қыз, бір жігіт таң атпастан оятып, уацап мобильді қосымшасына бір құжат жіберіп, әйтеуір дереу кредит алып, сақтанбасаңыз, жағдайыңыз мүшкіл деген көрінеді. «Органнанмын, мені тыңдаңыз, Рысбек. Сіз ешкімге айтпай, кредит алып, сақтаныңыз» деген секілді. Өзі ситуацияның қалай болғанын дұрыс түсіндіріп бере алмады. Олармен сөйлеспеңіз, қазір полиция келеді деп жүріп әзер тоқтаттым. Одан кейінгі жайтты видеоға түсірдім. Полицейлер: «Мына қарияны екі жарым миллион кредиттен сақтап қалдыңыз» деп, Рысбек ағамызды бөлімшеге алып кетті.

Кеше ғана Yerkanat жариялаған видеоны көріп ем, соның да пайдасы тиді. Үлкен кісілерге көбірек ескертіп, сақтанудың амалын үйрету керек секілді. Какен Камзин ұстаздың басынан өткен жайтты қарапайым халық та бастан өткеріп жатқан секілді.

Кибералаяқтардан сақтаныңыздар!

 Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ