«КИЕЛІ ҚАМШЫ ҚОЛҒА АЛЫП…»

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында орналасқан «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы» деп аталатын әдемі мәдениет ошағы бар. Бүгінде қазақылығы қою Шымкент қаласы үшін бұл мекеменің орны ерек екені түсінікті. Осы мекеменің қызметкерлері қазақтың жөн-жосығына қатысты дүниетанымын жақсы насихаттап жүр. Сондай тәлімді маңызы бар материалды аталған орталықтың білікті қызметкері А.Б.Орынбекова жолдап, таныстырыпты.

Ғасырдан-ғасырға жеткен бұл,

Қамшы еді қайтаратын жаудан құн.

Соңғы ғасыр аяғында жоғалып,

Қазақтардың сесі кетіп, болған құл.

Қамшы арқылы талай сырды білетін,

Қамшы тастап не ой барын беретін.

Қазақ бабам мінгенінде кәріне,

Жерді – дағы жон арқадан тілетін…

 

Қамшы – жылқы мінген қазақтың көне заманнан келе жатқан ұлттық нысандардың бірі. Қамшы – халқымыздың шаруашылық өмірінде кеңінен қолданылатын ежелгі құралдардың бірі. Негізінен көлік айдауға арналған болғандықтан қамшы ер-тұрман құрамына кіреді.

Қамшы сөзінің шығу тегі туралы көрнекті қолөнер маманы, ұста- Дәркембай Шоқпарұлы мынадай жорамал келтіреді: «Қамшы сөзіндегі қам түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам –шикі, шылғи, шала; Қам -қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал; Қам – уайым, қайғы, қамығу; қам-қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар-қамқа, болып келеді де, барлығынын түбірі қам деген сөзден түзіледі. «Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен, әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам-шикі, қамшы, қам- шылғи- қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты ма деген ой келді..».

Қамшы соғыс-ұрыс қаруы санатына жататындықтан оның ұрыс-шайқасқа бейімделген түрлері де кездеседі. Ол жайлы белгілі этнгограф Өзбекәлі Жәнібек: «Қамшының дойыр, дода, дырау секілді әскери түрлерін бірінен бірі өрім өлшеммен ғана емес, қалқанының ауқымымен, тарамысының аумағымен, соққының мығым болуы үшін бұрғылап тесіп, қорғасын құятындықтан сабының салмағымен де ажыратылған»,- деп қол қарудың бұл түрін атап өтеді. Одан бөлек біртартар, бесқасқа тәрізді, сондай-ақ қазұялы қамшы және бұзаутіс қамшы түрлері де белгілі. Соңғы аталған қамшының өзегіне иілгіш темір қосып, қолараның тістері сияқты алты таспадан жұмырлап өрген екен. Өрімі жуан дойыр қамшының түйініне тас, қорғасын бекіткен қамшы көкқару орнында да қолданылатын.

Халқымыздың сенім-нанымында қамшы бақсы-балгердің жасқау,үркіту құралы болғанын да білеміз. Қамшымен байланысты әуезе мә­тіннің ескіден келе жатқан бір түрі – бақсылыққа байланысты Ш.Уәлиханов жазып алған деректерде: «Бағаналы Қойлыбай қара суды теріс ағызатын, қобызын атбәйгеге қосатын» атақты дәупірін бақсы болған. Жер-жерден, ел-елден шақыру келгенде, өзі бара алмаған жерге қам­шысын беріп жібереді екен. Олай болатыны, қамшымен бірге бақсының жамандықты қуатын жындары қоса барады. Байырғы кезде бақсылар сары ат мініп, сары түсті киім киініп, қолына сарала қамшы ұстайтын болған. Ал сарала қамшы аттың тері сіңгендіктен жын-шайтанды жолатпайды, аттың терінде ерекше қасиет бар» деген түсінікті аңғартады .

Қамшыны қасиетті деп ата-бабаларымыз қадірлеген. Ырымға байланысты қамшының өз орны болады.

Қамшының әлеуметтік мәртебе (статустық) белгілейтін қызметі сан алуан: Атқа мінген қазақ ер-әйел, үлкен-кішісі де қолына өзіне лайық қамшы ұстайды, қыздың   жасауына берілетін “ер тұрманы” қатарында қамшы да орын алады. “Әйелдің құты аяқта, еркектің құты  қамшыда” деп қамшыны еркек адамның бақыты мен ырыздығын қамтамасыз етуші атрибутқа балаған.  Қазақтың ескі заңында кәмелетке толған ұл баланы қолына қамшы алып жүруді міндеттеген.

Сондай – ақ ежелгі қазақ салтында жас бала түнде оянып, мазасы кетіп жылай берсе, алыс сапарда жүрген әкесінің «қамшысы тиді, жақын арада келіп қалар» деп жориды.

Жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашады. Беташар кезінде қолданылатын үкілі қамшының таңбалы көпмәнді болып келеді. Үкілі қамшы мифологиялық сана бойынша әуелде көзге көрінбейтін зиянды күштерден сақтайды.

Мұхамед Қайдар Дулати патшалық басқару ережесі туралы жазбасында Шайқы Шақиқ Балхидің өзінен ақыл-кеңес сұраған халиф Харун ар – Рашидқа айтқанын мысал ретінде келтіреді: «О, мұсылмандар әміршісі! … Ол (Алла тағала) саған халықты әділдікте ұстап отыру үшін үш зат берді – байлық, семсер және қамшы. Байлықпен сен кедейлікке тосқауыл қоюың керек. Семсермен сен халықты езушілерді құртуға міндеттісің, ал күнәхарларды қамшымен жазалауың тиіс» – депті.

Қамшы – билік рәмізі, әрі құқықтық реттеуді жүзеге асырушы құрал. Қамшы да семсер, қылыш тәрізді хандық, патшалық регалия қатарында жүрген. Мұхамед Қайдар Дулати патшалықты басқару ережесi туралы жазбасында айтылады. Қазақ ордасында хан сайлау ғұрпында жаңа билеушіні боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге салып, хан көтерген соң, атқа мінгізіп, қолына қамшы ұстататын рәсім бар деп Мұхтар Мағауин жазады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның тіршілік цикліне қатысты ғұрыптардағы өтпелі кезеңдерге қатысты атқарылатын ғұрыптарда қамшы да маркер ретінде жүреді. Жас нәрестені бесікке салуға қатысты ғұрыптарда да қамшының елеулі орыны болады. Бесікке алғаш салғанда үстіне жабылатын жеті нәрсенің ең біріншісі-бесік көрпе, шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, сосын қамшы қойылады. Сәби ұл болса бесік үстіне қынға салынған пышақ, күміс белбеу, қамшы, жүген, шылбыр, қайыс, арқан іледі.

А.И.Левшиннің  жазба дерегінде ер адамның бейітіне найзасын шаншып, қамшысын қояды. Бұл «әскери» магияның, ал әйелдердің бейітіне бақан мен піспек қою – «өсіп өну» магиясы. Ер адамның қазасынан соң оның «тұлданған» заттары қатарына қамшы ерекше орыналған. Көш кезінде тұл атты ерттеп, үстіне шапап жабады да, қамшысын қыстырып, тымағын ердің қасына іліп жетектеп жүргізеді.

Халықтың байырғы кездегі тұрмыс – салтында қамшымен басқа да ат әбзелдерімен байланысты әртүрлі ырымдар болғаны байқалады:

  • Шаруа адамы жүген, өмілдірік, құйысқан тәрізді ер әбзелдерін күтімдеп, ара – тұра майлап ұстаған. Алайда, жоғарыда айтылғандай, «жүген майласа – ырыс, қамшы майласа – ұрыс» деп қамшы майлау ұрыс – керіске шақырады екен деседі;
  • Қошқарды қойға қосып жатқанда қамшы көтеруге болмайды, тіптен мал қора басында қамшылауға тыйым салған;
  • Ат есінесе қамшысымен маңдайынан сипап, иесі өз маңдайына тигізеді;
  • Мал санағанда «тіл, сұқ тиюден» сақтанып, қамшыны нұсқап санайды;
  • Қамшы аттамайды;
  • Қамшыны ердің артқы қасына ілмейді;
  • Қанжығаға байламайды;
  • Босағаға ілмейді;
  • Жерге тастамайды;
  • Мал бағуға арналған қамшыны жыңғылмен саптамайды, «кендірменен байласаң, жыңғылменен айдасаң мал бітер деп ойлама» деп оның жолы ауыр болатындығын ескертеді. Қамшы сапқа көбіне тобылғымен ырғай лайық деп таңдалады;

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Уалиханов .Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы .Алматы:     «Толағай групп». 2010. Т. 4.  -496 б.   (Қырғыздардың байырғы кезеңдегі қару-жарақтары мен әскери сауыт- саймандары.  38-41 беттер).

     2.Сейіт Кенжеахметұлы.  Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 2-басылым – Алматы, Атамұра 2013-384 бет, 214-215 бет.

3.С. Кенжахметұлы. Қазақ халқының тұрмысы мәдениеті. Алматы: «Алматыкітап» ЖШС 2006-384 бет. 78-81 беттер.

4.Бақытжан Әлімқұлов, Ермахан Әбдраманов.  Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл. Алматы, «Санат» 1994-7 бет

 

А.Б.Орынбекова  

«Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» МКҚК-ң қызметкері