КИНО ТІЛІ НЕГЕ АЛАШҰБАР?
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы

Жақында ұлт ардақтысы Бауыржан Момышұлын телеарнада келемежге айналдырғандарға тойтарыс берілді. Бауыржандай ұлы тұлғамыздың намысын қорғап жатқан о кісінің келіні Зейнеп апамызға, азаматтарға мың алғыс! Батырымыздың намысы – ұлттың намысы. Ардақты тұлғаларымызға, елімізге қарсы сайқымазақ, келемеж, құйтұрқы әрекеттерді дер кезінде тоқтатып, тыйып отырған дұрыс.
Ұлт намысы демекші, бұл өзі қазір өзекті мәселе болып отыр. Осы ретте, қоғамда «Бизнес по казахски» фильмінің атауына қатысты алуан пікір айтылып келе жатқаны алдымен ойға оралады. Комедияның бұл атауы қазақ халқын мансұқтап, оны қолынан іс келмейтін, қожанасыр, нақұрыс, оспадар бейшара, сорлы ел етіп көрсетеді. Сонда бұның «Бораттан» не айырмашылығы, не артықшылығы бар? Екеуінің миссиясы бірдей. Екеуі де еліміз жөнінде теріс имидж тудырады.
Қазақ бизнесмендерінің бәрі осылай келемеж, сайқымазақ қылуға болатын жарымес адамдар ма? Біразы сондай есалаң, дәлдүріш болар. Мейлі, келісеміз. Бірақ бәріне бірдей күйе жағуға, топырақ шашуға бола ма?
Егер кино атауы, мәселен, «Бизнес по-наймански» яки «Бизнес по-аргынски» болса, бірден қарсы болып, өре түрегелер едік. Жөнсіздікке көнбес едік. Енді тұтас бір ұлттың бет-бейнесі мансұқталып, ыржақы кейпі дәріптеліп жатқанда үн қатпау орынсыз.
Мұндай көнбістік, үндемеу – отарланған сананың сарқыншағы. Кеңес заманында отар жұрттарда осындай сорлылық – өзгені зор, өзін қор санаушылық қатты байқалатын. Сонда «Қазақ десең, өзіңе тиеді», «қазақбайшылықтан қашан арыламыз?» деген сияқты ұлтты кемсіткен сөздер естілетін. Құдды бір кемшілік атаулының бәрі тек қазақта ғана кездесетіндей. Ойланбай айтылған мұндай оспадар сөздер тәуелсіздіктен кейін тыйыла бастады. Бірақ мұндай қор сөздер бүгін де миында отарлану сартабы қалып қойған кейбір антұрғандардың аузынан арагідік естіледі.
Әзілде ойлы, ойып түсетін мысқыл, идея кездесіп жатады. Армяндар, йаһудилер туралы әзіл әңгімелердің, өнер туындыларының көпшілігі осы халықтардың ақылдылығын, алғырлығы мен тапқырлығын ұлықтауға арналғанын байқаймыз. «Бизнес по-казахскиден» осындай ой-ниет көре аламыз ба? Жоқ, керісінше, қазақты табалау, әжуалау, тұқырту басым. Атауы мен мазмұны осыған меңзейді.
Арзан ойын, арсыз күлкі тудыру мақсатында түсірілген бұл сайқымазақ киноның атауы «Бизнес по-дурацки» немесе «Бизнес по-қоянбаевски» болса, онда мәселе жоқ. Халқымызды келемеждейтін бұл киноның аты әлгі екі атаудың біріне ауыстырылуы немесе басқалай өзгертілуі керек. Осы комедияға мұндай орынсыз ат бергендер қазақ халқынан кешірім сұрауы тиіс.
Себебі, кино атауынан ұлтты келемеждеу пиғылы байқалады. Бұл атау оны көрген балалар мен жасөспірімдердің ұлттық санасының қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Жас баланың ойында «е, біздің ұлт адамдары мына кинодағыдай іске олақ, есуас, антұрған біреулер екен ғой» деген ой-түсінік тудырады. Өскелең ұрпаққа өз ұлты жайлы бұрыс ақпарат беріп, теріс тәрбиелеу – қылмыстан бетер қауіпті әрекет.
Сондықтан, кино атауы ауыстырылғанша оны теледидарда, кинотеатрларда көрсетуге тыйым салу керек.
Б.Әбдәлі
Көрнекі фотосурет ашық интернет көздерінен