КІТАПХАНАДАҒЫ ҚОНЫС ТОЙ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында орналасқан Қалалық жасөспірімдер кітапханасы 1978 жылдан бері мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларына, жұмысшы жастарға қызмет етіп келеді. Кітапхананың 180 мың дана кітап қоры бар. Рухани орталық қызметкерлерінің еліміздің ертеңі — жасөспірімдердің кітап оқуға құштарлығын арттырып, әдеби-мәдени ой өрісін ұштауда еңбектері ерекше.

Раушан Бабажанқызы жетекшілік ететін қалалық жасөспірімдер кітапханасы жақында жаңа баспанаға көшіп, қоныс тойын тойлады. Жаңа жайлы мекеннің ашылу салтанатына құтты болсын айтып келгендердің қарасы мол болды. Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Ғалымжанұлының құттықтауынан кейін сөз кезегі Оңтүстіктің абыз ақсақалы, ақын Нармахан Бегалыұлы мен Оңтүстіктің аңыз анасы, ақын Ханбибі Есенқарақызына берілді.

Кітапхана ұжымы мен қуанышқа жиналған кітапқұмар қауымды қоныс тоймен құттықтай келе Нармахан аға Бегалыұлы жақында ғана еліміздің Батыс өңірінде сапарда болып, сондағы көрген Ақтау қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейін, Атырау қаласындағы Фариза Оңғарсынованың еңселі ескерткішін, Орал қаласындағы Қадыр Мырза-Әлі атындағы әдеби кешенін, Арал қаласындағы Әбдіжәміл Нұрпейсов атындағы әдебиет үйін сөзіне тиек етіп, шырайлы Шымқаладан да Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов сынды қазақ әдебиетінің классиктері атынан сондай бір әдеби орталықтар ашып, еңселі ескерткіштерін тұрғызса құба-құп болар еді деген сөзді жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Шымкент қаласындағы өкілі Момбек Әбдіәкімұлы, тарихшы-ғалым Қайрат Анарбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тарихшы-өлкетанушы Жақсылық Сыдықбаев, ұстаз-ақын Құрал Көмеков, талантты сазгер Нышан Төлегеновтер кітапхананың әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, бала тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқтап, ақжарма тілектерін жеткізді.

Кітап — кітапхананың өзегі десек, оқырмандар кітапхананың діңгегі іспетті. Кеш соңы кең жайылған ақ дастарқанға ұласып, дастарқан басында келген қонақтар оқырман ретінде бір-бірімен ой бөлісіп, шер тарқатты. Зиялы қауым өкілдері тілек айтып, бата беріп, Арыстан арнайы ат арылтып келген қаламгер Тұйғынбек қажы Әлжігіт әруақтарға бағыштап құран оқыды. Тәлім-тәрбиесі мен өнегесі мол әрі жоғары деңгейде өткен салтанатты басқосудан көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

 

Әбдімәлік АҒЫБАЙ