Шымкент қаласында орналасқан Арнаулы кітапханада 13 қараша – «Халықаралық зағиптар күніне» орай кітапханадағы «Таланттар тоғысқанда» тифлотурне жобасы аясында талантты жастармен «Шыңдары шексіз шығатын…» атты кездесу кеші өтті. Шараның мақсаты – өнер мен білімді жандарына серік еткен ерекше топтағы жастарға қолдау көрсету болып табылады.
Кешке жас ақын, «Жүрек сөзі» жыр жинағының авторы Асылбек Қуанышқалиев, жас өнерпаз, «Қазақстан дауысы. Балалар» мега жобасының финалисті Мөлдір Базарбай, қолөнерші, «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы жанындағы мүгедектігі бар жандарға арналған «Веселые клубочки» тоқыма клубының жетекшісі Айгерім Нықан, М. Өтемісов атындағы БҚУ-нің «Вокалдық өнер» мамандығы бойынша 4-курс студенті Рысханым Дәріс, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, қобызшы, облыстық арнаулы мектеп-интернатының ұстазы, «Жұлдыз» комьюнити орталығының үйірме жетекшісі Руслан Башаев қатысты.
Сөз кезегін алған салалық басқарма басшылығының өкілі атаулы күннің маңыздылығы жайында тоқталып, мүгедектігі бар жандардың ел мәдениетінің дамуына қосып жүрген үлесі, өнер мен білімге құштар жастардың бүгінгі қарқынды беталысы жайында айтып, кештің сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Әрі қарай шара кеш кейіпкерлерінің өнер әлеміндегі қадамдары мен жетістіктері хақында сырлы сұхбатпен жалғасты.
Сонымен қатар, жастар өнерлерін ортаға салып, кеш көркін аша түсті. Жас ақын Асылбек Қуанышқалиев өз жыр-күймесінен өлеңдер оқыса, Айгерім Нықан өз қолынан шыққан бұйымдармен таныстырды. Ал, Мөлдір Базарбай жетіген аспабында ән шырқап, Руслан Башаев қобызда өзінің авторлық күйін орындап берді. Жас әнші Рысханым Дәріс те эстрада жанрында әуелете ән орындап, көпшіліктің ыстық-ықыласына кенелді.
Шара соңында кеш кейіпкерлері мәтіндері нүктелі-бедерлі қаріпте жазылған ән үзінділерін тауып, бірге шырқады. Сондай-ақ, жастар бедерлі-графикалық түрде шығарылған көңіл-күй эмодзилер (смайликтер) арқылы шарадан алған әсерлерімен бөлісті. Әсерлі кешке куә болған кітапхана оқырмандары өнер әлеміне қадам басқан талантты жастардың қадамдарына сәттілік тілесіп, шығар шыңдары биік болсын деген ниеттерін білдірді.
Сонымен қатар, шара барысында кітапхана қызметкерлері тағдыр тәлкегіне дес бермей, қаламынан талай тағылымды туындылар төккен қаламгерлердің шығармашылығы және өмір соқпағында теперіш көрсе де, арнасынан жаңылмаған, рухы мықты, қайсар күрескер жандар басты кейіпкерлері болып табылатын арнайы форматтағы кітаптарға енген шығармалар хақында әдеби композиция ұсынды.
Шараға кітапхана оқырмандарымен қатар «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы М. Ж. Кадырбеков, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Орал оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС-нің директоры И. Ғ. Хамзин, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының директоры Ж. Д. Құмарғалиева мен атаулы мектептің ұстаздары А. Д. Бекетаева , Р. Ж. Искакова және М. Өтемісов атындағы БҚУ «Кітапханатану және библиография» мамандығының студенттері қатысты.