КІТАП ОҚЫСАҢ, ТЕАТР МЕН КИНОҒА ТЕГІН БАРАСЫҢ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Кітапхана – мемлекеттің ұлттық негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен  материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан, кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек» деген болатын.

Шымкентте кітапханаға жиі келіп, көп  шығарма оқыған оқырмандар енді  театр мен киноны тегін тамашалап, мейрамхана мен жаттығу залына жеңілдікпен барады. Мұндай тың жобаны мегаполистегі Абай атындағы  орталықтандырылған кітапханалар желісі жүзеге асырғалы отыр. Рухани орталықтың кітапқұмар ұлт қалыптастыру жолындағы мұнан өзге де қызықты, әрі креативті бастамалары бар.

 Ботагөз Серікқызы Шымкент қаласындағы орта білім беретін мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Ол 30 жылдан бері кітапхананың тұрақты оқырманы. Алғаш  6 сыныпта оқитын кезінде келген еді. Содан бері күнделікті 3-4 сағат уақытын осында өткізеді. Кітапқұмарларды ынталандыру жобасы қолға алынса, енді қатарымыз көбейетін болды деп қуанады.

          Бұл оқырманды тек ой еңбегімен, кітап оқумен ғана шұғылдандырып қоймайды. Сонымен қатар кітап оқу арқылы театрға барып рухани өсеміз. спорт клубтарына барып ой еңбегімен қатар денемізді тәрбиелейміз,-дейді ол.    

          Жобаның мақсаты оқырмандарды ынталандыра отырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Рухани және интелектуалдық дамытудың көзі ретінде кітап оқуды насихаттау. Бұл  тарихымыздың  ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап,  оны дәріптеуге мүмкіндік береді.  Жоба бойынша оқыған кітап санына қарай оқырманға  бірнеше карта беріледі. WHIT картасын иелену үшін кітапханаға жылына 25, ал SILVER-ді алуға 50 рет келу керек керек.  Мұнан бөлек оқыған кітабына әлеуметтік желіде шолу жасауға міндетті. Алтын мен жақұт картаның талабы мұнан да жоғары. Соған сай жеңілдіктері де мол. Жобаға Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма тетары, опера және балет, әзіл-сықақ және сатира, қуыршақ және жасөспірімдер театры, орталық су спорт кешені, цирк пен зообақ демеушілік жасайды. Сондай-ақ кинотеатрлар желісі мен тамақтану орыны да   жобаға қолдау танытатады.

 Жұртшылықты қызықтырған тағы бір жоба «Кітап оқитын қала»  деп аталады. Қазір шаһардың бірқатар шағын ауданына қызғалдақ пішінді сөре  орнатылды. Көпшілік осында келіп, кітап алмасады. Кітапхана директоры Нүрилә Жұманова:

– Бұл жобамыз қарапайым тілмен айтқанда кітапқа екінші өмір сыйлау деп аталады. Қала тұрғындары оқыған кітаптарын ауладағы  сөрге апарып қояды. Осы туындыны оқығысы келетін азаматтар оны алып кете алады. Яғни халық бір-бірімен кітап алмасып жатады, – дейді.  

          Шымкент қаласындағы көше бойларына қойылған кітап пішініндегі   QR орындықтар да бүгінде көпшілікті елең еткізетін дүниеге айналды. Әрбір орындыққа бөлек атау берілген. Мәселен  олардың бірі  «Мәдениет мәйегі кітап» деп аталады. Мұнда Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» кітаптарының мұқабасы қойылған. Ал екінші орындық «Оқы, таны, талқыла» деген атауға ие. Мұнда жазушы Төкен Әбдіковтың туындылары бар. Көпшілік осындағы QR код арқылы кітапха желісіне жалғанып,  табиғат аясында жайланып отырып, қалаған кітабын  оқи береді.

          Бүгінгі таңда, Абай атындағы кітапханада 550 мың кітап қоры бар. Осындай креативті жобалардың арқасында мұндағы оқырмандар қатары екі жылдың ішінде 30 мыңға көбейіп, 100 мыңға жетті. Ал, келушілер саны  жарты миллионнан асқан. Ел Президенті ұлттық құрылтайда айтқандай озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу болмақ.