Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті еліміздің аумағында «Ұлттық құндылықтар: салттың сырлы бейнесі» атты кәсіби суретшілердің республикалық шығармашылық конкурсын жариялаған бұл туралы Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының фейсбуктегі парақшасы жариялаған
(https://www.facebook.com/share/p/1NE7NMFEuM/).
Конкурстың мақсаты – бейнелеу өнері туындыларының негізінде ұлттық құндылықтар мен мәдени нысандарды дәріптеу, отандық суретшілердің шығармашылығын қолдау және қоғамдағы патриоттық рух пен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру болып табылады.
Конкурстың міндеттері:
қоғамда қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен мәдени нысандарын дәріптеу;
суретшілерге шығармашылық туындыларын жасау кезінде ұлттық идеяларды сақтай отырып, өздерінің ерекше шығармашылық стилін көрсетуге мүмкіндік беру;
қоғамда отансүйгіштік сезімін дамыту, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру және қазақстандық мәдени қоғамды шоғырландыру;
жас ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарды насихаттау, тарихи-мәдени мұраға құрметпен қарау, дәстүрлі мәдениет үлгілерін жаңаша бейнелеуге бағытталған шығармашылық пікірталастар өткізу үшін белсенді арт-алаң құру.
Ресми хабарламаға қарағанда, конкурс 2024 жылғы 9 желтоқсан және 2025 жылғы 28 ақпан аралығында өткізіледі екен. Конкурсты өткізу қағидалары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің, Бейбітшілік және келісім сарайының, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мәдениет басқармаларының интернет-ресурстарында, сондай-ақ республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады деп жарияланған ресми құлақтандыруда.
Сондай-ақ, конкурстың тақырыптық бағыттарына сәйкес іріктеуден өткен жұмыстарға келесідей ақшалай сыйлықтар белгіленеді деп күтіліп отыр:
Көркем шығармалар: станоктық кескіндемеде пейзаж, натюрморт жанрларындағы дәстүрлі ойындар, мерекелер, әдет-ғұрыптар және жалпы қазақ тұрмысы тақырыбындағы сюжеттік картина:
1) Гран-При – 2 000 000 (екі миллион) теңге;
2) 1-орын – 1 500 000 (бір жарым миллион) теңге;
3) 2-орын – 1 000 000 (бір миллион) теңге;
4) 3-орын – 700 000 (жеті жүз мың) теңге;
5) ынталандыру ақшалай сыйлығы – 100 000 (жүз мың) теңге.
Конкурстың ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі. Конкурс тек кәсіби суретшілер арасында өткізіледі.