КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУДЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ 205 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында биыл жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудың нәтижесінде   бағасы 31,3 миллиард  теңге болатын 205 жоба жүзеге асты. Соның арқасында өңірде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны жасақталып отыр. Жыл соңына дейін тағы 138 жобаны іске асыру жоспарланған. Жалпы, бағасы  5 миллионнан 500 миллион теңгеге дейінгі жобаларды сүйемелдеу жұмыстары  кәсіпкерлік саласының дамуына оң ықпал етуде.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың  төрағалығымен өткен  апталық аппарат мәжілісінде   кәсіпкерлік саласындағы жоспарлар сараланып, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау шараларын жандандыруды және арнайы алаңдардың құрылысын жеделдету жайы сөз болды.

Өндірістік ғимараттар салу шағын және орта бизнестің өнеркәсіп бағытында дамуына серпін беретін маңызды бастама. Сондықтан, өндірістік ғимараттардың құрылыс жұмыстарын жеделдетіңіздер. Жергілікті кәсіпкерлерді тарту арқылы жаңа өндірістік жобаларды орналастыру жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Іс бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіңіздер. Жобалардың жыл соңына дейін іске қосылуын толық қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді облыс басшысы.

Бүгінгі таңда өңірде шағын және орта бизнесті дамыту  ісі негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Оның мібіріншісі, шағын және орта кәсіпкерлік саласында бизнес жобаларды жүзеге асыру. Екіншісі, шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау. Үшіншісі,  индустриялды аймақтарды дамыту. Төртіншісі өндірістік парктерді дамыту бағытындағы  жұмыстар. Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің мәлімдеуінше, шағын және орта кәсіпкерлік саласында 7 айдағы негізгі индикаторлық көрсеткіштер бойынша өткен жылдың  дәл осы мерзімімен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар.  Жыл басынан бері жүзеге асқан жобалардың ішінде Шардара ауданындағы бағасы 500 миллион теңге болатын «Наурызбай» шаруа қожалығының күріш өнімдерін өңдеу жобасы, Жетісай ауданындағы «Kasym ASES» ЖШС-ның мия тамырын қайта өңдеу зауыты және «Торегелды» медициналық мақта өндірісі, Қазығұрт ауданындағы «Түркістан Агросервис» ЖШС-ның сүтті қайта өңдеу зауыты, Ордабасыдағы «Steel Frame» ЖШС-ның металл өндірісі және «Түркістан Агросервис» ЖШС-ның сұйық мақта майын өндіру жобасы, Арыс қаласындағы «ЮГ транс сервис» ЖШС-ның вагондардың арнайы құрамдарын жөндеу кәсіпорны, Бәйдібек ауданындағы жеке кәсіпкердің қымыз және сүт өнімдері цехы  бар. Жыл соңына дейін олардың қатары  мақта тұқымын өңдеу зауыттарымен, түйіршіктелген жоңышқа өндірісі, ойын алаңын жинау зауыты, ауыл  шаруашылығы техникаларына агрегаттар шығаратын кәсіпорындар, пластикалық құбырлар өндірісі, полистер және бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорын, балық шаруашылығы, микробиологиялық тыңайтқыштар өндірісі, сүт өнімдерін өңдеу цехі, кондитерлік цехпен толығатын болады.

 

Облыста шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау шаралары да үздіксіз жүргізіліп келеді.  Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында биыл 181 жобаға жалпы 22,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, осы жылдың шілде айында кәсіпкерлер үшін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Бүгінде бағдарлама арқылы кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмыстары басталған.

Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту  мақсатында 20 индустриялды аймақ құрылды. Мұнан бөлек  шағын өндірістік парктер  де жұмыс атқаруда.  Бұл тұрғыда облысы әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданының іс-тәжірибесін өзгелерге үлгі етіп келеді. Бүгінгі таңда Сауран ауданында жеке кәсіпкерлердің  қаражаты есебінен 148 өндірістік ғимарат салынуда. Қазіргі таңда Шардара ауданы мен Түркістан қаласында өндірістік парктердің құрылысы басталды.  Өзге аймақтарда парк үшін жер телімдерін бөлу және әлеуетті кәсіпкерлермен келіссөз жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар,  Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өңір экономикасын әртараптандыру арқылы отандық өндірісті дамыту, импортқа тәуелдіктен арылу көзделген. Бүгінгі таңда бұл саланың нарықтағы импорт үлесі 80%-дан асады. Сондықтан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салу арқылы өнімнің отандық үлесін арттыру  негізгі мақсат болып отыр. Оған мүмкіндіктер де жетерлік.  Қағаз өндірісі саласында толық циклді өндіріс қалыптастыру шикізатты өндіруден бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.  Әзірге инвесторлар құрылыс материалдары шығару, ауыл шаруашылығына қажетті құрал-саймандар, өнеркәсіп жабдықтары өндіру салаларына да қызығушылық білдіріп отыр. Өндірістегі мұндай сналуандық өнеркәсіптік кластерді кеңейтеді, жұмыс орындарын ұлғайтады және өндірістік сапаны арттырады.

Әкімдік инвесторларға салықтық жеңілдіктерді, экспорт және логистика бағытындағы көмек көрсетуді, өндірістік ғимараттарды қамтамасыз етуді ұсынады. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы сияқты индустриалдық парктерде өндіріс үшін дайын инфрақұрылым бар және тиісті қолдау пакеттері жасалуда.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс аумағында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 214 мыңға жуық бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада 3 орынға тұрақтаған.