КӨНЕ САЙРАМНЫҢ БІР ТАМЫРЫ – ҰЛЫҚТӨБЕ МЕКЕНЖҰРТЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Қазіргі Шымкент қаласының аумағына өткен жерлердің ішінде ең көне археологиялық ескерткіштердің бірі – Ұлықтөбе мекенжұрты (поселение). Оның өмір сүрген кезеңін археолог, академик Б.Байтанаев біздің жыл санаудың басындағы І ғасырдан бастап, ХІІ ғасырларға жатқызады. Ғалымның пайымдауынша, бұл ескерткіш – көне Сайрам қаласының прото мекені болған.

Ұлықтөбе мекенжұрты Сайрам тұрғын алабының аумағында, оның орталығынан 1,4 шақырым батыста, Ұлықтөбе көшесінің бойында орналасқан. Орналасқан жерінің географиялық координаты 42°18’07.1″N 69°44’32.6″E. Ескерткіштің топографиясы екі бөліктен тұрады, Г тәрізді орналасқан. Шығыс жағындағы биік бөлігінің пішіні трапеция тәрізді, 100х50 метр, биіктігі 6-7 метр. Оның батыс тұсынан екінші бөлік іргелес орналасқан, бұнысының пішіні жіңішкелеу сопақша болып созылып жатыр, төбенің түбіндегі өлшемдері – 80х30 метр, биіктігі – 4,5 метр. Екі бөліктің түйіскен жерінде ұзына бойы ойық бар. Ескерткіштің оңтүстік-батыс жағын заманауи құрылыс жұмыстары бұзған.

Бұл археология ескерткіші туралы алғаш рет өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары П.П. Иванов жазған. Сол кезде ол Ұлықтөбе деп аталатын жасанды биік төбе ортағасырлық Сайрамның сыртқы қорғаныс қабырғасында орналасқан мұнараның қалдықтары болуы мүмкін екенін атап өтті. Ол байқаған қабырғаның көзге көрінер қалдықтары тікелей Ұлықтөбемен іргелес болған.

1947 жылы А.Н. Бернштамның жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Сайрам қалажұрты мен Сайрам қалажұртының маңайында жатқан ескерткіштерді зерттеді. Кейінірек сол экспедицияның қатысушылары Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич өз классификациясы бойынша бұл ескерткішті алаңқайы бар төбе типіндегі мекенжұртқа жатқызды.

1979 жылы ескерткішті Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отряды зерттеді. Негізінен қараханид кезеңіне тән ас әзірлеуге арналған, жылтыратылған ыдыстардың сынықтары түрінде табылған археологиялық материал жиналды, бұл «Жинақ» авторларына осы археологиялық нысанды VI-XII ғасырларға жатқызуға негіз болды.

2004 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы осы ескерткіште өз зерттеулерін жүргізді. Сол кезде Ұлықтөбе мекенжұртының стратиграфиясын зерттеу туралы шешім қабылданды. Антропогендік әсерден көбірек зардап шеккен ескерткіштің бір бөлігіне ұзындығы 7 метрге дейін, ені 2 метрге дейін, тереңдігі 6 метрге дейін шығыстан батысқа қарай бағытын бойлай стратиграфиялық қазба салынды.

Археологиялық жұмыстар барысында ескерткіштің сол учаскесінің стратиграфиясының келесідей сипаты анықталды. Траншеяның шығыс жағындағы жұқа шым қабатының астында қабырға бірден пайда болды, ол тығыз пахсадан қаланған екен. Қабырғаның шамамен бір жарым метр биіктігі сақталған, шеңбер және кесілген конус пішінді түрде болды. Бұл қабырғаны қалыңдығы бір метрлік борпылдақ сұр топырақ қабаты көміп жатты. Стратиграфиялық кесіндінің солтүстік қабырғасындағы сұр топырақ пен үстіңгі шым қабаты арасында тығыз кесекке айналған саздың жұқа қабаты нығыздалып тұр. Әлбетте, бұл қабырғаның жоғарғы бөлігінің құландысынан пайда болған үйінді. Қазбаның солтүстік қабырғасының бойында пахса дуалмен қабаттаса жиырма сантиметрлік қатты нығыздалған сарғыш түсті саздың қабаты бар, оның өзі қабырғаның қиюласа қаланған тұсынан ажырап тұр. Қазбаның оңтүстік қабырғасында жігі байқалмайды. Қазбаның солтүстік қабырғасында бұл дуалдың іргесі бесінші саты деңгейінде кеңейіп, сары саздың нығыздалған жұқа қабаты өтеді. Қабырғаның кірпіші мен оған қабаттасқан сазды қабаттың астында дуалдың өзі сияқты фактуралар, бесінші және төртінші сатылар деңгейінде күл мен көмір қалдығы бар жиырма сантиметрлік борпылдақ жер қабаты түріндегі өрт ізі жатыр.

Өрт қабатының астында қалыңдығы екі метрден астам монолитті емес сарғыш саз жатыр. V,VII, VIII сатылары деңгейінде құрамында жұқа ашық-сұр түсті күл қабаты бар. Қазбаның батыс шетіндегі осындай шөгінділері Ұлықтөбе мекенжұртының ең ерте сыртқы қабырғасына тіреледі.

Дуал өте қатты ашық-қоңыр түсті пахсадан тұрғызылған. Оның биіктігі 2 метрге дейін сақталған. Оның түбіндегі қалыңдығы 2 метрден асады. Қазбаның оңтүстік қабырғасының профилінен бұл дуалдың екі құрылыс кезеңі болғанын көруге болады. Бастапқы дуалдың қалыңдығы бір жарым метрден сәл асады. Оған сыртынан сұрғылт түсті пахсамен жөндеу жұмыстары қосылған.

Қазба кезінде табылған жәдігерлер көп емес. Негізінен керамика мен үй жануарларының сүйектері шықты. Бүтін пішіндісі жоқ. Қалпына келтірілген пішіндер бойынша олар екі хронологиялық кешенге: ерте және кеш кезеңдерге бөлінеді, сәйкесінше бірінші және екінші деп атайық. Ерте кешенге негізінен VIII-IX сатылардан алынған жәдігерлер жатады, олар борпылдақ жермен бірге күлді-көмірлі қабаттан тұрады және мекенжұрттың бірінші деңгейі болып табылатыны анық. Бұл топтың керамикасының барлығы қолмен жасалған. Ол ас дайындауға арналған және сақтауға арналған керамикалар деп бөлінеді.

Ұлықтөбе ерте кешенінің сақтауға арналған ыдыстарының ішінде бүйірі жалпақ үлкен кең мойынды фляганың сынықтары ерекше көрінеді. Оның манжет тәрізді ернеуі бар. Ыдыс сазына ірі құм қоспасы қосылған. Фляга қолмен жасалған және кей жерлерінде қою қоңыр түсті ангоб сақталған. Бұл кешенге IX сатыдан табылған қызыл саздан жасалған корчагтың үлкен сынықтары да кіреді. Оның шетінде кең ілмек тәрізді тұтқаның іздері болды. Жарықтандырылған бетінде қызыл-бозғылт ангоб тамшыларының іздері бар.

Ерте кешеннің ас дайындауға арналған ыдыстары қатарына көзенің түбі ұсынылған. Сынық бос, қою сұр, қара дерлік. Біркелкі күйдірілмеген. Сазына органикалық қоспа қосылған. Сондай-ақ, сынығы бөлінгенде қызғылт-сары болатын көзенің ернеуі бар. Сазы органикалық заттармен қопсытылған. Біркелкі күйдірілмеген. Сонымен қатар, осы қабатта өндірісі ұқсас технологиясы бар әртүрлі ас дайындауға арналған ыдыстар керамикасының аздаған фрагменттері табылды. Олардың барлығында біркелкі күйдірілмеген. Сазына органикалық заттар, ұсақ құм сирек қосылған.

Екінші топтағы керамикада типологиялық жиынтық анағұрлым мәнерлі. Бұл топқа біз негізінен I-IV сатылардан табылған фрагменттерді жатқыздық. Ол сатыдан құйылған сұр-сазды кішірек көзелердің сынықтары шықты. Сазына шамот пен ағаш жаңқалары қосылған. Олардың кейбіреулерінің беті тегістелген, ернеулері аздап ерекшеленеді, бірақ олардың барлығында дерлік тік мойындары бар. Олардың түбі тегіс. Қалыпталған ыдыстардың арасында ірі құммен қапталған отқа төзімді саздан жасалған жалпақ қуыруға арналған табақ сынықтары бар. Біз бірінші сатыдан табылған ашық-қызыл ангобпен жабылған тостағанға және көлденең қимасында үшбұрышты жоны бар тұтқаның түбінде сыртқа қарай тартылған құмыраның ернеуі фрагментіне тоқталамыз.

Құмыралардың сыртқы беті көлденең бұдырлана жабылған қабырғаның фрагменттерімен ұсынылған. Бұл құмыралардың созылыңқы ойығы бар кішкентай тік тұтқалары болды. Құмыралардың түбі құм себіліп қалыптанған, кейбір жерлерінде пышақпен түзетілген. Сонымен қатар, хумдардың қалың жасалған ернеулерінің фрагменттері табылды.

Бірінші топтағы ас пісіруге арналған ыдыстар Арал маңында, Сырдарияның орта ағысында және басқа аймақтарда негізінен б.з. бірінші мыңжылдықтағы материалдар арасында кең таралған және фляга мен корчаг туралы сөз айту қиын, бізге ерте кешеннің нақтырақ мерзімін бермейді.

Ұлықтөбеден шыққан фляганың жақын аналогтарын Сырдарияның орта ағысы материалдарының арасынан, атап айтқанда Ақтөбе-2 мекенжұртынан табамыз. Ақтөбе-2 флягасын сипаттай отырып, Л.М. Левина оған ұқсас колбалар біздің заманымыздың І ғасырындағы Сырдарияның орта ағысы, Бұқара, Ферғана, Ташкент, Талас алқабында және басқа жерлерде жерлеу материалдарымен бірнеше рет кездескенін атап өтті. Алынған барлық керамикалық кешеннің негізінде Л.М. Левина Ақтөбе-2 мекенжұртын біздің дәуіріміздің басынан (мүмкін, біздің заманымызға дейінгі I ғасыр) біздің заманымыздың III ғасырларына сәйкес келтірді. Ол Ақтөбе-2 мекенжұртының бүкіл кешенін Қауыншы-I және Қауыншы-II кешендерімен сәйкестендіріп салыстырады.

Бірінші және екінші топтағы керамикалар өндіріс техникасы, саздың құрамы жағынан ұқсас. Дегенмен, екінші топта құмыра дөңгелегі мен күйдіруді қолдануда көрсетілген кейбір өзгерістер байқалады.

Біздің заманымыздың I мыңжылдығындағы Қазақстанның оңтүстігіндегі жер өңдеуші және көшпенділер ескерткіштерінің зерттеушілері I-IV ғасырдың басындағы қыш ыдыстарға арналған алмұрт тәрізді пішіндердің басым болуын, станокты бұдырлаудың пайда болуын, арық тәрізді тұтқаның негізі бойымен келіп мойын сызығында орналасқан үшбұрышты ою-өрнегіне түйісетін ерекшелігі барын атап өтеді. Соңғы ерекшелік сол кезеңдегі мәдениеттің жергілікті айырмашылығының визит карточкасы ретінде қабылданады.

Бұл белгілердің барлығы Ұлықтөбе мекенжұртының екінші тобының қыш ыдыстарында бар, бұл I-IV ғасырлар қыш ыдыстардың сол тобын анықтауға және оны мекенжұрттың екінші өмір сүру кезеңімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Бірінші топтағы керамика, тиісінше, мекенжұрттың алғашқы өмір сүру кезеңіне жатады және біздің заманымызға дейінгі II-I ғасырларға жатады. Бұл комплекс, керамиканың екінші тобынан бұрын және Қауыншы-I кешенімен бір кезеңде болған.

Бір кездері Ю.Ф. Буряков Қауыншы мәдениеті дамыған бекіністі жүйесі мен монументальді құрылымдарымен сипатталатынын атап өтті. Ұлықтөбе мекенжұртында қабырға бұзғыш машиналарға қарсы күресті ескере отырып салынған мықты қорғаныс қабырғалары болды, бұл өз кезегінде осы пікірдің дәлелі болып табылады.

Кейінгі уақытта Ұлықтөбе XI ғасырдағы Испиджаб рабадтарына толығымен сіңіп кетті. Осыған орай, «Жинақ» авторлары табылған материал бойынша ескерткішті қараханид заманына жатқызды. Мекенжұрт Ұлықтөбе магистральді каналы бойында орналасқан, ол өз суын Сайрамсудың жоғары жағынан алады. Арық М.Е. Массонның сызған картасында көрсетілген. Н. Дингельштедтің айтуынша, арықты Жүнісқожа XVIII ғасырлардағы бірінші отыз жылдығында салған. Ұлықтөбе каналы одан әлдеқайда бұрын, мекенжұрттың пайда болу кезеңінде салынғаны және оның су артериясы болғаны анық. Кейінгі ортағасырларда оның ескі арнасы тек жаңартылып, тазаланып отырды.

 

Әдебиеттер

  1. Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселений и городов Южного Казахстана // Труды Института истории, археологии и этнографии Академии наук Казахской ССР. – Алма-Ата, 1958. – Т.5. – С. 3-215.
  2. Байпаков К.М., Подушкин А.Н. Памятники земледельческо-скотоводческой культуры Южного Казахстана (I тыс.н.э.). – Алма-Ата: Наука, 1989. – 160 с.
  3. Буряков Ю.Ф. Генезис и этапы развития городской культуры Ташкентского оазиса. – Ташкент: Фан, 1982. – 212 с.
  4. Дингельштедт Н. Опыт изучения ирригации Туркестанского края. –СПб.,1883. – 356 с.
  5. Иванов П.П. К вопросу об исторической топографии старого Сайрама // В.В. Бартольду: Туркестанские друзья, ученики и почитатели. – Ташкент, 1927. – С. 151-164.
  6. Левина Л.М. Керамика нижней и средней Сырдарьи в I тысячелетии н.э. – М.: Наука, 1971. – 250 с.
  7. Массон М.Е. Старый Сайрам // Известия Средазкомстариса. – 1928. – № 3. – С. 23-42.
  8. Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1994.– Т.I. – 368 с.