Көне Сайрам және Озған ата туралы деректер
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Көне Сайрамның киелілік қасиеті туралы сөз қозғағанда, жан-жақты дереккөздерді: жазбаша және ауызша деректерді сараптап, насабнамалық мәліметтер мен аңыз-әңгімелер астарындағы мәдени қабаттарға да мән беру маңызды. Мәдени қабаттар деген түсінік тек археолгиялық мәнде ғана емес, халық ауыз әдебиетінің де материалдарында қолдануға болады.
Қазіргі қолданыстағы ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 5-бабында тарих және мәдениет ескерткіштерінің бір түріне киелі объектілер де енгізілген. Ал, киелі объектілер деген терминге «айтулы тарихи оқиғалармен және аса көрнекті тұлғалармен, сондай-ақ халықтың рухани құндылықтарымен байланысты тарихи және есте сақтарлық жерлер, қолмен жасалған және табиғи ғибадат ету объектілері, ландшафттар, құрылысжайлар» деп түсінік береді. Демек, бұл түсініктің ішіне табиғи нысандар да, сәулет ескерткіштері де, тіпті тұтас жатқан қалаларды да ендіруге болады деген сөз.
Жалпы, ортаазиялық кеңістіктегі халық ауыз әдебиеттеріндегі деректерде «Жеті шәріп» деген сөз жиі кездеседі. ХІХ ғасырдың соңындағы Ә.Диваев секілді этнограф ғалымдардың мәліметінше, Түркістан өңіріндегі «Жеті шәріп», яғни жеті әулиелі жер, киелі орын дейтін ұғымға: Мекке шәріп, Мәдина шәріп, Бұқар шәріп, Шам шәріп, Қатым шәріп, Құддыс (Мысыр) шәріп, Кәләм шәріп (Құран) деп тармақтайды. Дәл осындай түсініктегі «киелі шаһар» мәнін – көне Сайрам қаласына да қолдануға жарап тұр.
Енді осы ойымызда сабақтап көрейік.
Қолымызға 2014 жылы «Қазыналы Оңтүстік» жинағымен жарық көрген «Сайрам аңыздары» деп аталатын еңбек тиді. Бұл еңбекті баспаға Мірахмет Мірхалдаров, Саттар Өмірзақов, Хамидулла Тәжиев бастаған ғалымдар дайындап, жинақтаған. Аталған еңбек ХІХ ғасырдың соңында Н.П.Остроумовтың басшылығымен жарық көрген, ғылымға «Трактаты о святых мадинаи аль-Баида и Исфиджабе» деп енген еңбек қой. Бұл еңбекте Сайрам мен оның округіне қарасты аймақта өткен пайғамбарлар мен әулие-әнбиелердің аты-жөні, атқарған шаруалары, артында қалдырған ізі туралы мәліметтер жан-жақты тоқталады. Сайрамда Ыдырыс, Нұх, Ескендір Зұлқарнайын, Қызыр, Ибраһим, Иса, Юша секілді пайғамбарлардың табан ізі қалғаны, олардан Жұма, Паллас, Жамиғ деген секілді ғибадат орындары мұра болғаны, Жүрмәлік, Салар, Тегінбас, Қарабурахан, Арсланхан, Сұлтан-Мансұр секілді патшалардың өткені, тіпті Мұхамед пайғамбардың Миғражға көтерілгенде Мәдинәт-ул Байзаны да аспанға көтеріп, сонда Жамиғ мешіті орнында 2 рәкәт намаз оқығаны туралы аңыздарды рет-ретімен келтіреді. Ал, Ислам дінін таратумен келген ІХ ғасырдан бергі осында алғаш табан тіреген мұсылман-миссионерлері, қолбасшыларынан бастап, ХІ-ХІҮ ғасыр арасындағы сопылар мен қазылардың жүзге жуық қабыр-түрбелері туралы деректер тәптіштеп түсіндірме берілген.
Осыншама әулие-әнбиелердің бір ғана Сайрам /Испиджаб округі төңірегіне топтаса жатуы – Көне Сайрам қаласының да скаральдік қасиетін арттыра түскен. Сондықтан да болар, сайрамдық Шайхул Ислам Раисиддин имамның «Егер, кімде-кім бұл қаланың бір қақпасынан кіріп, екінші қақпасынан шығып кетсе, оның ешбір күнәсі қалмайды. Осында бірер аш адамды тойдыратын болса, Меккедегі барша кедей-дәруіштерді тойдырғанмен тең. Кімде-кім бұл қалада өлетін болса, мүлде сұрақ-жауапты күтпейді» деген сөзін келтіріп, оған сенетіндердің қатары көп. Осы сөзді Сайрамның туристік ұранына айналдыруға да болады. Бұл сөзге бір нақты дәлелді қазіргі Сайрамның орталық мешітінің имамы Салахиддин мырзаның кабинетіндегі қабырғаға 130 әулие-әнбиенің тізімін іліп қойғанынан да аңдауға болар.
Көне Сайрам қаласы мен Испиджаб округіне Ислам діні алғаш ҮІІІ ғасырдағы Түркеш қағанаты тұсындағы (Аббасидттердің әскербасы Құтейбадан бастап) Атлах соғысымен байланыстырыла бастағанмен, негізінен ІХ ғасырдағы Саманидтер патшалығы тұсында жаппай ене бастады. Оның үстіне, Нух ибн Асадтың тұсында Испиджаб қаласы түркі халықтарымен арадағы шекаралық бекет қызметін атқарғандықтан, қазіргі тілмен айтқанда «арнайы экономикалық аймақ» ретінде танылып, барлық салық түрлерінен босатылған болатын. Мұндай артықшылақтар тек керуеншілер мен қолөнершілердің ғана емес, діни миссионер-дәруіштердің де қызығушылығын арттыра түсті. Осылайша, мұсылмандық дүниетаным бұл маңайға беки түсті. Одан кейін тарих сахнасына шыққан Қарахан қағанаты тұсында Ислам діні мемлекеттік дін ретінде ресми бекітіліп, Испиджабтың да діни рөлі арта түсті. Осы тұста бұрыннан қалыптасқан өзге діндердің ықпалды нысандары мұсылмандық бояумен қаныға түсіп, өң-келбетін өзгерте бастады.
Ислам діні тарала бастаған кезеңдегі Сайрам/Испиджаб өңірінің киелілік қасиеті қалыптасқан уақытын негізінен екі кезеңге бөліп қарауға болады. Оның біріншісі аңыздық деректердегі араб басқыншыларының әскербасылары мен миссионерлері (Ысқақ баб, Әбдел-Әзіз баб, Мірәлі баб, Мәлік шах, т.б.) өкілдері (ІХ-Х ғғ.) және екіншісі Ислам діні бұл өңірде қалыптасып, негізгі дінге айналған ХІ-ХІҮ ғасырлардың (Ибраһим ата, Қарашаш ана, Ақ ата, Шайқы Каландар, Сүзік ата, т.б.) өкілдері деп қарауға болады. Оның үстіне, бұл кезеңдегі тұлғалардың денін Қ.А.Ясауи өмір сүрген заманына, соның сопылық іліміне тығыз байланыстыра қаралады. Сондай-ақ, мұнда тек ясауия тариқаты ғана емес, бекташилер, нақышпандилер тариқатының өкілдері тарағаны жайында мәліметтер бар. Бұған қоса, көне Сайрам қаласында Исламның сүнниттік бағытындағы негізінен ханафи мектебінің канондары басты ұстаным болғанын, оған қоса кей аңыздардан шәфиғи масхабы ұстанымындағы қазылардың болғанын байқаймыз. Сондай аңыздардың бірінен 2006 жылы Нобель сыйлығын алған Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» кітабында кезігетін сюжеттерді де кездестіреміз. Бұл дегеніміз, Көне Сайрамның киелілік қасиеті тек Қазақстан, Орта Азия ғана емес, Стамбулға дейін ықпалы болған деуімізге себеп.
Қазіргі таңда Жамбыл Артықбаев бастаған тарихшы-этнограф ғалымдар Сайрам өңірін Ислам келгенге дейінгі кезеңде түрлі өркениеттердің ізі қалған киелі шаһар ретінде қарайды. Мұнда будда, манехеизм, христиан, зороастризм секілді әлемдік діндердің ізі бар. Бұл пайымды бүгінгі таңға жеткен Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнаме» дейтін шежірелік деректері нұсқаларынан мәлімет кезіктіруге болады.
Онда былай дейді: «Сариамда бір падшаһ бар еді. Аты – Көркөз ерді, лақабы – Нахибдар ерді. Сариам елі 160 мың үйлік тарса ерлі. 300 рустайісі бар ерді. Жұмласы тарса ерділар. …3 түні күн харб қылдылар. 10 мың тарса өлді, 5 мың мұсылманлар шаһид болдылар. Ол шаһид болғандардың ұлығы тубба-табиғин ерді. Ысқақ бабның аламдары аты – Әбд әл-Әзіз ерді. 70 йерінен оқ тегді. Сариам елінде шаһид болды. Уа тағы тубба ат-табиғинні Сариамда қойдылар. Ысқақ баб Нахибдарны Сулханға (Сауранға) қуа барды. 3 күні түн харб қылдылар. 30 мың тарса өлді, 7 мың мұсылман шаһид болдылар. Ысқақ баб Сулханда Нахибдарды өлтірділәр. Ислам ачылды. Мұсылмандық ашқара болып тарады. Анда кейін Ысқақ баб Қарғалықта 54 йыл падшаһлық қылды. Жұмла мұғ уа тарсаларны иманға дауат қылды» деген жолдарды оқимыз.
Бұл насабнаманың бірнеше нұсқасы бар, әр нұсқасында қаза тапқан тарса-мұғ қауымы мен мұсылмандардың саны және Нахибдардың Сайрамнан қашып барған жерін бір жерде Сауран десе, басқа нұсқасында Жент қаласын көрсетеді. Бұл жерде біздің негізгі тоқталып отырған дерегіміз – Көне Сайрам өңірін Ислам діні келгенге дейін мұғ және тарса деген қауымдар мекен еткенін бағамдаймыз. Тіпті, Нахибдардың аузынан «Мен жетпіс атамнан бері тарсамын, менің дінім дұрыс! Соғысамыз!» деген сөздің де шыққанын оқып қаламыз. Егер, сол сәттегі қамалдың ішіндегі адамдардың көзімен қарайтын болсақ, басқыншыларға қарсы күресте жергілікті дін ұстанушылар өздерінің рухани және материалдық мұрасы үшін қасиетті соғыс жариялағанын түсінеміз. Бұл жердегі «тарса» деген қауым аты – ортағасырларда осы өңірді мекен еткен несториандық бағыттағы христиандар болса, «мұғ» деген халық атауын ғалымдар зороастризм діні өкілдері екенін айтады.
Міне, осы деректен ұғатынымыз, қазіргі Сайрам төңерегіндегі Бибі-Мариәм, Юша пайғамбар, Нұх пайғамбар мен оның кемесі жайындағы Інжілдік кейіпкерлер және оқиғалар желісін сол қауымдардан қалған мәдени қабаттар деп түсінген дұрыс болар. Оған қоса, бұл кейіпкерлердің белгілері мен мазарлары көне қаланың қазіргі таңға сақталып жеткен Шахристан қорғанының сыртынан орын алуының өзі кейінгі Ислам дінінің зор ықпалы болғанын ұғынуға болар.
Жаңа сөзімізде «мұғ» тайпасы туралы насабнамалық деректерде кезігетінін айттық. Бұл мұғ, мық, мік, мұған, маг деп құбыла айтыла беретін қауым туралы ХІХ ғасырда өмір сүрген тарихшы Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамса» деп аталатын еңбегінен де жолықтыратынымыз бар. Ал, ортағасырлық авторлардың еңбектерінде «мұғ» тайпасы туралы түсініктемелер берілген. Қазіргі таңда ғалымдар «мұғ» қауымын зороастр дінін ұстанушыларға қатысты аталатынын айттық. Осы тұста ескеретін нәрсе, 1940-шы жылдары Сайрамнан Көксәйек бағытына қарай шыға берісінде жол салып жатқан құрылысшылардың қазба жұмыстары кезінде қызықты артефактілер табылады. Осы кезде «Жетісу» археологиялық экспедициясымен Г.И.Пацевич келе қалады да, оған құрылыс кезінде шахристанның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан үйінді төбенің сүріліп тегістелгені туралы хабар жетеді. Сүрілген топырақ кесіндісінде көптеген қаңқалар табылып, күл мен адам сүйектерінің қалдықтары бар ыдыстар шығады. Осыған сүйене отырып, Г.И.Пацевич мұнда зороастрлық рәсім бойынша төбеде жерлеу рәсімдері болған болуы мүмкін деген қорытындыға келеді. (Пацевич Г.И. Памятники междуречья Талас-Арысь // Материалы и исследования по археологии Казахской ССР: Труды Семиреченской археологической экспедиции: Таласская долина. – Алма-Ата, 1949. – Т.I. – 147 б.)
Мұндай зороастр дінін ұстанушылардың мекенжұртына (І-ІҮ ғғ.) ұқсайтын нысанды бүгінде Сайрамның өзеннен арғы бетіндегі жағалауда орын тепкен төбешіктен де байқауға болады. Қазіргі таңда ол төбешік үстінде Шайқы Камалиддин (Жомарт баб) кесенесі орналасқан. Бұл төбе бір кездері зороастр дінін ұстанушылардың ғибадат ететін немесе зиярат қызметіндегі киелі орын болып келіп, кейіннен исламдық ықпалдың нәтижесінде қиранды үйіндіге айналып, ол дінді ұстанушылардың орталығын жою үшін Сайрамдағы дін шайқыларының ең көрнекті тұлғасы – Шайқы Камалиддиннің жерленуі мүмкін. Тарих беттерінен бір қиратылған дүниенің орнына басқа қасиетті нәрсені орнатылған оқиғаларды жиі кездестіруге болады. Мысалы, Ұлықбек расытханасының қиратылған орнына мазарат салып жіберген оқиғаның басы тек ХІҮ-ХҮ ғасырларда басталмаған болар.
Көне Сайрам қаласы маңында байқалатын тағы бір қызықты діни-ғұрыптық орындар бар. Бұл орын көне заманның көшпенділерінің дүниетанымынан хабар беретін қасиетті жерлердің бірі болуы мүмкін екенін назарыңызға жеткіземіз.
Қазақтың көрнекті шежірешісі Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде көшпелі халықтың түсінігінде бар Озған пайғамбар туралы аңызды келтіреді. Ол ертеректе тоқсан екі баулы қыпшақтан шыққан батырлар Мұхаммед пайғамбарға сәлем бере барғанында өздерін «Озған пайғамбардың ұрпағымыз» деп таныстырғанын аңыз қылып келтірген. «Озған пайғамбар дегені – Уыз (Оғыз) хан екен. Киіз үйді сол Уыз хан жасатып: «Киіз туырлықты қазақ байдың баласы, Уыз үйлі» атанып жүрді» дейді шежіреші (Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, шығармалар жинағы, 8 том, 59 бет). Осы Озған пайғамбар туралы тағы басқа деректерді ф.ғ.д. Берікбай Сағындықұлының, фольклортанушы Шәкір Ыбыраевтың, тіпті дінтанушы З.Жандарбектің еңбектерінен де (жер бетіне келген 124 мың пайғамбардың біреуі деп пікір білдіреді) кезіктіруге болады. Ал, Сайрам өңірін зерттеп, топографиялық карталарға түсірген М.Е.Массонның 1925 жылғы еңбегінде осы аңыздардағы есімге ұқсас «Озған ата» деген жер атауы енген. Бұл Озған ата есімін «Сайрам аңыздары» жинағынан да өзгешеленген түрдегі ақпарат кездестіруге болады. «Сайрам аңыздарындағы нұсқа мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» еңбегіндегі Оғыз қаған аңызындағы кейбір сюжеттер ұқсастық беретіні тағы бар.
Осы тұста, насабнамалық деректердегі Нахибдардың Сайрамнан қашқанда Оғыз қағандығына қараған Сауран (Сулық) немесе Жентке қашуының себебін осы жерден аңдай түсетін сияқтымыз. Жалпы, фольклористикада этнонимдер мен кісі есімдері бірігіп жататын аңыздар мен эпостар туралы зерттеулер баршылық.
Біздің бүгінгі мақсатымыз – тоқталып отырған жайттардың түбіне жету немесе деректердің бәрін нақтылау емес, оған біздің бүгінгі баяндамамыздың да күші жетпейді. Бұл жерде айтпағымыз – Көне Сайрам қаласы мен оның айналасындағы киелі орындар Ислам діні ресми дін ретінде қалыптаспай тұрып та жергілікті халықтың, оның ішінде көшпелі халықтардың да қасиетті-сакральді орындарының қатарында болған деген пайымды құптағымыз келеді. Кейіннен ІХ-ХІ ғасырлардағы Ислам өркениетінің мектептерімен астаса келе өңі де, құндылығы да құбылып, бүгінгі таңға жетіп отыр дей аламыз. Ал, көне заманнан келе жатқан Сайрам өңірінің киелілік қасиеті Қ.А.Ясауидің өмірге келуімен одан да арта түсіп, сопылық ілімнің орталығына айналған деп топшылаймыз.
Осы орайда, халық жадында сақталып, тарихи-мәдени құндылығының бүгінгі таңға жетуі себепті, қазіргі Сайрам тұрғын алабының іші мен оның айналасында орналасқан киелі объектілерді зерттеп, ғылыми айналымға ендірсе деген тілектестік білдіремін. Олардың қатарында республикалық маңызы бар 6 сәулет ескерткішінен (Әбдел-Әзіз баб, Ибраһим ата, Қарашаш ана, Қожа-Салих, Мірәлі баб кесенелері және Қызыр мұнарасы) өзге: Қазы Байзауи, Сүзік ата (Мұстафақұл қожа), Бибі Ғияс ана, Қожа Қазы/Қожа, Мәшһүрат баб (Лутфулла Сайрами), Сарқалқа баб (Қожа Хамит Байзауи), Бибі Мәриям, Боздақ ата (Камаладдин Байзауи), Ақ ата (Шахабаддин Исфиджаби), Қыз әулие, Озған ата, Ботбай ата, Махмұтхан ата, Жолшы баб, Ғайып ата, Жомарт баб (Шайқы Камаладдин), Гөзал ата (Сұлу ата, Көз ата), Шах Каландар баб, Абдулла Қожа Сареми кесенелері және Жүсіп/Йуша пайғамбар белгісі секілді көпшілікке танымал 20 киелі объектілер бар.
Көне Сайрам мен оның киелілік қасиеті туралы айтарымыз көп. Дегенмен, ең маңызды деген түстарын електеп алып, орталарыңызда ұсынсақ деп едік. Қалғанын алдағы уақытта бір еңбек етіп шығарармыз деп үміттенеміз.
С. Дүйсебайұлы